қарапайым қолөнер шеберінің қолынан шығады
Ертеректе сақар қайнатып, кір сабын жасапты дегенді естуші едік. Ал, қазіргі уақытта қолы епсекті адамның ешбір технологиялық құрылғысыз иіс сабын шығаруы өзгеше өнер екені даусыз.
Көкшетау қаласында тұратын Елена Самсонова сан алуан хош иісті сабындарды 10 жылдан бері жасайды екен. Негізгі мамандығы – психолог. Алайда, мақсат еткен ісінен мұрат табатынына көзі жеткен соң осы кәсіпке көңілі құлаған.
–Бәрі бала күтіміне орай демалысқа шыққан сәтімнен басталды,–дейді Елена Самсонова,–әуелі сабын дайындау тәсілдерін ғаламтордан іздеп таптым. Бірден көңілімді аулағаны. Індете зерттедім. Біртүрлі аңсарым ауып кеткені.
Жаңа кәсіп қызықты болып көрінген. Тіпті өзіне тартып, баурап алып кеткені. Қолы жаттыға келе иіс сабындарды әртүрлі етіп қалыптап, қилы пішінде жасайтын болды. Жасаған затыңның сыртқы кейпі де жұтынып тұруы керек қой.
–Түрлі-түсті бояу, иістендіргіш қажет,–дейді шебер,–сапасы да жаман емес. Ешбір химия жоқ. Негізгі шикізатын Ресейден алдырамын.
Сөреде тұрған сабындар сабын емес, сан алуан ойыншықтар тәрізді. Мына біреуі қорбиған қонжық, сүп-сүйкімді күшік, тіпті жеміс-жидектер бейнесіндегілері де толып жатыр.
–Елена бұл төңіректегі қолдан сабын жасайтындардың тұңғышы,–дейді «Палитра Синегорья» бірлестігінің жетекшісі Елена Андроняк,– өзімнің де кішкентайым бар. Ойыншық сабынмен жуындырсақ сондай оңай. Бала қызығады. Бала түгіл үлкендердің өзін еліктіреді екен.
Қолөнер шебері келешекте косметикалық бұйымдар да шығармақ. Несі бар, қолынан келуі әбден мүмкін.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.