2018 жыл, 29 желтоқсан. Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың қатысуымен өңірде «Рухани жаңғыру»
бағдарламасын жүзеге асыру барысы және 2018 жылғы әлеуметтік сала дамуының қорытындылары шығарылып, еңбекте және қоғамдық жұмыста белсенділіктерімен көзге түскен мәдениет, білім саласының қызметкерлері, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне марапаттар тапсырылды.
Жиналғандарды алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаған Айна Мысырәлімова өз сөзінде биыл облыстың әлеуметтік сала еңбеккерлері табысты жұмыс істегендігін ерекше атап өтті.
– Елбасының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында облысымызда айтарлықтай жұмыстар атқарылды, – дей келе, Айна Мысырәлімова «Қазақстанның киелі жерлері» картасына он нысанның енгізілуі, «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының ұйымдастырылуы, «Ескерткіштер сыр шертеді» пилоттық жобасы шеңберінде өңірдегі киелі тарихи және мәдени ескерткіштерге QR-код орнату сияқты «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылған әр жоба мен қол жеткізген жетістіктерге жеке-жеке тоқталды.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары осы жетістіктердің бәрінде әлеуметтік сала еңбеккерлерінің үлесі зор екендігін ерекше ауызға алып, шынайы алғыс сезімін білдірді. Бұдан кейін белсенділіктерімен көзге түскен мәдениет, білім саласының қызметкерлері, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін Алғыс хатпен марапаттап, Жаңа жылдық сыйлықтар үлестірді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.