От-жалында сыр бермеген

Өнеге

Әрбір құтқарылған өмір мен алды алынған өрттің артында өзгенің амандығы үшін өз басын қауіпке тігіп,  отқа да, суға да түсетін Құтқарушы деген жауапкершілік жүгі мол мамандықтың иесі тұрады.

Осынау абыройлы да қауіпті салада қызмет ету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Себебі бұл мамандық сын сағаттарда қайтпас қайсарлық пен мықты ерік-жігерді, темірдей төзімділік пен тәртіпті, кәсіби шеберлік пен асқан жауапкершілікті талап етеді.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Сандықтау ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің №17 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Андрей Пешков осындай қасиеттерді бойына сіңірген азамат деп айта аламыз.

Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған соң, ол ел алдындағы азаматтық борышын өтеуге әскерге аттанады. Отан алдындағы парызын абыроймен атқарып оралғаннан кейін ерік-жігерді, қайсарлық пен жүректілікті талап ететін жауапты саланы таңдады.

Андрей еңбек жолын қатардағы өрт сөндірушіден бастаған. Сондай-ақ, алғашқы күннен-ақ күрделі қызметтің қыр-сырын ұғынып, ұжыммен жұмыла әрекет етуді, әрбір шешімнің салмағын түсінуді үйренді. Оқиға орнында ұсақ-түйек болмайтынын, жеке құрамның дайындығы, өзара ауызбіршілік пен тапсырманың дәл орындалуы адам өмірі мен мүлкінің амандығын тікелей айқындайтынын ұғынды.

Уақыт өте келе жинақтаған тәжірибесі мен шеберлігінің арқасында ол қарауыл бастығы лауазымына көтерілді. Бұл жаңа міндет одан жеке дайындықты ғана емес, жұмысты дұрыс ұйымдастыруды, тәртіпті сақтауды және қол астындағы қызметкерлердің әрекеті үшін жауапкершілік алуды талап етті.

Мұнымен тоқтап қалмай, Андрей білімін одан әрі жетілдіре түсті. 2014 жылы ол Көкшетау техникалық институтын аяқтап, жинаған азды-көпті тәжірибесін терең теориялық біліммен толықтырды. Бұл оның кәсіби тұрғыда өсуіне жол ашты.

Бүгінде оның қызметтік өмірбаянында жаңа парақ ашылды. 2026 жылдың маусым айынан бастап ол өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары лауазымында еңбек етіп келеді. Бұл – басқарушылық қабілетті, сауатты басшылықты және кез келген қызметтік тапсырманы шешуге әрдайым дайын болуды талап ететін аса жауапты міндет. Өз ісіне тыңғылықты азамат сол  міндет биігінен ойдағыдай көрінуді басты парыз санайды. Лайым солай болғай!

Ы.ШАМШИЕВА.

Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар