«Педагогикалық идеялар көкжиегі» тақырыбы бойынша республикамызда тұңғыш рет өткізілген осындай байқауда облысымыздың бес бірдей мұғалімі жүлдегер атанды.
– «Өрлеу» педагог кадрларының біліктілігін арттыру Ұлттық орталығы ұйымдастырған байқау жауапкершілігі салмақты еді, – дейді бірінші орын иегері, Атбасар ауданындағы «Еркежан» балалар бақшасының тәрбиешісі Нина Сахнова. Мен бұл бәсекеге «Ғарышқа саяхат» тақырыбында бейнесабақ да-йындап, балалармен қызықты ойындар өткіздім. Қазылар алқасы еңбегімді жоғары бағалағанына ризамын. Алдағы уақытта бұл қанатқақты жобаны аудан аумағындағы әріптестеріме таратсам деген ойым бар.
Байқауға республика өңірлерінен 21 аталым бойынша инновациялық технологияға негізделген 63 бейнесабақ пен бейнеролик іріктеп алынды. Аталған жұмыстар «Өрлеу» орталығының порталына орналастырылғандықтан, оны бағалауға еліміздің барша тұрғындары қатысуға мүмкіндік алды. Осының өзі сын салмағын арттыра түседі.
Әйткенмен, байқау болған соң, жүлдегерлер де болатыны айқын. Бұл құрметке Көкшетау қаласындағы «Таңдау» гимназиясының мұғалімі Қуаныш Ыбыраева, Степногорск қаласынан Александр Кинцель, Көкшетаудағы №6 мектептің мұғалімі Акбар Бейсембаев, Атбасардан Кристина Пролубникова ие болды. Жерлестеріміздің ІТ-еңбектері республикалық бейнесабақтар базасына енгізіледі.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.