Биылғы жиналған астық – 6,3 миллион тонна!

Егін орағы – 2026

Ақмола облысының егіншілері биыл тағы да ерледі! 2026 жылғы егін жинау науқанының қорытындысы бойынша өңір диқандары 6,3 миллион тонна астық жинап, биыл да еліміз бойынша дәнді дақылдардың жалпы түсімінен бірінші орынға шықты.

Биылғы егін орағының бір ерекшелігі, өнімнің осыншама көлемімен қатар, оның сапасының да жоғары болып отырғаны. Атап айтқанда, жиналған барлық астықтың 90 пайызы үшінші сұрыпты бидай болса, оның басым бөлігі ақуыз мөлшері жоғары Hi-Pro санатына жатады.

Әрине, ауыз толтырып айтарлық бұл табыс оңайлықпен келген жоқ. Ол үшін облыс диқандары егістік алқаптарында ауқымды жұмыстар атқарды. Біріншіден, ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы көлемі 5,6 миллион гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 110,8 мың гектарға артты. Бүгінгі таңда егіншілеріміз дәнді және бұршақ дақылдарын 4,5 миллион гектар алқапта толық жинап бастырып, әр гектардан орташа есеппен 14 центнерден өнім алды.

Жиналған бидайдың желімділігі 30-38 пайызға дейін жетіп отырғаны Ақмола астығының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, нарықтағы сұранысын күшейтіп отыр. Бұл – диқандарымыздың жыл он екі бойғы маңдай тері биыл ақталуы тиіс деген сөз. Облысымызда басқа ауыл шаруашылығы дақылдары бойынша да жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Айталық, 837,9 мың гектар майлы дақылдар алқабынан жалпы алғанда, 839,1 мың тонна өнім жиналды. Мұнда да әр гектардың шығымдылығы орта есеппен 10 центнерден айналғаны жауын-шашын ала-құла болған биылғы жыл үшін тәуір көрсеткіш. Сонымен қатар, басқа дақылдардың да түсімі жаман болмай, 168 мың тонна картоп және 21,4 мың тонна көкөніс жиналғандығын айта кету керек.

Бұл көрсеткіштердің артында ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің, соның ішінде жердің тілін таба білген механизаторлар мен комбайншылардың, егіншілік саласына жіті көңіл бөлген аудан, шаруашылық басшылары мен агрономдардың, инженерлер мен басқа да мамандардың еселі еңбегі жатыр. Осы арада жауапты науқанды уақытында және сапалы атқарып шығу үшін 14,5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылғанын да ауызға алған ләзім. Оның 7 мыңы астық жинайтын комбайн болса, соның ішінде 4,8 мыңы осы заманғы өнімділігі жоғары техника.

Көктемгі және күзгі дала жұмыстарында шешуші рөл атқаратын осы мәселелердің сәтті шешілуімен бірге, биыл жылдағыдай осыншама жұмыс күшін жағар-жанармаймен қамтамасыз етуде де ешбір қиыншылық туындаған жоқ. Үкіметтің ауыл шаруашылығы саласына көмек-қолдауының арқасында облысқа 81,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бұдан бөлек, механикаландырылған қырмандарға, элеваторлар мен астық қабылдау пункттеріне келіп түскен астықты өңдеп, кептіру үшін тағы да қосымша 8,5 мың тонна осындай көмек қарастырылды.

Облыс шаруашылықтары мен жекеменшік мал иелері негізінен, күні бүгінге дейін ашық болып тұрған ауа райын тиімді пайдаланып, алдағы қысқа қажетті мал азығын да толық жинап алды. Атап айтқанда, 1,35 миллион тонна шөп, 256,8 мың тонна пішендеме, 225,7 мың тонна сүрлем және 812,7 мың тонна сабан дайындалып, бұл жағынан да көзделген жоспарлар асыра орындалды.

Қазіргі уақытта облыста элеваторлар мен астық қабылдау кәсіпорындарына биылғы жылдың 2,7 миллион тонна өнімі жеткізілген. Оның 1,9 мың тоннасы бидай. Бүгінгі егін орағы толық аяқталған шақта бұл жұмыс күннен-күнге қыза түсуде. Осы арада облыста келер жылдың егісі үшін 539,8 мың тонна тұқым құйылып, болашақ өнімнің берік негізі жасалғанын да айтпай болмайды.

Бұл қол жеткізілген нәтижелер бір есептен, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына көрсетіліп отырған жүйелі қолдаудың да жемісі. 2026 жылы Ақмола облысының агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға шамамен 324,8 миллиард теңге қарастырылған болатын. Бұл өткен жылы бөлінген қаржыдан анағұрлым көп.

Осылайша, ақмолалық диқан қауымының еңбегі биыл да толық жанды деп ауыз толтырып айтсақ артық емес. Биылғы еліміз бойынша жиналған ырыздық дәніне қосылып отырған Ақмоланың 6,3 миллион тонна астығы кезекті рет өңір диқандарының өз әлеуетін барынша толық көрсете алуының тағы бір дәлелі десек, артық емес. Осылай береген даламыз алда да ырыс-берекеге тола берсін!

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар