Игі бір іс
Кез келген төтенше жағдайда адам өмірін сақтап қалу үшін санаулы секундтар шешуші рөл атқаратыны анық. Алайда, күнделікті тұрмыс бейнесіне айналған көпқабатты үйлердің ауласындағы заңсыз орнатылған кедергілер мен бетон блоктар сол бағалы уақытты ұрлап, үлкен қатерге себепкер болуда.
Осы маңызды мәселені шешу мақсатында Көкшетау қаласында көпқабатты тұрғын үйлерге арнайы техниканың еркін қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды профилактикалық рейд өткізілді.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өрт қауіпсіздігі мәселелеріне, әсіресе, тұрғын үй секторларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударып, тиісті органдарға алдын алу шараларын күшейтуді бірнеше мәрте тапсырған болатын. Мемлекет басшысының бұл бағыттағы талаптары азаматтардың қауіпсіз ортада өмір сүру құқығын қорғауға бағытталған.
Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері коммуналдық қызмет және полиция өкілдерімен бірлесе отырып, облыс орталығындағы бірқатар аулаларды мұқият тексеріп шықты. Тексеру барысында кейбір тұрғындардың өз бетінше бетон блоктары мен өзге де заңсыз қоршауларды орнатып, жолды жауып тастауының бірнеше фактілері анықталды. Мамандардың айтуынша, бұл әрекеттердің артында «тыныштықты сақтау» немесе «бөгде көліктерді кіргізбеу» деген желеу жатқанымен, іс жүзінде бұл азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіру. Себебі, мұндай кедергілер өрт сөндіру техникалары немесе жедел жәрдем көлігі үшін өткел бермейтін қабырғаға айналады.
Рейд барысында арнайы техниканың көмегімен жолды бөгеп тұрған бетон блоктар біржола алынып, аула ішіндегі қозғалыс қалпына келтірілді. Айта кету керек, аталған шара тұрғындардың өз өтініші бойынша жүзеге асырылған. Өйткені, бұған дейін жедел жәрдем бригадасы жабық жолдың кесірінен уақыт жоғалтып, науқасқа дер кезінде жете алмаған. Осы орайда, жедел қызметтердің кедергісіз өтуін қамтамасыз ету мәселесі жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен ПИК және МИБ төрағаларымен кеңінен талқыланды.
Заңсыз орнатылған кез келген кедергі төтенше жағдайда біреудің тағдырын тәлкекке салумен тең. Мамандар құқық бұзушылықтарды анықтау және жою жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайтынын, алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын тауып, қатаң бақылауда болатынын айтады.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

