Қазақ манасшысы Баянғали Әлімжанов туралы сыр
Қазақта «Манас» ауызға алынса, Баянғали ойға оралады, әңгіме арқауы Баянғалиға тірелгенде, көз алдымызда тұлғаланып «Манас» тұра қалады. Бұл қазақ ақынының қырғыз мұрасын қызынып қырық күн жырлар қыран мінезінен, егіз елдің ертеңін ойлар бауырмалдығы мен қоғамдық санаттың салтанатын сомдаған қайраткерлігінен өрбіп жатады. Бауырлас халықтың тарихи болмысын ғана емес, табиғи тыныс-тіршілігін, салт-санасын тұтастырған асыл жырын әспеттеуге арналған батылдық Баянғалиды бұдан да асқақтата түседі.
Аяулы Ғафу Қайырбеков ағамыз 1992 жылдың 22 қазанында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында былайша толғанады: «Қазір Көкшетаудағы жас ақын Баянғали Әлімжанов сол «Манастың» бірнеше тарауын қырғыз тілінде керемет орындайды. Қайда жүріп үйренгенін құдайым білсін. Қазақтағы манасшы – Баянғал сирек құбылыс. Ау, қанша туыс болғанымен, басқа ұлттың тілінде бүкіл бір қиссасын жатқа айтқан кім бар? Орыстар мұны «феномен» десе керек.
Бір адамның бағын жандырар баға! Иә, қайда жүріп үйренген?
– Жамбылдың Сүйінбайға сыйынатынындай жан елжіретерлік сезім бар жерде кісі мақсатына бір табан жақын жүреді. «Манасты» жүрегің дірілдеп жырлау үшін табиғи дарын қажет, – дейді Баянғали құшақ кере жарқылдайтын тұрпымен. –Таза қазақпын. Әкем Тақан – Керей, шешем Бәтима – Арғын қызы. Осы маңайдың азаматтары Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамырын» кезінде менің анамнан естіп тамсанған. Атам Әлімжан дүйім жұртқа белгілі қиссашы болыпты. Кіндік кескен жерім Біржан сал жерленген Бұлақ басы қыстауы екен.
Дарын тұқым қуалағанымен, ел таңдамайды. Қырғыз-қазақ тамырлас, тағдырлас халық қой. Әдебиеті де мәдениеті де қатарлас өрбіген. Біздің батырлар жыры мен «Манастың» үндес үйлесетіні сондықтан. Еліміздің ерлік жырларын жаттамаған қазақ кемде-кем шығар. Әке-шешемнің бастаңғысында, ел-аймақтың той думанында жұрттың батырлар қиссасын бір қайырмай тарасатынын көрген жоқпын. Бұл үрдіс бізді де баурап, үлкендердің алдында тақпақтата жөнелгенде, сол батырлардың жетегімен аруақтанатынбыз. Алпамыс, Қобыланды, Ер Тәуке, Арқалық батырлар туралы жырларды жұртшылықтың қолқа салуларын тоспай-ақ төгілдіретін жағдайда болдық. Ұлағатты ұстаз Рымғали Нұрғалиевтің ықпалымен «Батыр Баянды» толық жаттап, жұртшылыққа таратып жүргенімді мақтан тұтамын.
Бұдан түйгеніміз Баянғалидың ұлттық өнеріміздің жауҺарынан сусындап, оны жанындай сүйіп қастерлейтіндігі. Осы қасиет оны Манас әлеміне жетеледі.
Бала Баянғалиды «Манасқа» өзінен бес жас үлкен ағасы Мейрамбай баулыпты. Бесінші сыныпта оқып жүргенінде Мейрамбай үйге «Манастың» қазақша аудармасын алып келген. Жарыса жаттағанда, Баян алда болатын. Түн ортасы ауғанша кереуетте фонарик жарығымен оқып ұйықтайтыны есінде. Бұл Максим Горькийге еліктегеннен емес, әрине. Радиодан «Манастың» үзінділері беріледі деп хабарлағанда, Мейрамбайдың алаөкпе күйде інісін іздегенін айтсаңызшы. Мәңгілік жыр құлағына осылайша мәңгілік құйылып қалған-ау, сірә.
