Әкім – іс үстінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Целиноград ауданында тұрғындарға жеке қабылдау жүргізді.
Қабылдау барысында әрбір мәселеге мұқият мән беріліп, шешу жолдарына назар аударылды.
Қабылдауға 50-ден астам адам жазылып, 30-ға жуық мәселе көтерілді. Өтініштердің басым бөлігі әлеуметтік сипатта болды. Атап айтқанда, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, Қоянды мен Талапкер ауылдарының инфрақұрылымын дамыту сынды өзекті сұрақтар қозғалды.
Кездесу барысында Марат Ахметжанов Қоянды ауылында қоқыс өңдеу орталығын салу мәселесіне тоқталып, инвестор ұсынған жобаны барлық тиісті ведомстволар мен ұйымдардың қатысуымен мұқият қарастыруды тапсырды.
Тағы бір маңызды мәселе – аудандық емхана ұжымындағы жағдай. Бұл мәселеге байланысты облыс әкімі жан-жақты тексеріс жүргізу жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ, өңір басшысы астаналық агломерацияны дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында салынатын бұралқы иттерге арналған орын туралы да ақпарат берді. Аталған нысан бұл мәселені шешуге мүмкіндік береді.
Қабылдау кезінде азаматтарға құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша жан-жақты түсініктемелер берілді. Айтылған әрбір өтініш бойынша жауапты мемлекеттік органдардың басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Терең талдауды қажет ететін сұрақтар облыс әкімінің жеке бақылауына алынды.
– Темірдей тәртіпті тек билік өкілдері ғана емес, халықтың өзі де ұстануы керек, – деп түйіндеді өз сөзін Марат Ахметжанов.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
![]()

