Еске алу
Әр адамның өмірінде, жүрегінің төрінде жарық дүниеге әкелген, өмір сыйлаған ата-ананың орны ешқашан өшпейді. Мына тіршілік атты өмір дариясында азаматтық ұстанымнан, адами асыл қасиеттерінен бір сәт танбай, ел-жұрты мен ұрпағы алдындағы борыштарын адал атқарған әкеміз Мейрам-Тыным әулетінің текті ұрпағы Боранбай мен Кенжетайдан тараған Оразалы атамыздың ұлы. Әкесі соғыс басталысымен, еңбек майданына аттанып, содан қайтып оралмапты. Мейрам әкеміз өзі 1928 жылы Қарлыкөл ауылында туған. Отбасында Мағауия деген інісі, Тұйғын атты қарындасы болған екен. Сол үй іші Мағауияны Мәгашке деп атап кетіпті. Москва қаласына әскерге аттанып, ақырында сол елде қалды. Әкеміз бауырларын қатты іздеп аңсайтын. Жалғыздықтан кейде налып та қалатын сәттері болатын. Міне, өзінің де өмірден өткеніне 20 жыл болды. Ал, аяулы анамыз үлкен отбасымыздың асыл тірегі Балқия Рахметоллақызының жарық дүниеден өткеніне он жыл болыпты. Тірі болса, екеуі де 97 жасқа толар еді. Ал, әжеміз Нәкен Тасболатқызы 92 жас жасап, небір қилы кезеңнің куәгері болған.
Ата-анамыз Ақмола облысының бұрынғы Көкшетау, қазіргі Зеренді ауданының Қарлыкөл ауылында тұрып, бел шешпей еңбек етті. Ұлы Отан соғысы басталып, Оразалы атамыз елін жаудан қорғауға аттанғанда Мейрам әкеміз 14-15-тегі жеткіншек екен. Үш баламен жалғыз қалған анасына көмектесу үшін қаршадайынан колхоз жұмысына араласады. Ел басына күн туған осындай ауыр күндерде дала жұмысында жүріп, ауыр темір техникадан құлап, лобогрейканың астында қалады. Темір жас баланың қақ маңдайын тіліп өтеді, бірақ, көрер жарығы бар бала аман қалады. Сол әкеміздің маңдайындағы ауыр жарақат жара соғыстың салған таңбасындай мәңгі тыртық болып қалды.
Оразалы әкесі соғыстан оралмаған жансебіл бала жаралымын деп жасымай, басына түскен қиындыққа мойымай, соғыстан кейінгі күйзелген шаруашылықты қалпына келтіріп, тың игеруге ат салысады. Бар саналы өмірін ел байлығын еселеуге жұмсады. Бертінде отбасының қамымен Пахарь селосына қоныс аударып, трактор-егіс бригадасында мал шаруашылығы саласында еңбек етті. Еңбек пен бейнет әкемізді ерте шыңдап, бойына төзімділік, табандылық, шыдамдылық секілді асыл қасиеттерді қалыптастырды. Таудай талабының арқасында кез келген істі үйіріп әкететін. Қолы шебер еді, шашылып қалған машина, мотоциклды әп-сәтте жинап, тетігіне дейін өзі жасап, тауып, техниканы меңгеріп жүре беретін. Көп жылдар бойы үш аяқты мотоциклды анам екеуі көлік етіп пайдаланып, шөп тасып, отын-су әкеліп, кейін оны сары «Москвичке» ауыстырып еді. Еңбекпен есейген әкеміз қарапайымдылығымен, кішіпейілдігімен дараланып, ағайын-туған, дос-жаран ортасында қадірлі болды. Адал еңбегімен ел құрметіне бөленіп, орден-медальдармен марапатталды.
Анамыз Балқия Рахметоллақызы Дөңгілағаш ауылының тумасы еді. Өмірге он бала әкеліп, оның тоғызын шетінетпей, өсірген анамыз үлкен отбасының, енесі мен ерінің абыройын сақтап, мәртебесін көтере білді. Соғыстан қайтпаған Оразалы әулетінің керегесін кеңейтіп, алтын құрсақты ана атанды. 2010 жылы «Батыр Ана» атағын алды. Ұлдары Елемес (Егінбек), Бота, Ержігіт, Ережепті, қыздары Насиха, Тоты, Торғынай, Гүлдарай, Бақытты аналық шуағына бөлеп, жасынан үй шаруасына икемдеп, үлкен өмірге бейімдей білді. Сонау жоқшылық кезеңде таңмен таласа тұрып пешін жағып, үлкен отбасының берекесін кетірмей, таба-таба нан пісіретін еді. Анамыздың илеген қамыры одан пісіретін қып-қызыл бауырсағының иісі мен дәмі ернімізден кетпейді дейді балалары бүгінде. Әкеміздің күлімдеп тұратын қоңыр көзі, анамыздың салмақты жүзі, жанға қуат берер жылы сөзі жүрегімізде мәңгі сақталады. Ел бірлігін, ағайын татулығын сақтай білген Нәкен әжеміз өте парасатты жан болатын.
Арада қанша жыл өтсе де ата-анаға деген сағыныш сарқылмайды. Мейрам әке мен Балқия анадан туған тоғыз бала бүгінде ер жетіп, ата-ана үмітін ақтап, салиқалы азаматтар атанды. Тұңғышы Насиханың жасы 75-ке таяса, ең кішісі де, кенжесі Бақыт 50-ді еңсерген мамандық иесі. Олар бүгінде Астана, Көкшетау қалалары мен Бозайғыр, Бестөбе, Қарлыкөл елді мекендерінде тұрып жатыр. Ертеден қара кешке дейін бар өмірлері ұрпағын өсіремін деп еңбекпен өткен ата-анамыздың тоғыз баласынан 29 немере тараса, екеуінің қолдарында өсіп, ержеткен сүйікті Ринаттан бастап, Жеңіс, Игілік, Нұрбек, Рүстем деген немерелерінің өзінен 15 шөбересі өсіп, жетіліп келеді. Міне, осылайша Оразалиндер әулетінің ұрпағы өсіп, немере-шөберемен жалғасып барады. Дәуірден дәуірге ұласқан ұрпағы мейірімі мол асыл жандар әжеміз Нәкен Тасболатқызын, ата-анамыз Мейрам мен Балқия Оразалиндерді сағынышпен еске аламыз. Аруақтарына бас иеміз.
Бәрімізді біріктіріп, татулыққа бастайтын мұсылмандықтың ізгі шарасының бірі ретінде ас беріп, құран бағыштап отырмыз. Бүгінде біз де өмірден озған ата-анамыздың жарқын бейнесін сағынышпен еске аламыз. Болмысы бөлек асыл жандардың топырағы торқа болсын, иман байлығын берсін дейміз.
Бәрің кеттің, амал бар ма, бірақ та,
Жарқын бейне еш кетпейді жыраққа.
Иманды бол, дұға қылып тілейміз
Асылдарым, болсын жаның жұмақта!
Еске алушылар: ұлдары, қыздары, немере-шөберелері.
![]()

