Атбасар қаласында аса көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің туған күніне орай, аяулы жерлесімізді еске алуға арналған салтанатты митингі өтті.
20-шы ғасырдағы қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, аса көрнекті жазушы І.Есенберлиннің туғанына биыл 104 жыл толады. І.Есенберлиннің қазақ әдебиетіндегі «Көшпенділер» және «Алтын Орда» тарихи романдары бүкіл дүниежүзіне танымал.
«Ілияс Есенберлиннің айтқан дана сөздерінің барлығы ақиқатпен үндеседі. Ол қазақ рухани қоғамының, әсіресе, мемлекетшілдік түйсіктің қалыптасуына айрықша үлес қосқан адам. Шығармашылығы арқылы қазақ әдебиетіне жаңа леп әкеліп, халқына рухани дем берді. Сондықтан, бүгінгі ұрпаққа оның еңбектерін жеткізу маңызды», – дейді аудан жерлестері.
Аудан орталығында орналасқан І.Есенберлиннің ескерткіші маңында өткен митингке аудан ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер және мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысты.
Шарада аудандық «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сайлау Басманов, І.Есенберлиннің әдебиет мұражайының меңгерушісі Ұлболсын Қамбатырова жазушы туралы жылы лебіздерін арнаса, жергілікті ақын Сәрінжіп Дайыров пен Атбасардағы №8 орта мектептің 6 сынып оқушысы Альбина Азатова өлеңдерін оқып берді.
Жиналғандар І.Есенберлин ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, мұражайын аралап көрді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Атбасар ауданы.