Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Мақсат – қадағалау емес, қолдау көрсету» - АРҚА АЖАРЫ

«Мақсат – қадағалау емес, қолдау көрсету»

Ақмола облысы бойынша білім саласындағы бақылау департаменті мамандарының негізгі міндеті – білім беру ұйымдарының мониторингін жүргізу, білім беру мекемелерін аттестациядан өткізу, білім заңдылықтары мен басқа да құқықтық-нормативтік актілердің орындалуын тексеру, ұлттық бірыңғай тесттің дұрыс өткізілуін бақылау, білім беру ұйымдарын лицензиялау және оқу жетістіктерін сырттай бағалаудың дұрыс ұйымдастырылуын қадағалау болып табылады. Бұл жұмыстар сырт көзге елеусіздеу көрінгенімен, шын мәнінде зор жауапкершілік пен қажырлы еңбекті талап етеді. Осы орайда, жыл бойы атқарылған жұмыстарды қорытындылау мақсатында біз аталмыш департаменттің директоры Серік Алтаевпен кездесіп, әңгімелескен едік.

– Серік Табылдыұлы, оқу орындарында тексерулер қандай өлшемдер бойынша жүргізіледі?

– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміз әлемдегі елу озық елдің қатарына кіруді мақсат етті. Елбасының елге арнаған әрбір Жолдауында елдің дамуы үшін ең алдымен халықтың білім сапасының жоғары болуы қажеттігі айтылады. Білім саласындағы осы реформалар сол мақсаттарға жету үшін жасалып жатыр деуге болады. Осы жылдың тоғыз айында біз 60 іріктемелік және үш жоспардан тыс тексеру жүргіздік. Заңнамада көрсетілгендей, іріктемелі тексерулер білім беру ұйымдарын жазбаша түрде отыз күн бұрын хабардар ете отырып жүргізілді. Нәтижесінде облыстың алты мектебі мен бір колледжінде мемлекеттік білім беру стандарты бұзушылықтары анықталды. Мысалы, Біржан сал ауданының Яблоновка негізгі мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі жоқтығынан ағылшын тілі жүргізілмеген. Осындай кемшілік Есіл ауданының Ейск негізгі мектебінде де орын алған. Бұл мектепте химия және ағылшын тілі оқытылмаған, ал бесінші және жетінші сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетін балалар екінші тоқсаннан бастап қана оқи бастаған. Қ.Сәтпаев атындағы орта мектепте ағылшын тілі сабақтарында, Бурабай ауданы Ақылбай ауылының орта мектебінде оқушыларды кіші топтарға бөлу бөлігіндегі мемлекеттік білім беру стандартының талаптары сақталмаған. Аршалы кентінің №4 Агротехникалық колледжінде «Химия» пәні жүргізілмеген.

– Кадр тапшылығы, әсіресе, шалғай ауылдардағы өзекті мәселелердің бірі екендігі белгілі. Бұл жағдай біздің өңірде ғана емес, өзге облыстарда да бар. Қалай дегенмен де, балаларға сапасыз білім беруге болмайды. Осы тығырықтан қалай шығамыз? Жалпы, бұдан басқа оқу орындарында тағы қандай кемшіліктер байқалуда?

– Тексеру барысында біздің мамандар орта білім беру ұйымдары қызметінің типтік ережелерін бұзғанын анықтады. Тиісті білімі жоқ немесе диплом бойынша мамандығы оқытылатын пәнге сәйкес келмейтін тұлғалардың педагогикалық қызметіне рұқсат жоқ. Бұндай жағдайлар 29 мектепте және бір колледжде тіркелген. Сонымен қатар, шағын кешенді мектептерде сабақ беретін пән бо-
йынша қайта даярлаудан өту туралы сертификаттар ескірілгендігін атап өту қажет. Сондай-ақ, алты мектепте жарғылардың мазмұнының Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының талаптарына сәйкес келмеуі анықталды. Ақкөл, Аршалы, Бурабай, Ерейментау және Зеренді аудандарындағы сегіз мектепте және Аршалы кентіндегі №4 Агротехникалық колледжде оқу жұмыс жоспарларының үлгісіне сәйкессіздігі анықталды…

– Ал, материалдық-техникалық базамен, оқулықтармен қамтамасыз етілу мәселесі қалай шешілген?

– Біліктілік талаптарын бұзудың 14 фактісі тіркелген. Бес мектепте спорт залдары жоқ, алты мектепте зертханалық жабдықтар жеткіліксіз. Бұл ретте көптеген мектептер зертханалық және практикалық жұмыстарды орындау үшін ақпараттық цифрлық білім беру ресурстарын – электрондық оқулықтар, дискілер, бейнематериалдарды белсенді пайдаланады…

– Бұл кемшіліктерге жол бергені үшін кім жауапты?

– Осыған байланысты 71 әкімшілік іс қозғалды, оның ішінде жеті лауазымды тұлғаларға қатысты іс қаралды, тәртіп бұзушыларға қатысты қаулы шығарылды, білім беру ұйымдарының басшыларына және заңды тұлғаларға айыппұл салынды, олардың 64-інің білім беру қызметіне лицензиясының қолданысы 6 айға дейін тоқтатылды. Заң бұзғандардан 4 797 975 теңге айыппұл өндірілді. Сондай-ақ, үш жоспардан тыс тексеру жүргізілді, онда бұрын бұзушылықтар анықталған Ақтасты бастауыш мектебінде және Аршалы ауданының №4 Агротехникалық колледжі, сондай-ақ, Целиноград ауданының Қызылжар орта мектебінде орын алған кемшіліктер жойылды.

– Білім сапасын бақылау департаменті оқу орындарына лицензия берумен айналысады. Бұл салада қандай жұмыстар атқарылды?

– Ағымдағы жылдың 9 айында біз облыс колледждеріне 12 лицензия бердік, 5 лицензияны қайта рәсімдедік, 116 жағдайда лицензия беруден бас тарттық. Лицензия беруден бас тартудың негізгі себептері – оқу орнының біліктілік талаптарына, оның ішінде оқу жоспарларының үлгілік, оқу әдебиеті қорының-мемлекеттік білім стандартына сәйкес келмеуі, білім беру қызметінің сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін материалдық базаның болуын растайтын құжаттардың заңнама талаптарына сәйкес келмеуі сияқты олқылықтар бар. Біздің басқармамыз айналысатын тағы бір қызмет түрі – бұл құжаттарды, дипломдарды, аттестаттарды, анықтамаларды, оқу бағдарламаларын, сертификаттарды және т.б. апостильдеу, яғни, Гаага Конвенциясына сай басқа елдерде пайдалану үшін Қазақстанда берілген құжаттардың түпнұсқалығын куәландыру. Осы жылы біздің департаментке осындай 105 өтінім берілді, 83 құжат Чехия, Польша, Австралия, Австрия, Греция, Германия, Корея, АҚШ және басқа да әлем елдері үшін апостильденген.

– Жалпы, Сіз басқаратын департамент өз жұмысына кіріскеннен бері білім саласында кездесіп жүрген көптеген кемшіліктер жойылғандығын байқаймыз. Жасырары жоқ, аталмыш департамент қызметкерлері қандайда бір білім мекемесіне келгенде жақтыра қоятындар көп болмас. Әділдіктің ақ туын жықпай жүрген жандарға жалпы, қоғамның көзқарасы қандай?

– Біздің басты мақсатымыз – қадағалау емес, қолдау көрсету, тәртіп бұзушылыққа жол бермеу. Сондықтан, біз өз жұмысымызда мектеп және колледж қызметкерлерімен үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Ауданда педагогтармен, білім беру ұйымдарының басшыларымен, әдістемелік кабинеттердің, аудандық білім беру бөлімдерінің қызметкерлерімен кездесеміз. Білім берудің жаңартылған бағдарламасын, ҰБТ мен мұғалімдерді аттестациялаудың жаңа форматын түсіндіреміз, нормативтік-құқықтық базадағы және тағы басқа өзгерістер мен толықтырулар туралы айтамыз.

– Сөз түйінінде, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында білім беру саласының қызметкерлеріне айтар тілегіңіз қандай?

– Бірінші кезекте, әрине, кәсіби біліктілікпен ұштасқан шығармашылық жұмыстарына шалқар шабыт пен зор табыс тілеймін. Еліміз Қазақстан жылдан-жылға көркейіп, жасай берсін.

– Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбатты жүргізген Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.
«Арқа ажарының өз тілшісі».
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар