2018 жыл, 29 желтоқсан. Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Көкшетау қаласындағы Тәуелсіздік алаңында учаскелік полиция мен жол-патрульдік полициясы батальонының қызметкерлеріне су жаңа 20 қызметтік автокөліктің кілтін табыс етті.
Бүгінгі таңда қоғам дамуының басты кепілі – ондағы тыныштық пен тәртіптің сақталуы екені белгілі. Осы орайда, облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мойындарына алған жергілікті полиция қызметінің қызметкерлеріне зор сенім артылып отыр. Осыны тілге тиек еткен өңір басшысы тәртіп сақшыларының материалдық-техникалық базасы жақсартылып келе жатқанын атап өтті.
– Бүгінгі күні полицейлерге ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Ақмола облысының тәртіп сақшылары Елбасының алға қойып отырған міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Соңғы уақытта облыс әкімдігі тарапынан жергілікті полиция қызметінің материалдық-техникалық жағынан қамтылуына барынша қолдау көрсетіліп келеді, – дей келе, облыс әкімі Көкшетау қаласы бойынша учаскелік полиция және жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне 20 жаңа қызметтік «Нива» автокөлігінің кілтін табыс етті. Сонымен қатар, аймақ басшысы алдағы уақытта да осындай игі істердің жалғасын тауып, мемлекеттік органдардың автопаркінің нығайтыла беретінін атап өтті.
Шара соңында сап түзеген сақшылар мен жаңа қызметтік көліктердің шеруі ұйымдастырылды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.