Ұлы даланың қорғаушысы

Аршалы ауданындағы №3 Аршалы орта мектебінің педагогикалық ұжымы мен оқушылары 2018-2019 жаңа оқу жылын үлкен бір өрлеу үстінде өткізуде. Бұрын да білім ордасының жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолындағы ізденісі ойдағыдай еді.

Ал, биыл осы парызымызға мына бір қуанышты жағдай үлкен серпін беріп отыр. Бәрін басынан бастасақ, осыдан үш жыл бұрын алғаш рет мектебімізге көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ халқының біртуар перзенті, өз ауданымыздың тумасы Жұмабек Тәшеновтың есімін беру туралы мәселе көтерген едік. Содан бері елді мекендер мен көшелердің және мекемелердің жаңа атаулармен аталуына жарияланған мораторийге байланысты ұстаздар қауымының бұл ұсынысы кейінге қалдырылып келді.
Дегенмен, «игіліктің ерте-кеші жоқ» демекші, даңқты тұлғаның туғанына 100 жыл толуына байланысты 2015 жылы облыстық ономастикалық комиссияға келіп түскен және осы комиссияда мақұлданған аталмыш ұсыныс ақыры, жоғары жақтан қолдау тауып, 2018 жылдың аяғына қарай «Ақмола облысы Аршалы ауданы білім бөлімінің «№3 Аршалы орта мектебі» мемлекеттік мекемесін «Жұмабек Тәшенов атындағы орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі етіп қайта атау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 23 қарашадағы №785 Қаулысы шықты.
Сөйтіп, жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілген бұл қаулы жалғыз №3 Аршалы орта мектебінің оқытушылар мен оқушылар ұжымын ғана емес, сонымен бірге, ауданның бүкіл тұрғындарын үлкен қуанышқа бөледі, сөйтіп, Жұмабек Тәшенов ағамыздың сол бір Хрущев заманындағы сындарлы тұста өзінің елден ерек өжеттігімен басын қатерге тіге отырып, Қазақстанның солтүстік бес облысын Ресейге қосылып кетуден аман алып қалған ерлігін саналарында жаңғыртумен келе жатқан бүгінгі аршалылықтардың рухы ерекше бір көтеріліп қалды.
Дәл қазіргі уақытта еліміз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы арқылы өткенге жаңаша көзқараспен қарап, тарихымызды, оның түп-тамырын білуге ерекше құлшыныс танытып жатқандығы белгілі. Елбасының «Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек» деген сөзі Ұлы даланы мекендеген қасиетті халқымызға қарата айтылса, сол Ұлы даланың үлкен бір шұрайлы бөлігін озбырлықтан қорғап қалған Жұмабек Тәшенов сияқты асылдарымыздың есімі әрине, мәңгі-бақи халық жадында ұсталуы тиіс.
Міне, өңірімізде осындай бір көптен күткен жақсылық болып, мектебіміздің Жұмабек Тәшеновтың ардақты есімін иеленуіне шын жанашыр болған облыс басшылығына білім ордасының ұжымы мен ата-аналар тарапынан айтар алғысымыз шексіз. Бұл игі іске облыстық тілдерді дамыту басқармасының да сүбелі үлес қосқанына ризамыз. Ата-баба аманатына адал даңқты жерлесіміз Жұмабек Ахметұлы Тәшеновтың аяулы есімі ендігі жерде ауданымыздағы үлкен түгілі, жүрегі қазақпын деп соққан кішкентай жеткіншектерімізге дейін үлкен дем, жігер беретініне кәміл сенімдіміз.
Жұмабек Тәшенов атындағы
№3 орта мектеп ұжымы және оқушылардың ата-аналары.
Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар