Қоғамдық келісім
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел бірлігін бекем етуге, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және қоғамдағы өзара құрметті сақтауға айрықша мән беріп келеді.
Өйткені, елдің тұрақты дамуы мен болашағы халықтың ынтымағына, азаматтардың ортақ мақсат жолында жұмыла білуіне тікелей байланысты. Қазақстанда қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы жұмыс жаңа кезеңге қадам басты. 2026 жылғы наурызда өткен республикалық референдум қорытындысы бойынша қабылданған шешімге сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі тоқтатылды. Дегенмен, этносаралық татулықты сақтау, қоғамдық келісімді дамыту және Қазақстан халқының бірлігін бекемдеу жұмыстары жалғасуда. Ақмола облысында бұл бағыттағы міндеттерді «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі этномәдени бірлестіктермен және қоғамдық құрылымдармен бірлесе атқарып келеді.
Бүгінде өңірде Ақсақалдар кеңестері, медиация құрылымдары, Журналистер клубы, «Жомарт жан» облыстық орталығы және ғылыми-сараптамалық топ қоғамдық өмірге белсенді араласады. Аналар кеңесі «Аналар алқасы» атауымен жұмысын жалғастырса, «Ассамблея жастары» ұйымы «Ел жастары» болып жаңғырды. Құрылымдардың атауы мен жұмыс форматы өзгергенімен, олардың негізгі мақсаты ортақ – қоғамдағы татулықты сақтау, азаматтық бастамаларды қолдау және ел бірлігін нығайту.
Жыл басынан бергі тоғыз айдың нәтижесі осы бағыттағы жұмыстың ауқымын аңғартады. Этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың қатысуымен 408-ге жуық офлайн іс-шара өткізіліп, оған 17,2 мыңнан астам адам қатысты. Онлайн форматта ұйымдастырылған 126 іс-шараның қаралымы 97,5 мыңға жуықтады. Бұл – түрлі қоғамдық бастамалардың тұрғындармен байланысты кеңейтіп, ортақ құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік беріп отырғанының көрінісі.
Жұмыстың маңызды бөлігі жастарға бағытталған. Өйткені, жас ұрпақтың ел өміріне белсенді араласуы, мемлекеттік тілді меңгеруі, мәдени мұраға құрметпен қарауы және азаматтық жауапкершілікті сезінуі қоғамның келешегі үшін айрықша мәнге ие. Осы мақсатта «Jas Star Talks», «Мұрагерлер – Қамқоршылар – Жасаушылар» және «Бірлік көпірі» («Бірлігіміз әралуандықта») жобалары жүзеге асырылуда.
«ЭтноLIFE» және «Qazaq Talk» медиажобалары мемлекеттік тілді дәріптеп, жастардың қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығын арттыруды көздейді. «Бірлік белгісі» жобасы сарапшылардың, этномәдени бірлестіктер мен қоғам өкілдерінің өзекті мәселелерді талқылауына мүмкіндік берсе, «Бірлікке қызмет еткен бірлестік», «Бір ананың тарихы» және «Ұлттардың ұлттық тағамдары» жобалары өңірдегі этностардың мәдениетін, дәстүрін, отбасылық құндылықтары мен қоғамдық өмірге қосқан үлесін танытады.
Мұндай бастамалардың маңызы мәдениеттерді таныстырумен ғана шектелмейді. Олар адамдардың бір-бірін жақынырақ тануына, ортақ құндылықтарды түсінуіне және өзара құрметті нығайтуына жол ашады. Ал, бұл – қоғамдық келісімді күнделікті өмірде орнықтырудың маңызды тетігі.
Өңірдегі этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдар мемлекеттік және ұлттық мерекелерді ұйымдастыруға да белсенді қатысады. Алғыс айту күні, Наурыз мейрамы, Қазақстан халқының бірлігі күні, Қазақстан халқының тілдері күні және Отбасы күні аясындағы іс-шаралар түрлі этнос өкілдерін ортақ қуаныш төңірегіне біріктіруде. Республика күні де елдік құндылықтарды дәріптеп, тәуелсіздіктің маңызын ұғындыруға бағытталған бастамаларға арқау болды. .
Қоғамдық келісімді сақтау үшін мерекелік және мәдени шаралармен қатар, жүйелі түсіндіру және профилактикалық жұмыстар да қажет. Биылғы тоғыз айда еңбек ұжымдары мен білім беру ұйымдарында және ауылдық елді мекендерде 6 035 адамды қамтыған 134 кездесу өткізілді. «Заң мен тәртіп» және «Бірлігіміз әралуандықта» қағидаттары аясында өткен кездесулер құқықтық сауаттылықты арттыруға, ықтимал жанжалдардың алдын алуға және өзара сенімді нығайтуға бағытталды. Сонымен қатар, облыстың бес ауданында «Ұлт бірлігі – басты құндылық» этнотурлары ұйымдастырылды.
Қоғамдық келісімнің нәтижесі адамдардың ортақ іске қаншалықты белсенді қатысатынынан да көрінеді. Мәселен, этномәдени бірлестіктер мен жастар «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына атсалысып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына үлес қосуда. Достық үйінің аумағында «Бірлік саябағы» ашылып, Ақмола облысының әкімі қатысқан осы шара барысында 80-ге жуық қарағай мен алма көшеті отырғызылды. Бұл бастама өңірді көркейтуге ғана емес, тұрғындарды ортақ іске жұмылдыруға да қызмет етеді.
Қайырымдылық бағытындағы жұмыстар да нақты істермен жалғасуда. Сәуір айында этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылым өкілдерінің қатысуымен волейболдан алғашқы қайырымдылық турнирі өтті. Республика күніне орай облыс аудандарының өкілдерін қатыстыра отырып өткізілген іс-шарадан жиналған қаражат көмекке мұқтаж отбасыларды қолдауға бағытталды.
Этномәдени бірлестіктер биыл да «Мектепке жол» акциясы арқылы әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына көмектесті. Жастар қарттар үйлері мен пансионаттарға барып, үлкендерге құрмет көрсетіп, сыйлықтар табыстайды. Осындай бастамалар қайырымдылықтың не екенін білгізіп, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтады.
Өңірдегі қоғамдық белсенділіктің артып келе жатқанын қыркүйек айында Целиноград ауданында «Родина» этномәдени бірлестігінің құрылуынан да көруге болады. Жаңа бірлестік тұрғындардың өз мәдениетін сақтауға, салт-дәстүрлерін дәріптеуге және қоғамдық өмірге араласуға деген ынтасын танытады.
Ақмола облысында қоғамдық келісімді нығайту жұмыстары осындай нақты бастамалар арқылы жалғасып келеді. Алдағы уақытта да этномәдени бірлестіктермен ынтымақтастықты дамыту, жастардың әлеуетін қолдау, мемлекеттік тілдің деңгейін көтеру, қайырымдылық пен еріктілік қозғалысын өрістету және әртүрлі бағыттағы профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізу маңызды бағыттар болып қала береді.
Ел бірлігі күнделікті еңбектен, өзара құрметтен және ортақ жауапкершіліктен басталады. Сондықтан, қоғамдық келісімді сақтау тек белгілі бір мекеменің міндеті емес, қоғамның әрбір мүшесіне ортақ жауапкершілік. Осы орайда атқарылып жатқан жұмыстардың түпкі мақсаты да азаматтардың өзара сенімін нығайтып, әртүрлі мәдениет пен дәстүр өкілдерін ортақ Отан игілігі жолында біріктіру. Өйткені, татулығы жарасқан елдің тірлігі берекелі, болашағы баянды болады. Осы бір жай ешқашан көкейімізден шықпауы тиіс.
Қуаныш ШАҚШАҚОВ,
Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы
«Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы.
![]()

