Елімізде ауылдық округтер қызметін жетілдірудің озық жолдары қарастырылып, қанатқақты жоба түрінде тиімділігін көрсетуде. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін екі деңгейде реформалауды қарастыратын «Қазақстан Республикасында өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы» Елбасы Н.Назарбаевтың 2012 жылғы қарашадағы Қаулысымен бекітілді. Бұл үрдіс үнемі жетілдіру үстінде болғанын жұртшылық жақсы біледі. Мұндағы үлкен жаңалық тұрғындар белсенділігін жандандырып, ауылдық округтердің дербестігін қамтамасыз етуге бағытталған бюджет саясаты екендігі анық. Біз осы орайда, Сандықтау ауданының орталық қонысындағы Балқашын ауылдық округінің әкімі Жарқын Омарғалиевпен кездесіп, төртінші деңгейлі бюджеттің орындалу барысы туралы айтып беруін өтінген едік.
– Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту және жергілікті басқару органдарының рөлін арттыру мақсатында ҚР бюджет кодексінің 243-4,
1-ші тармағына сәйкес, тұрғындар саны 2000 адамнан асатын ауылдардың өзін-өзі қаржыландыруы енгізілді, –
дейді Ж.Омарғалиев. Осы негізде Балқашын ауылдық округі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жоғарыда аталған заңдық нормативтерге сәйкес, өзін-өзі қаржыландыру, яғни, төртінші деңгейдегі бюджетке өтті. Жергілікті атқарушы органның есеп шотына 2018 жылы түсетін салық көлемі аудандық мемлекеттік кіріс комитеті және қаржы бөлімімен бірлесе отырып есептелді.
Біз, сонымен бірге, оқырмандарымызды ауыл әкімдігінің қолданыстағы тәртіп бойынша белгіленген салық түрлерінен хабардар еткенді жөн көрдік.
Міндетті төлемдер
1. Төлем көзінен салық салынбайтын, табыс бойынша жеке тұлға салығы (ЖТС).
2. Жеке тұлғаның мүлік салығы.
3. Жеке және заңды тұлғалардың елді мекендеріндегі жер салығы.
4. Жеке және заңды тұлғалардың көлік салығы.
5. Сыртқы жарнаманы орналас-
тыру үшін өтем.
Салықтық емес түсімдер
1. Әкімдер белгілеген айыппұлдар.
2. Жеке және заңды тұлғалардың ерікті жарналары.
3. Коммуналдық меншіктен түскен табыс.
Өзге де салықтық емес түсімдер
1. Негізгі капиталды сату.
2. Аудандық бюджеттен бағытталған трансферттер ауылдық округтің есеп шотына аударылып, ауыл қажетіне жаратылады.
Осы ретте, жинақталған қаржының жұмсалуы туралы біздің сұхбаттасымыз төмендегі жағдайлардан хабардар етті.
– 2001 жылдың 23 қаңтарындағы «ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 39-3 бабына сәйкес, 2017 жылдың қараша айында, 2018 жылға арналған бюджетті қарастыру жайында қоғамдық жиын өткізіліп, арнайы бағдарлама қабылданды, – деді ауыл әкімі Ж.Омарғалиев. Сол қабылданған бағдарлама негізінде былтырғы жылдың тоғыз айы көлемінде ауыл округінің есеп шотына түскен қаражаттың 40 пайызына жуығы жергілікті өзін-өзі басқару аппаратының қажетіне жұмсалды. Мұның ішіне қызметкерлердің еңбекақысы, байланыс қызметі, коммуналдық қызмет, жанар-жағар май, түрлі салықтар және басқалары жатады.
Сондай-ақ, бюджет қаржысының 6,5 пайызы ауыл көшелерін абаттандыру мен көркейтуге, 5 пайызы көшелерге жарық беру құралдарын орнатуға жұмсалды. Бұған қоса, қоғамдық жиын мүшелерімен келісе отырып, басқа да қажеттіліктерге жұмсалған қаржы тіркелген. Сонымен бірге, 2018 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап аудан орталығындағы екі балалар бақшасы ауылдық округтің балансына алынып, республикалық бюджеттен субвенция арқылы қаржыландырылып келе жатқанын айта кету керек.
Біз кездесу соңында ауыл әкімінен төртінші деңгейдегі бюджеттің тиімділігі мен келешекте ескерілер мәселелер туралы жеке пікірін білдіруін сұрағанбыз. Өтінішімізге орай мынадай жауаптар алдық.
Тиімді жақтары:
1.Ауыл округінің есеп шотына түскен қаржыны сол ауылдың тұрғындары өздері шақырған қоғамдық жиында ақылдасып, қай салаға қаражат жұмсалуы керектігін дербес шешеді.
2.Жергілікті басқару органдарының өз ауылдық округіндегі бірінші кезектегі мәселелерді шешуге мүдделі болатындығы.
3.Жергілікті басқару органдарының мәртебесі мен тұрғындардың қоғамдық белсенділігін көтеру және басқалар.
Ескерілер мәселелер:
Жеке және заңды тұлғалардың көлік салығы ҚР заңдарына сәйкес, әр жылдың 31 желтоқсанына дейін төленеді және ауылдық округ бюджетінің 55-60 пайызын құрайды. Жергілікті азаматтар көп жағдайда салық төлеуді жыл соңына қалдырады да бюджетке салық қажетті уақтында түспейді.
Ал, мүлік салығы мен жер салығын бірге қосқандағы жиынтық бюджеттің 3,5-4 пайызын құрайды. Бұл ауылдық округтің бір айлық шығынын да жаппайды. Осыдан келіп, қабылданған бағдарламаларды дер кезінде орындау қиынға түседі.
Ауылдық округ әкімінің аталған пікірлерімен қосылуға болады. Әйткенмен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын дербес қаржыландыру бұрын болмаған жағдай және оның қолдау табатынын жыл ішіндегі тәжірибе көрсетіп отыр. Ал, кез-келген істің үнемі қозғалыста болатындығы сияқты, қанатқақты жобаның жетілдіріліп отырылатындығы да заңды құбылыс.
Бақберген АМАЛБЕКОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Сандықтау ауданы.