Жерге орналастыру жобаларын әзірлеу мәселесі қаралды

​Ауыл шаруасы

​Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін шаруашылық ішілік жерге орналастыру жобаларын рәсімдеу мәселесі өзекті күйінде қалуда.

Заңнама әрбір шаруашылықты осы құжатты иеленуге міндеттейді, алайда, оны әзірлеудің нақты нұсқаулары, түсінікті тетігі мен әдістемесі әлі күнге дейін жоқ. ​Бұл мәселе бірнеше рет әртүрлі жиындарда, соның ішінде Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің отырыстарында көтерілді. Агробизнес өкілдері мұның тіпті, ең адал жұмыс істейтін шаруашылықтардың өзінің тұрақты қызметіне қауіп төндіретінін атап өтуде.

​Шаруашылық ішілік жерге орналастыру жобасының болу міндеті Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2022 жылғы 20 сәуірдегі №119 бұйрығымен бекітілген. Әдістемелік ұсынымдарға сәйкес жобаның бар болуына арнайы комиссияның жұмысы кезінде 3 балл беріледі.

​Фермердің жерді жалға алу мерзімі аяқталғанда, әкімдік жанындағы комиссия шартты ұзарту мәселесін баллдық жүйе негізінде шешеді. Оның барысында төленген салықтар, инвестициялар, жұмыс орындары және жоғарыдағы жобаның болуы ескеріледі. Балл жеткіліксіз болған жағдайда жерді пайдаланушының өзінің учаскесінен айырылып қалу қаупі бар. Қазір облыс аграршылары бұл баллдарды өздеріне байланысты емес себептермен ала алмай отыр.

​Іс жүзінде заң талабын орындау мүмкін емес. Өңірде мемлекеттік органдар жобаны кепілді түрде қабылдайтындай тәжірибелі мамандандырылған компаниялар жоқ. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ бұл мәселе бойынша әлі түсініктеме бермеуде және оны әзірлеуге қатыспай отыр.

​Бұл ретте, шаруашылықтардың көпшілігі нақты секторда жұмыс істейді, олар ауыспалы егісті, агротехникалық және экологиялық нормаларды сақтаумен келеді, жайылымдық есеп те жүргізеді. Дегенмен, жоғарыдағы құжаттың болмауына байланысты жерді пайдалану заңды түрде «тиімсіз» деп танылады. Нәтижесінде фермерлерге ҚР ӘҚБтК-нің 338-бабы және ҚР Жер кодексінің 93-бабы бойынша санкциялар қаупі төнеді. Сөйтіп, ол салықтардың еселеп артуынан бастап жер телімін мәжбүрлеп алып қоюға дейін барады.

​–Бүгінгі таңда заңнама талаптары оларды орындаудың шынайы институционалдық және нарықтық мүмкіндіктерінен ілгері кеткен. Бұл құқықтық белгісіздікті қалыптастырады және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өз кінәсінен тыс заң бұзушылықтардың орын алу қаупін тудырады, – дейді бұл ретте, Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Расул Сыздықов.

​Бүгінгі таңда мәселені шешу үшін кәсіпкерлер палатасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне ең алдымен, осы жағдай туралы ресми түсініктеме беріп, білікті әзірлеушілердің тізілімін жариялау қажеттігін алға тартып отыр. Сондай-ақ, Бірыңғай мемлекеттік операторды белгілеу жағын қарастыру немесе жер санаттары бойынша шаруашылық ішілік жерге орналастырудың қарапайым үлгілік жобаларын енгізу орынды. Бұдан бөлек, палата сарапшылары түсінікті механизм әзірленгенге дейін айыппұлдар мен жерді алып қоюға уақытша мораторий енгізуді, қолданыстағы ережелерді түзетуді және агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау шеңберінде аталмыш жобаны әзірлеуді субсидиялауды қарастыруды ұсынады. Дегенмен, әзірге мәселе қалай шешілері белгісіз.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар