Жауапты  науқан аяқталып, болашақ өнімге берік негіз қаланды

Көктемгі егім — 2026

Ақмола облысы еліміздің солтүстік өңірлері арасында алғашқылардың бірі болып егіс науқанын аяқтап шықты. Уақытылы жүргізілген дайындық жұмыстары мен кешенді мемлекеттік қолдаудың арқасында өңір диқандары көктемгі дала жұмыстарын агротехникалық талаптарға сай қысқа мерзімде толық атқарды.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, жалпы егіс алқабы 77 мың гектарға ұлғайып, 5,6 миллион гектарға жетті. Егіс құрылымын әртараптандыруға ерекше көңіл бөлінді. Соңғы үш жылда майлы дақылдардың егіс көлемі 6 есеге артып, 715 мың гектардан асты. Мал азықтық дақылдар 166,5 мың гектар алқапқа орналастырылса, тағы 10 мың гектар жерге картоп пен көкөніс егілді.

– Егіс науқанының табысты өтуіне материалдық-техникалық базаның толық дайын болуы ықпал етті. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тұқым материалдарымен және жеңілдетілген дизель отынымен толық қамтамасыз етілді. Топырақ құнарлылығын арттыру мақсатында аграршылар 330 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізді. Сонымен қатар, өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдары өсімдіктерді қорғау құралдарымен толық қамтылды, – деп атап өтті басқарма басшысы Нұрбек Бадырақов.

Жалпы алғанда, облыс аграршыларын қолдауға жеңілдетілген несиелеу мен субсидиялау түрінде 235 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды. «Кең Дала — 2» көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында 840 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге жалпы сомасы 122 миллиард теңге көлемінде несиелік қаржы бөлінді.

Өңірде машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері аграршылар 789  ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы аясында «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 610 техника сатып алу жөнінде келісім-шарттар жасалды.

Ауыл шаруашылығы өнім өндірушілеріне қосымша қолдауды «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асыратын форвардтық сатып алу тетігі көрсетуде. Биыл жалпы сомасы 4,2 миллиард теңгеге 38 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісімен келісім-шарт жасалды. Бүгінгі таңда 3,3 миллиард теңге көлеміндегі 55 өтінім қаржыландырылды. Бұл 59 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Көктемгі егіс науқанының қысқа мерзімде барлық агротехникалық талаптарға сай аяқталуы күзде мол өнім алуға және өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі дамытуға берік негіз қалайды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар