Өндіріс деп адам өміріне жеңіл қарамайық

Еңбек қауіпсіздігі

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті.

Онда құрылыс және жол жұмыстарын жүргізу кезіндегі еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау мәселелері қаралды. Отырысқа мемлекеттік органдардың, кәсіподақтардың, сондай-ақ, құрылыс, жол-құрылыс салалары мен Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

Негізгі назар өндірісте кісі өлімі мен жарақат алудың алдын алу мәселелеріне аударылды. Соңғы үш жылда өңірдің 18 кәсіпорнында құрылыс жұмыстары барысында жазатайым оқиғалар тіркелген. Биылдың өзінде өндіріске байланысты 25 жазатайым оқиға орын алып, оның салдарынан 27 адам зардап шекті. Соның ішінде 3 жағдай өліммен аяқталды.

Ақмола облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің басшысы Ерлан Әбжатов еңбек қауіпсіздігі мен өндірісте жарақат алудың алдын алу мәселелері жүйелі бақылауды және жұмыс берушілер тарапынан жоғары жауапкершілікті талап ететінін атап өтті. Оның айтуынша, нұсқамаларды уақытылы өткізу, қызметкерлерді жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету және өндірістік процестерге тұрақты бақылау жүргізу өндірістегі жазатайым оқиғалардың туындау қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл өзекті мәселеде жұмыс берушілердің мемлекеттік органдармен және кәсіподақтармен өзара іс-қимылы маңызды рөл атқарады.

Отырыста сондай-ақ, күн тәртібіндегі мәселе шеңберінде қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру, міндетті төлемдерді уақытылы төлеу, инфрақұрылымдық жобалар аясында жұмыс орындарын құру, көші-қон заңнамасын сақтау және құрылыс саласына кадрлар даярлау мәселелері қаралды.

– Мемлекет басшысы өз сөздерінде өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алуға әрқашан жүйелі мән беру қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Осыған байланысты еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша айлық өткізу қажеттілігі туындайды. Оның қорытындысы бойынша жағдайды жақсарту үшін жұмыс берушілерге тиісті ұсынымдар жолданатын болады, – деп қорытындылады өз сөзін отырыста Алтынай Әміренова.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар