Қоғамдық кеңесте
Ақмола облыстық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда облыстың денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына қатысты бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.
Қоғамдық кеңес мүшелерімен қатар, облыстық департаменттер мен басқарма басшылары, аталған салалардың мамандары және БАҚ өкілдері қатысқан жиынды облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Қабдуәли Құлышев ашып, күн тәртібіндегі мәселелердің өңір тұрғындары үшін маңызы ерекше екенін атап өтті. Бұл жолғы отырыста халықты алаңдатқан коммуналдық қызмет, зираттардың жағдайы, жылыту маусымына дайындық, дәрігерлер тапшылығы мен білім беру саласына қатысты маңызды жобалар қаралды. Ақмола облысында жерлеу және қабірлерді күтіп-ұстау қағидаларын бекіту туралы мәселе қоғамда көптен бері талқыланып жүргендіктен, бұл жөнінде жиын барысында қызу пікір алмасу орын алды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Болат Мейрамов аймақтағы зират аумақтарын күтіп ұстау, қоқыс шығару, жерлеу тәртібін реттеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Алайда, қоғамдық Кеңес мүшелері бұған қатысты қазіргі ахуалдың әлі де көңіл көншітпейтінін ашық айтты.
«Кокшетау Сегодня» газетінің бас редакторы Олеся Жағыпарова қала зираттарындағы санитарлық жағдайды сынға алды. Оның айтуынша, кейбір қорымдарда жылдар бойы жиналған қоқыс тазаланбай жататындықтан, ата-бабасының басына тәу етуге алыс-жақыннан, тіпті шетелден келетін адамдардың өңір туралы жағымсыз пікір қалыптастыруына себеп болып отыр.
Басқарма өкілдері қоқыс тоқсан сайын шығарылатынын айтқанымен, кеңес мүшелері бұл мәселені жүйелі түрде шешу қажет екенін жеткізді.
Ақмола облыстық ұлттық спорт түрлері федерациясының төрағасы Марат Қойшин жерлеу рәсімінен кейін құрылыс қалдықтарын зират аумағына қалдырып кететін азаматтарға жауапкершілік жүктеу қажеттігін баса айтты. Ал, қоғамдық Кеңес төрағасының орынбасары, денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің «SENIM» кәсіподағы қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Серік Кәкенов зират аумағында нақты жүйе мен тәртіптің жоқтығынан, жерлеу орындарының нөмірленбей, ретсіз орналасқанын айтып, мұндай маңызды орындарда қатаң тәртіп болуы керектігін жеткізді.
Жиын барысында ескі мұсылман зиратының қазіргі жағдайы, көлік қозғалысы, жер тапшылығы және қорымдарды цифрландыру мәселелері де қозғалды. Зиратты күтіп-ұстаумен айналысып жүрген Ербол Мырзатаев соңғы жылдары бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылғанын айтты. Оның сөзінше, жаңа жер телімі бөлініп, қазір қорымдарды цифрландыру кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.
Дегенмен, Қоғамдық кеңес мүшелері бұл мәселені әлі де терең талқылау қажет деген ортақ пікірге келді. Нәтижесінде, Көкшетау қалалық қоғамдық кеңесінің қатысуымен прокуратура және полиция қызметкерлерін шақырып, арнайы кеңейтілген отырыс өткізу ұсынылды.
Сонымен қатар, жиын барысында өңір тұрғындарын жыл сайын алаңдататын маңызды мәселелердің бірі, алдағы жылыту маусымына дайындық жайы кеңінен талқыланды. Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына қарасты жылумен жабдықтау нысандарын салу және пайдалану бөлімінің басшысы Темірлан Тілеужанов қолданыстағы қағидаларға соңғы он жыл ішінде айтарлықтай өзгеріс енгізілмегенін айтып, жаңа түзетулердің негізгі мақсаты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың қысқы кезеңге сапалы дайындалуын қамтамасыз ету екенін жеткізді. Оның айтуынша, ендігі жерде әрбір тұрғын үй мен қазандықтың дайындық актісі нақты тексерулерден кейін ғана берілмек.
Мамандардың мәліметінше, бүгінде Көкшетау қаласында 356 тұрғын үйдің нақты басқарушы ұйымы жоқ. Яғни, мұндай үйлерде инженерлік желілердің жағдайына жауап беретін мекеме де, тұрғындардың ортақ шешімін қалыптастыратын алаң да жоқ.
Ақмола облыстық «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Берген Беспалинов бұл мәселенің түп-төркіні тұрғындардың өз мүлкіне деген жауапкершілігінің әлсіздігінен туындайтынын айтты. Оның пікірінше, тұрғындар ортақ мүлікке тек коммуналдық мекеменің мәселесі ретінде қарамай, оған өздері де тікелей жауапты екенін түсінуі керек.
–Үйдің жертөлесі де, жылу құбырлары да, кәріз жүйесі де барша тұрғынға ортақ. Егер әркім тек өз пәтерінің ішін ғана ойлап, ортақ дүниеге бейжай қараса, онда мәселе шешілмейді. Тұрғын үй мәдениеті ең алдымен тұрғындардың жауапкершілігінен басталады, – деді ол.
Ал, «Көкшетау жылу» кәсіпорны өкілдері қазіргі таңда көптеген үйлерде ішкі жылу жүйелеріне бақылаудың әлсіз екенін алға тартты. Олардың сөзінше, бұрын тұрғын үйлерге толық жауап беретін ұйымдар бар болғанымен, қазір кейбір қызмет түрлері қысқарып, салмақ тұрғындардың өзіне түсіп отыр. Сонымен қатар, мамандар барлық жөндеу және дайындық жұмыстары жыл сайын 1 қыркүйекке дейін толық аяқталуы тиіс екенін ескертті.
Қоғамдық Кеңес мүшесі Болат Жұпынов та бұл мәселенің жыл сайын қайталанатынын айтып, бұрынғы жылдардағы нақты мысалдарды келтірді. Оның айтуынша, кейбір үйлерде жылу жүйесіне заңсыз өзгерістер енгізілуі салдарынан, тұрғындардың қыс мезгілінде тоңып отырған жағдайлары кездескен.
–Мәселен, бір үй өз бетінше жылу жүйесіне өзгеріс енгізеді, ал, соның зардабын тұтас бір үйдің тұрғындары тартады. Мұндай мәселені қатаң бақылау қажет, –деді ол.
Сондай-ақ, жиында білім беру саласына қатысты мәселе де кеңінен сөз болды. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы еңбек нарығындағы нақты сұраныстарға негізделіп әзірленгенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда өңірде техникалық мамандарға, өндіріс қызметкерлеріне, аграрлық сала және қызмет көрсету бағытындағы кадрларға сұраныс жоғары.
–Бүгінде жастардың барлығы бірдей жоғары оқу орнына түсуі міндет емес. Елге білікті дәнекерлеуші, электрик, механик, құрылысшы секілді мамандар да ауадай қажет. Сондықтан, мемлекеттік тапсырыс ең алдымен, сұранысқа ие мамандықтарға бөлінеді, – деді ол өз сөзінде.
Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы саласына қатысты ішкішаруашылық суару және коллекторлық-дренаж жүйелерін пайдалану қағидалары да талқыланды. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы өкілдерінің айтуынша, соңғы жылдары су тапшылығы мәселесі күшейіп отырғандықтан, суару жүйелерін тиімді пайдалану аса маңызды болып отыр. Жаңа қағидалар су ысырабының алдын алып, егістік жерлердің өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, отырыста ең өткір талқыланған мәселелердің бірі денсаулық сақтау саласына қатысты болды. Әсіресе, ауылдық жерлерге жұмысқа баратын жас дәрігерлерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау жайы қоғамдық кеңес мүшелерінің алаңдаушылығын туғызды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Диана Есенбаева биыл өңірге медицина мамандарын тарту мақсатында 600 миллион теңге бөлінгенін айтты. Оның мәліметінше, жаңа бағдарламалар арқылы ауылдық жерлерге және аудандық ауруханаларға жас мамандар тартылып жатыр.
Алайда, қоғамдық Кеңес мүшелері әлеуметтік төлемдер мен көтермеақылардың бөлінуіне байланысты бірқатар түйткіл бар екенін жасырмады.
Қоғамдық Кеңес мүшесі Болат Жұпынов кейбір аудандарда жас дәрігерлерге әлеуметтік көмек алу үшін өтініш бермеу жөнінде бейресми қысым болғаны туралы ақпарат түскенін айтты. Оның пікірінше, мұндай жағдайлар жас мамандардың мемлекетке деген сеніміне кері әсер етеді.
–Жас дәрігер ауылға барған кезде өзін қорғансыз сезінбеуі керек. Керісінше, мемлекет ұсынған барлық мүмкіндік пен қолдау оған ашық әрі әділ берілуі тиіс. Егер біз жастарға жағдай жасамасақ, ертең ауылдарда дәрігер тапшы болады, – деді ол жиын барысында.
Серік Кәкенов денсаулық сақтау басқармасы өкілдеріне қаратып, осы уақытқа дейін нақты статистикалық мәліметтердің дайын болмағанына қатысты қатаң сын айтты. Оның сөзінше, облысқа келген кейбір жас дәрігерлер уәде етілген әлеуметтік көмекті уақытында ала алмай, кейін қызметтен кетуге мәжбүр болып отыр.
–Мемлекет қыруар қаржы бөліп отыр. Бірақ, соған қарамастан, біз жас мамандарды ұстап қала алмай келеміз. Бұл тек қағаз жүзіндегі есеппен шектелмей, нақты нәтижеге жұмыс істеу керек деген сөз, – деді ол.
Қоғамдық Кеңес мүшесі Әлия Ахетова да бұл мәселеде аудандық аурухана басшыларының жауапкершілігін күшейту қажеттігін айтты. Оның пікірінше, жас мамандарға қысым көрсетілген жағдайда нақты шара қолданылуы керек.
Осылайша, бірнеше сағатқа созылған отырыс барысында қоғамдық кеңес мүшелері күн тәртібіндегі әр мәселеге байланысты өз пікірлерін ашық айтып, жауапты басқармаларға нақты ұсыныстар мен ескертулер жолдады. Талқылауға шығарылған барлық жобалар бірауыздан қолдау тапты деуге толық негіз бар.
Жиын соңында облыстық Қоғамдық Кеңестің төрағасы Қабдуәли Құлышев халықтың көкейіндегі мәселелерді билікке жеткізіп, олардың шешілуіне ықпал ету қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындарды толғандырған мәселелер назардан тыс қалмайды және олардың орындалуы қоғамдық бақылауда болады.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажары» газетінің өз тілшісі.
![]()