Миллион жолдан асатын (бұрынғылар алты ай жырлаған) «Манасты» ырғағынан жаңылмай, қарадүрсін қағылмай жұртшылыққа жеткізу оңай ма? Ғұлама Мұхтар Әуезов манасшылардың өзін бірнешеге бөліп, «жомықшыларды» ерекше бағалаған. «Олар «Манасты» аруақ аян беріп, қолға алған деседі. Біз Баянғалиды жомықшылардың ортасына күмп еткізбегенімізбен, Қазақстандағы жалғыз ыршы ретінде олардан әсте кеміте алмаймыз. Бұған қырғыз ағайындардың өзі куә. Әсіресе, оны құрмет тұғырына көтерген Бішкектегі «Ақтаңдай-93» қырғыз-қазақ ақын-жазушыларының фестивалі болды. Талантты қырғыз ақыны Оразбек Құтманәлиевпен айтысып:
Байтақ әлем бұл күнде,
Қырғыз десе, Манас дейд,
Манас десе қырғыз дейд.
Дәл Манастай қырғыздың
Қасиетін ешкім де
Бұл жалғанда білгізбейд! –
деп бастаған Баянғали Әлімжанов бас жүлдені иемденіп, түйе мінді. Бұның алдында Асанбек Иманбаев қырғыз мәдениетіне қатысты қазақ азаматтары туралы телехабар жасаған еді. Онда біздің Баянғали «Көкетай ханның асынан» ұзақ толғаған.
Баянғали «Манасты» жырлап қана қоймай, оның мәртебесін өсіруге талмай үлес қосып келеді. 1984 жылы «Жұлдыз» журналында қызмет істеп жүрген Б.Әлімжановты «Халық қазынасы» телехабарын жүргізуге шақырды. Қызық болғанда, хабарға қатысуға тиісті жыршы бір себеппен келмей қалып, тәуекелге бел байлаған Баянғалидың өзі «Сөз басы», «Алмамбет пен Шуақтың ерегісі», «Түкті табан Түкібай мен шынашақтай Ер Ағыштың күресі» тарау-
ларын 25 минөт бойы жырлап шығады. Ол телекомитеттің «Алтын қорында» сақтаулы. Бұған риза болған қырғыз қомызшысы Асанбек Қыдырназаров «Социалистік Қазақстан» газетіне «Алатаудай алғыс айтамын» атты мақала жариялады.
Б.Әлімжанов ізденісі мұнымен шектелмейді. Осыдан он жыл бұрын «Шоқан және Манас» атты телехабар жасағаны қалың көрерменнің есінде. Ал, былтыр Көкшетау телерадио компаниясының тапсырмасымен «1000 жыл жасаған «Манас» деген тағлымды хабар ұйымдастырды. Баянғалидың үш мемлекеттің Президенттері қатысқан Ордабасыдағы «Манасты» жырлау үшін арнайы шақырылуы көкшеліктерге ғана емес, дүйім қазақ жұртына ризашылықтың үлкен мерейі деп бағалаймыз. Ол «Манастың» 1000 жылдығына арналған салтанаттарға шақыру алып, өнердің қайталанбас шуағын төкті.
Жұрт аузындағы «Баянғали қайда жүр осы?» деген сұраққа жауап алмай, мақаламыз түйінделмес, сірә. Көкшенің Кеңащысында жатып біршама кітап шығарғанымен, Алматыдағы алқалы топтан көз жазу оңайға түспеген көрінеді. Шын дүлділге ауыл да алтын мекен. Бізбен қатарлас өскен Байекең үнемі қозғалыстың адамы ғой. Әсіресе, ел ішінде ақындық тынысы кеңи түскенін байқаймыз. Соңғы жылдары, үлкен-кішісін қайырғанда, 140 айтысқа қатысқан екен. Соның он бесінде бас бәйгені еншіледі, отызында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Абайдың 150 жылдығына арналған республикалық жыр додасында лауреат атанды. Мұның астарындағы салмақты саусақпен емес, санамен саралап көріңізші! Міне, ақын ауылда түлеп, ауыл абыройын арқалады деген осы.
Баянғали айтыста жеңумен байып кетті деген бекер. Әйткенмен, Байекеңнің шәкірттер тәрбиелеудегі жұмысы да ұшан-теңіз екенін айтқымыз келеді. Дәл осы тұрғыдан алғанда Баянғалидың «бай» екені рас.
Бақберген Амалбеков.