Киелі Түркістаннан түлеп ұшып, көрікті Көкшеде танылған

Жарты ғасырға жуық қарымды қаламымен еліне, халқына қалтқысыз қызмет етіп, Қазақстанның құрметті журналисі атанған Роза Сыздыққызы Нарымбетова осы жылдың сәуір айында жоталы 70 жасқа толғалы отыр. Осынау сөз өнеріне ден қойған саналы ғұмырында ақпарат айдынының газет, радио мен телеарна саласында қызмет етіп, журналистика мамандығының жілігін шағып, майын ішкен майталманы атанған әріптесімізбен сұхбаттасып, ой-пікір бөліскен едік.

Біз Роза екеуміз бір кезеңнің түлегіміз. Ол оңтүстіктен, мен солтүстіктен Алматыға келіп оқуға түсіп, студенттік дәуіріміз қатар өрбіді. Тек 1977 жылы кездейсоқ кездестік. Сол жылдары Алматы қаласында оқып жүрген көкшелік студент жастардың кездесу кешінде бір мектепте бірге оқыған зеренділік жерлесіміз Тоқтар Баймағанбетовты кездестірдім. Жас студент жігіттің қасында шашы толқындай төгілген, көзі күлімдеген талдырмаш жас қыз жүр еді. Кейін Көкшенің келіні атанған, сөйлеген сөзі де, ісі де пысық Розамен осылайша кездесіп, танысып, кейін бір ұжымда бірге қызмет атқардық.

Сол жылы Тоқтар екеуі Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, еңбек жолын Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде бастады. Қасиетті мекен Түркістанда туып, бес баланың тұңғышы болып ата-әжесінің бауырында өскен әдебиетке құштар ерке қыз өмір заңымен солтүстікке қоныс аударады. Жанұялық өмір мен еңбек жолын бірге аттаған қос журналист 1981-1984 жылдар аралығында «Коммунизм нұры», қазіргі «Арқа ажары» газетінде және Целиноград облыстық телерадио комитетінде радио комментатор болып жұмыс істейді. Ал, 1984 жылы Көкшетауға қайта оралып, облыстық газетте, кейін халық депутаттары Көкшетау облыстық кеңесінде жетекші маман болып қызмет атқарды. Сөз байлығы мол, дауыс дикциясы таза Розаның қабілеті Көкшетау облыстық телерадио комитетінде, «Информ-Көкше» телеарнасында редакторлық қызмет атқарып жүргенде кеңінен ашылды. Телевизия оның тынысына айналып, бір күн репортаж бермесе көңілі көншімей, үнемі ізденіс үстінде жүретін. Бейнеоператорларды қасына ертіп алып, қала мен ауылдағы небір түйткілді мәселелерді көтеретін. Тікелей теле эфирге шығып, бір емес, екі сағаттық хабардың өзін бір сөзінен тосылып, мүдірмей сауатты жүргізетін.

Сол жылдары қаламгердің ұйымдастыруымен «Көкше» телеарнасында «Құлагер» ақпараттық-танымдық бағдарламасы да ұдайы жүргізіліп отырды. Ал, Шоқан Уәлихановтың әжесінің атына сай ашылған «Айғаным» атты қыз-келіншектердің сырласу отауы, Сырымбеттегі «Айғаным» усадьбасында өткізілген авторлық сюжеттер көрермен көзайымына айналып еді. Сол жылдары көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбековтің анасымен алғаш рет сұхбатты ұйымдастырған осы Роза болатын. Сол алтын қазына музей архивінде қалды ма екен деп қамығасың бүгінде. Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай, әдеби-циклды әскери бағдарлама ұйымдастырылып, ол бір жыл бойы «Көкше» телеарнасында жүргізіліп еді. Қай жанрды, қай тақырыпты болсын, ерекше қабілетімен еңсере алатын қаламгердің бойында басқа да қасиеті мол болатын. Ол өзінің жаймашуақ, ашық мінезімен көпшілікті қасына үйіріп, тарта білетін. Қолы ашық Розаның аядай үйінен қонақ арылмайтын. «Тәте» деп көшеде кездесе кеткен әнші, күйші, тілші, оператор секілді өнер адамдарын «Жүр, жүре ғой» деп бетінен қақпай үйіне апарып, әп-сәтте шәйін қайнатып, дастарханын жайнатып, дос-жарандай қарсы алып, жоқты бар, барды мол етіп жөнелтіп жататын. Бірде домбырасымен алдымыздан шыға келген әнші Қажыбай Жахинді үйіне ала кетіп, алдымызда «Айбозымды» әуелете айтқызып, «Мұхида-Шәйбан» әнін шырқатқаны шіркін, естен кетер ме? Үнемі шығармашылық сәтті жүрегімен іздеп, аңсап тұратын Роза тума таланттарды қадірлеп, қатты бағалайтын.

1988 жылдары Розамен бір кабинетте бірге отырдық. Бізбен бірге бір бөлмеде Моңғолия елінен көшіп келген, атақты журналист-жазушы, жан дүниесі жас баладай таза, бір пендеге дауыс көтермейтін, өте мәдениетті Баят Жанатұлы бірге отырды. Жүрген ізі білінбейтін ағаның алдына туплиіміз тықылдап кіріп келеміз де, құрметті ағаның ығына жығылып, артық-ауыс қимыл жасауға да именіп, қатты күлмеуге тырысып, көзбен ғана ұғысып, тымпиып отырушы едік. Салмақты аға, сабырлы үнімен ертеде тойланатын Наурыз мейрамы туралы әңгіме айтатын. Соны үнемі тыңдап отыратын Роза бірде кабинетке ақ бидонды көтеріп кірді. Бұл март айы болатын, сөйтсек ол Наурыз көжесін дайындап, бауырсағын пісіріп, жұмысқа ала келіпті. Баят аға көжеден ауыз тиіп, қатты риза болды. Келесі кезекте ақ бидон мен кесені ұстап, бұрқыраған бауырсақты көтеріп Қажыбаев Төлеген ағаның кабинетіне кірдік. Бұл әлі Наурыз мейрамының елімізге енбеген кезеңі еді. Наурыз көжеден ауыз тиген төредей биік Төлеген ағай өшкені жанғандай қуанып, «Роза ханым, рахмет саған» деп алғысын айтып еді-ау. Сол жылдары редакцияның кәсіподақ ұйымын білімді де білікті журналист Ғосман Төлеғұл басқарып, көмекшісі Роза екеуі газет қызметкерлерін қолға тимейтін қат бұйымдармен, фарфор заводының сапалы ыдыс-аяқтарымен қамтып, байытып тастайтын. Сондай қызыққа толы күндерде үн-түнсіз тылсымға тұнған кабинеттер жанданып, машбюродағы апайлардың саңқылдаған үніне коридорға шыққан қаламгерлердің жарасымды әзіл-қалжыңы қосылып, редакция іші жаймашуақ жазға айналатын еді-ау. Жақында Розаға хабарласып, жастығымыздың қызықты күндері қалған Көкше жайлы, ондағы өткен өзінің журналистік еңбек жолы туралы тарқатып айтып беруін сұраған едім:

– Жалпы, менің өмір жолымды Көкшетаудағы және Түркістандағы деп екі кезеңге бөлуге болады. Жер шоқтығы Көкшетау – менің отбасылы болып, еңбек жолымды бастаған, қалыптасқан ересек өмірімнің бастауы. Өмірлік жарым, зерлі Зеренді ауданына қарасты Кіші Жамантұз ауылының тумасы, Щучье мектеп-интернатының түлегі, қос тілде бірдей жазатын атақты журналист, көзі тірісінде-ақ, хабар жанрының королі, «Тірі энциклопедия» атанған Тоқтар Қайыржанұлы Баймағанбетов – «Ту баста Абылайды хан көтерген, Қамқоры Қарауылдың шешен Қанай» деп Мағжан Жұмабаев «Батыр Баян» поэмасында жырлаған Қанай бидің тікелей ұрпағы. Осындай текті бабадан тараған Қанай әулетінің қара шаңырағына келін болып түсуім – әйел-ана ретіндегі бағым. Тоқаш екеуміз ұл сүйдік, қыз өсірдік. Ал, еңбек жолымды сол кездегі Одақ, қала берді, Қазақстан баспасөзі үлгі-өнеге тұтып, талай қаламгердің бағын ашқан қара шаңырақ ұстаханасы, «Мусиннің мектебі» деп танылған «Көкшетау правдасы» газетінде бастауымның өзі – журналистік жолымды ашқан екінші бақытым. Сол кезеңде бұл басылымда қызмет істеген аға буын өкілдеріміздің әрқайсысы – бір мектеп. Тіпті, бір-бірінен бөліп-жара алмайтын, бірін-бірі толықтырып тұратын тұтас тұлға дерсіз! Журналистиканы өмірден оқып, құдай берген ерекше дарын-қасиетпен көңіліне тоқып туған ерекше жандар! Газеттің бас редакторы Жанайдар Баймырзаұлы Мусиннен бастап, сол кездегі бас редактордың орынбасарлары Әуез Көбенұлы Өтеев, Хакімтай Қасымұлы Әміров, Мәтен Бижанов, Төлеген Сыздықұлы Қажыбаев, жауапты хатшылар Октябрь Бұхарбаев, Нұрқан Ысқақов, Жұмабай Есекеев, Балталы Сәрсенбаев, Дәуренбек Шөрентаев, бөлім меңгерушілері Рүстем Бермағанбетов, Маман Ементаев, Сайлау Көшкенов, бүгінгі таңда ел тағдырына жанашырлық танытып, өз үлесін қосып жүрген белгілі мемлекет және  қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, қаламымен маржан терген Райхан Сейітова, Қорғанбек Аманжолов, Ғосман Төлеғұл, қазіргі облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа, журналистер Кәрім Ілиясов, Бақыт Шашкенова, Балжан Хабдина, Бақберген Амалбеков, Кенжетай Ғазизов, Кәрібай Мұсырман, Байқал Байәділов, Шынар Байтықова, Гүлнәр Мұқашева, Ойрат Асанбаев, Мәули Әлімов, Тайлақ Жалмұрзенов, Қапез Қожахметов, Тоқтар Баймағанбетов, Бақыт Смағұл, Шойбек Орынбаев, Асхан Майлыбаева, Абдолла Дастанов, Ерлан Күзекбаев, Ерғали Досбаев, Жағыпар Қосанов, басқа да аты аталмаған әріптестердің қолтаңбасы бірегей басылымда сайрап жатыр. Осынау ғажап жандардан үйренгенім көп болды. Тырнақалды мақалаларымыз бөлім меңгерушісінен бастап редактордың алдынан «қызыл шима» болып шыққанда, ұяттан өртеніп, жұмысты тастап кетіп қалғымыз келетін сәттерді де бастан кешірдік. «Ұшқалаң» жиналыстарда «аямай сынға алған» ағаларымыз редактор кабинетінен былай шыға бере: «Бәріміз де осылай бастағанбыз. Сендер шынықсын, ширасын дейміз!» – деп арқамыздан қаққан кезде «төбемізде түнек болған тұма» сейіліп, айнала жарқырап сала беретін. Сол кездегі ұстаздарымыздың сабыры мен төзіміне таң қаламын! Қазір шынын айту керек, ондай ұстамды ұстаз да, үйренетін шәкірт те жоқ. Жанайдар ағамыздың өзгелер үйренетін тағы бір қасиеті, енді келген жас журналисті бөлім-бөлімге ауыстырып, қай тақырыпты жазуға икемі барын, білім деңгейін тексеріп көріп, ең соңында ыңғайына қарай бір бөлімге бекітетін. Сол кездің өзінде жариялылық пен сөз бостандығын ұстаған еркін басшы болатын. «Уәзірі жақсы ханды жау алмайды» – демекші, газет ұжымында іріктеп-жинаған кадрлық командасы да мықты болатын. Қайсыбірін айтайын, газеттің «жүрегі» дерлік машбюро мен корректорлар бюросындағы апайларымыз бен замандастардың да орны бөлек. Күндіз-түні қайнап жататын жұмысты да атқаратын, күліп-ойнап отырып «қаймақ қатқан күрең шайларын» да ішіп үлгеретін. Қарашаш Мұхамедрахымова, Мәраш Рахимова, Раушан Мырзалина, Бекзат Мұқанова, Шәрипа Жүзкеева, Зәуре Жанаева, Орынбасар Төкенова, Күлзейнеп Айсина, Гүлнәр Шаймергенқызы, Ботагөз Қанафина, Гүлжиян Айтманова, Раушан Омарова, Айгүл Шыныбекова, хат бөлімінен Шарипа Ысқақова мен Райхан Жанатаева, бәр-бәрі өз істеріне шын берілген мамандар еді. Шынардың маған қойған бір сауалы жүрегімнің түкпірінде бұғып жатқан өткен күндер естелігін қозғап жіберді.

Бүгінгі таңда журналист болып қалыптасып, қасиетті қаламды қолыма ұстап жүрсем, мен ең бірінші кезекте, қасиетіңнен айналайын, қара шаңырақ «Көкшетау правдасы» газетіне, жоғарыда есімдері аталған қазақ журналистикасының тау тұлғалы аға-апаларым мен замандастарыма қарыздармын! Жүректері кербез Көкшедей кең, жан-дүниелері Бурабайдай мөлдір осынау ғажап жандардан тек журналистиканың қыр-сырын ғана емес, мәдениетті, тәрбиелі өмір сүрудің алғы шарттарын да үйрендім. Ұшқан ұяма алған тәрбиемді желегім желбіреп келін болып түскен Қайыржан атам мен Сәбира анам Баймағанбетовтер әулеті әрі қарай жалғастырып, отбасылық бақыт құшағына бөлесе, екінші үйім – ұжымымыздағы сол бір ерекше күндерді қалай ұмытуға болады?! Бақытты күндерімнің куәгері – киелі Көкшеге мың алғыс! – дейді Роза Сыздыққызы.

Өмірден алған осындай тәжірибе-сабағы көп әріптестің атақ-дәрежесі де бір басына жетерлік. Ол көп жыл «Тұран-Түркістан» телеарнасында еңбек етіп, ел ықыласына бөленген Қазақстанның құрметті журналисі, 2002 жылы «Жыл адамы» атанып, Түркістан облысы әкімінің «Әлеуметтік сарапшы» номинациясының иегері, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының «Ажар» сыйлығын алған білікті маман. Бүгінде ол зейнетке шықса да қалалық «Түркістан» газетінде жұмыс істеп келеді. Бала жасынан қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, жөні мен жоралғысын санасына сіңіріп, сол құндылықтарды жанқиярлық еңбекпен, ізденіспен ұстап келе жатқан қайсар қаламгерге шығармашылық табыс, отбасылық бақыт тілейміз. Көкшедегі туыс-тәтелері төбесіне көтеретін ұлдары мен қызының, немере, шөбересінің қызығын көрсін. Роза, мерейлі жасың құтты болсын! Өмір атты асқар таудың жетпісінші баспалдағына қадам басқан шағыңда басыңдағы берекең тарқамай, күш-қуатың сарқылмасын дейміз.

Шынар БЕКМАҒАНБЕТҚЫЗЫ,
Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар