Түзеу мекемелерінде
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің №7 мекемесінде болды.
Сапар барысында мекемедегі өндірістік алаңдарды кеңейту және сотталғандарды жұмыспен қамту мүмкіндіктерін арттыру мәселелеріне назар аударылды. Бүгінде мекемеде 878 адам жазасын өтеп жатыр, олардың 247-сі өндірістік жұмыстарға тартылған. Мұнда сұранысқа ие өнімдер шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді.
Атап айтқанда, «Аламад-Сервис» ЖШС бөлмеаралық есіктер, «Қажыбаев» ЖШС корпус жиһаздарын, «Атека» ЖК ағаштан тұғырлар жасайды және ағаш өңдеу өнімдерін өндіреді. «Новопэк» ЖШС-інің филиалы мен «Асыл-Арман» ЖШС сусымалы өнімдерге, ал, «Ботай» ЖК геологиялық барлау жұмыстарына арналған қаптар мен керн жәшіктерін шығарады.
Сонымен қатар, мекемеде екі тігін желісі, пішу цехы және аяқ киім цехы жұмыс істейді. Олардың базасында тігін өндірісі, былғарыдан бұйымдар, автокөлік орындықтарына арналған қаптар және басқа да өнімдер шығаратын цехтар ашылған.
Бос өндірістік алаңдар қолда бар кәсіпорындардың жұмысын кеңейтуге және жаңа жобаларды іске қосуға мүмкіндік беруде. Бұл өнім көлемін ұлғайтып, қосымша жұмыс орындарын ашуға жол ашады. Сотталғандар үшін еңбекпен қамтылу табыс табуға, кәсіби дағдыларды меңгеруге және қоғамға қайта бейімделуге қолайлы мүмкіндік екендігі айқын.
Мекеменің медициналық бөлімінде профилактикалық тексерулер мен міндетті скринингтік зерттеулер жүргізіледі. Медициналық көмек қажет болған жағдайда қосымша тексерулер ұйымдастырылып, науқастардың денсаулық жағдайына тұрақты бақылау жасалады.
Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында Med365 аппараттық-бағдарламалық кешені сатып алынған. Оның көмегімен науқастарды медициналық мекемелерге апармай-ақ, сол жерде жедел тексерістен өткізуге, денсаулық жағдайына зерттеулер жүргізіп, оның нәтижелерін мамандардың қашықтан кеңес беруі арқылы білуге болады. Сонымен қатар, мекемеде стоматологиялық кабинет пен күндізгі стационар жұмыс істейді.
Медициналық көмектің сапасын одан әрі арттыру мақсатында қазіргі уақытта жаңа дәрігерлік амбулаторияның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары да соңына жақын.
Осы мәселелерге қаныққан облыс әкімінің орынбасары мекемеде жазасын өтеушілерге жасалуы тиіс және біртіндеп жасалып жатқан басқа да жағдайларға назар аударып, көңіл бөлді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

