Жолдауға – қолдау!
Осыдан бір-екі ай бұрын «Астана ақшамы» газетінің 2026 жылдың 5 қыркүйегіндегі санында «Реформа санадан басталады» деген мақаланы оқып, өз тәжірибеммен бөліссем деген ойға келдім.
Әрі бұл менің сөз қозғағым келген тақырып Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жуырда ел халқына жолдаған кезекті Жолдауының талаптарымен де үндесіп жатыр.
Меніңше, бірінші басшы мекеменің жұмысын басқаруда көп ойланып, жұмысты жақсартудың жолын іздеп, соны қызметкерлерінің санасына енгізіп, батыл қимылдауы керек. Сонда белгілі бір нәтижеге жетуге болады.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында мені Қарабұлақ орта мектебін басқаруға жіберді. Мектептің материалдық жағдайы нашар, ұстаздардың сапасы төмен екен. Содан кабинетімде жалғыз отырып, көп ойланатын болдым. Ойымды, жоспарлаған істерімді ауылдың белді ақсақалдары Есләмбек Әйтімов, Қасанай Құшимов, Құсайын Қадыров, кеңшар директоры В.Л.Чекмак, партия ұйымының хатшысы В.К.Ситников, тағы басқаларына жеткізіп, ақылдасып іске кірістім.
Материалдық жағдайын әртүрлі әдіспен біраз жаңарттым. Егер ауданнан қаржы сұраумен тосып отырсам, бұдан мән шығарып үлгірмейтін едім. Білім сапасы ұстазға байланысты екенін бәріміз білеміз. Ұстаздардың санына емес, сапасына көңіл бөлдім. Кешегі мектеп бітіре салып, ұстаз болғандарды жұмысынан босатып, орындарына жоғары білімді, тәжірибелі ұстаздарды шақырдым.
Олардың қатарында Урюпинка орта мектебінен неміс тілінің маманы Е.Андрис, Торғай облысынан, бұрынғы оқушым, математика пәнінің жоғары білімді маманы Шәйкен Төлегенов, Горький атындағы мектептен орыс тілі маманы Валентина Айфальд, жас маман, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Серік Тәуірбаев, тағы басқалары келіп, еңбек ете бастады.
Осылай батыл іске кірісуімнің арқасында төрт-бес жылдың ішінде мектебіміз Сілеті ауданындағы тәуір мектептердің қатарына қосылды. Әрине, жоғарыда айтқандай, мемлекет бәрін жасау керек деп қарап отырсам, бұл шаруалар ұзаққа созылып кететін еді.
Екінші айтайын дегенім, өткен ғасырдың сексенінші жылдарында партиялық жұмысты тастап, отбасы жағдайына байланысты Ақкөл (Алексеевка) ауданына білім саласын басқаруға келдім. Байырғы аудан, стратегиялық жағынан жақсы орналасқан. Ойладым, мұнда проблемалар аз шығар деп. Сөйтсем бұл елде де шешілмеген мәселелер көп екен.
Мектеп басшыларының кейбіреулері үкімет не береді деген ойда болып, өзіне сеніп тапсырылған білім ошағын жүрдім-бардым басқарып отырғандар бар екен. Бірден Подлесный мектебінің директоры Оразалинді босатсам, қаладан Бақыт Сүлейменованы жібердім. Осылай Жалғызқарағайға (Приозерное) Кенжеболат Бәпішевті, Наумовкаға Антонованы, тағы басқаларын батыл ауыстырып, басқару сапасын жақсарта бастадым.
Одан кейін қарасам, қазақ ауылдары Барап, Құрылыс, Рамадан (Киров), Қызылту, Қараөзектің (Калинин) басым бөлігі біздің ұлттың өкілдері, ал, сабақ ресми тілде жүргізіледі. Кеңшар орталықтарында қазақ сыныптары ашылмаған. Қаланың бел ортасындағы мектепте қазақ тілі пән ретінде жүргізілмейді екен. Неге десем, маман жоқ деген сылтау.
Сөйтіп, қазақ ауылдарындағы ол мектептерде де сабақ оқытуды бірте-бірте ұлттық тілге ауыстырттым, қаланың мектебіне қазақ тілін оқыта алатын ұстаздар жібердім. Бұрын аудан бойынша бір ғана қазақ мектебі бар болса, осы ғасырдың басында 7 таза қазақ, 14 аралас мектептер жұмыс істеп жатты. Өткен ғасырдың соңғы онжылдығында, егемендік алғанның алғашқы жылдарында екі сыныпты қосып оқыту үрдісі басталды. Мен бұл әдісті өзгертіп, әр сыныпты жеке жарты сағаттан оқу әдісіне көшірдім.
Өздеріңіз білесіздер, егемендіктің алғашқы жылдары көптеген балабақшалар жабылды. Мұны дұрыстау үшін мектептер жанынан кішігірім балабақшалар аштым. Қазіргі мектепке дайындық топтар соның жалғасы іспетті. Осы жоғарыда айтқандарымды істемей, бұрыннан келе жатқан жолмен жүре беруіме болатын еді, оған менің ар-ұятым жетпеді әрі одан ауданда ана тіліміз ақсайтын еді. Осы өзгерістерден кейін орыс тілді ауданда қазақ тілінің мәртебесі жоғарылап, халық мемлекеттік тілде сөйлей бастады.
Мәселелерді таныс арқылы шешуге келетін болсақ, оны да өзіңнің қара басың үшін емес, жұмысыңның ілгерлеуі үшін пайдалануға болады ғой деп ойлаймын. Ондай жағдайлар менде де болды. Мектеп директоры кезінде ауданның білім саласының басшылары марқұмдар Т.В.Кансковпен, Е.Шәріповпен, А.Пахомовпен жақсы қарым-қатынаста болып, мектептің материалдық жағдайын жақсартуға қаржы бөлдіріп отырдым. Әрине, бұл онша жақсы әдіс емес, өйткені, басқалардан бөліп маған беріп отырды ғой. Дегенмен, соны ортақ іске пайдаланғанымды ойласам, бұл әдіс те өзін-өзі ақтағандай көрінеді.
Жалпы осының бәрін қорытындылай келгенде, менің ойымша қай салада болса да, бас жоспар болуы керек. Келген барлық басшы осы бас жоспарды орындау жолында еңбек етулері қажет. Басшы сол өзі басқаруға келген саланы жақсы білуі, оның түпкі мақсатын түсінуі қажет. Әрі сол жолда аянбай еңбек етуі керек. Қандай реформа болсын санадан басталады. Әр қызметкердің қоғамның өзгеруіне қарай санасы өзгермей, жұмыс алға баспайды. Міне, Президент Жолдауына қатысты айтарым, жаңа әділетті Қазақстанды құрамыз десек, әрқайсымыздың осы тұрғыдағы санамызда да сілкініс болуы керек. Осы реформаларға мен де үлес қосайын деген ой ғана, сол тұрғыдағы ұмтылыс қаза бізді нақты нәтижелерге бастайды.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің иегері.
Астана.
![]()

