Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының
«Білім» бағыты бойынша партия кураторы өңірлік комиссиясының кезекті отырысы өтіп, онда жалпы білім беретін мектептерде оқушыларға тегін ыстық тамақ беруді ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Отырысқа «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов, облыстық мәслихаттың депутаты Әсен Жақсылықов, облыстық білім басқармасының және Көкшетау қаласындағы орта білім беру мекемелерінің басшылары қатысты.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазовтың айтуынша, 2018-2019 оқу жылында облыс бойынша барлығы 560 жалпы білім беру мекемесі тіркелген. Оның 555-і жергілікті атқарушы органдардың басқаруында болса, бесеуі облыстық мектеп интернат. Қазіргі таңда 555 мектептің 479-ында немесе 86,3 пайызында ыстық тамақ беру ұйымдастырылған. Атабасар, Есіл, Егіндікөл, Жақсы, Жарқайың аудандары мен Көкшетау және Степногорск қалаларындағы жалпы білім беру мекемелеріндегі оқушылар толық ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету дені сау ұрпақ тәрбиелеуде аса маңызды мәселе болып отырғанымен, кейбір аудандарда бұл жұмыстар әлі де көңіл көншітпейді.
Басқарма басшысы орынбасарының сөзіне сенсек, Астархан, Ақкөл, Бұланды, Бурабай және Зеренді аудандарында жергілікті атқарушы билік аз қамтамасыз етілген отбасының балаларын ғана толық ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отыр. Ал, жалпы көрсеткіш бұл аудандарда ақсап тұрған жайы бар. Тіпті, Астрахан ауданындағы Толқынкөл ауылындағы негізгі мектепте оқитын 13 оқушы ыстық тамақпен қамтылғаны анықталып отыр.
Осы орайда, баяндамашыдан бірқатар аудандардағы кейбір мектептерде ыстық тамақпен қаматамасыз етудің дұрыс ұйымдастырылмай отырғанының себебін сұраған «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов құрғақ сандарды тізбелегеннен гөрі, осының нақты себептерін анықтап, оны шешу жолдарын қарастыру қажеттігін атап өтті. Әсіресе, мәслихат сессиясында бюджет талқыланатын кезде білім басқармасы тарапынан осы мәселенің де күн тәртібіне қойылуы қажеттігін ескертті.
Сонымен қатар, жиында ыстық тамаққа қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар, осыған қатысты нормативтік құжаттар және оқушылардың нәрлі тағамдармен тамақтану мәселелері де талқыланды.
Мәселен, өткен жылы Көкшетау қаласындағы мектептерде бір бала ыстық тамақ үшін тәулігіне 172 теңге жұмсаса, қаланың 2019-2021 жылдарға арналған бюджетінде бұл сомма 235 теңге болып бекітілді. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің 2017 жылғы 22 ақпандағы №76 бұйрығына сәйкес қала мектептерінде ата-аналар комитетінің, білім мекемелерінің басшылары және медициналық ұйымдардың қызметкерлерінің қатысуымен тағам сапасына мониторинг жүргізіп отыратын арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеуде. Бұған қоса, білім беру бөлімінің жанынан ведомстворалық сарапшы топ құрылды. Аталмыш топ өткен жылдың қазан және желтоқсан айларында облыс орталығындағы №2, №3, №4, №5 және №8 орта мектептерде тағам сапасына байланысты тексеріс жүргізіп мектеп сайттарында ас мәзірі мен есептің жоқтығын анықтап, бірқатар ескертулер жасаған.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.