Жұмыс сапары
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова жұмыс сапарымен Шортанды, Бұланды және Ақкөл аудандарында болып, әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысып, жеке мәселелерімен азаматтарды қабылдады.
Шортанды ауданында Алтынай Әміренова аудандық ауруханада жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Негізгі бағыттар бойынша жөндеу жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. Бірінші қабатта қабырғаларды гипсокартонмен қаптау жұмыстары аяқталған, бөлмелерді әрі қарай әрлеуге дайындау жұмыстары жалғасуда. Екінші және үшінші қабаттарда терезе блоктарын орнату жүргізілуде. Сонымен қатар, желдету жүйесін тарту жұмыстары да соңына жеткен.
Бұланды ауданында әкімнің орынбасары реновация бағдарламасы аясында салынған тұрғын үйлердің аумағын абаттандыру жұмыстарымен танысты, сондай-ақ, Степгеология аумағындағы жаңа саябаққа барды. Бұдан бөлек, «Балуан Шолақ» коммерциялық тұрғын үй кешенін аралап көру барысында құрылыс сапасына ерекше назар аударылды.
Ақкөл ауданында денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту мәселелері қаралды. Негізгі назар күрделі жөндеуден өтіп жатқан аудандық ауруханаға аударылды.
– Жөндеу жұмыстарының бекітілген мерзімдерін қатаң сақтау және әр кезеңде құрылыс сапасын тиісті деңгейде қамтамасыз ету қажет. Барлық жұмыстар жобалық құжаттамаға және белгіленген стандарттарға сәйкес орындалуы тиіс. Құрылыс мерзімдері мен сапасына тұрақты бақылау жүргізілетін болады, – деп атап өтті Алтынай Әміренова.
Әр ауданда азаматтарды жеке қабылдау барысында мектептерге күрделі жөндеу жүргізу, тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қатысты мәселелер қаралды. Барлық өтініштер бақылауға алынып, осы мәселелер бойынша аудан әкімдері мен уәкілетті органдарға тиісті тапсырмалар берілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

