Ауыл мерейін өсірген жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені

Өңірлерді дамыту

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Бірсуат ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Жоба «ТНС-Агро» ЖШС-нің демеушілік көмегінің есебінен жүзеге асырылды.

Марат Ахметжанов ауыл тұрғындарын көптен күткен маңызды оқиғамен құттықтап, дене шынықтыру және спортпен айналысуға жағдай жасау мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Бұл дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бұқаралық спортты дамытуға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге барлық жағдай қарастырылған. Әсіресе, заманауи спорт инфрақұрылымының ауыл тұрғындары үшін қолжетімді болуы маңызды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі де осындайдан көрінеді. Мемлекет аграршыларға қолдау көрсетсе, олар өз кезегінде ауыл тұрғындары үшін осындай қажетті нысандар салады, – деді өңір басшысы.

Аумағы 315 шаршы метрден асатын ангар үлгісіндегі жаңа спорт нысаны бір мезетте 100 адамға дейін қабылдай алады және балалар, жастар мен ересектердің спортпен жүйелі  шұғылдануларына мүмкіндік береді. Әмбебап спорт залы мини-футбол, волейбол, баскетбол және дзюдо бойынша жаттығулар мен жарыстар өткізуге арналған.

– Көп жылдар бойы мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып жұмыс істедім. Сондықтан, салауатты өмір салты мен спорттың жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын жақсы білемін. Біздің ауылда республикалық чемпионаттарда аудан мен облыс намысын қорғап жүрген және жүлделі орындарға ие болған жас спортшылар бар. Жаңа кешен олардың тұрақты жаттығу алаңына айналары сөзсіз, – дейді ауыл тұрғыны Сәкен Үстенбеков.

Сондай-ақ, ауылда елді мекеннің инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне де тұрақты көңіл бөлінуде. Айталық, ауылға дейін ұзындығы 15 шақырым жол пайдалануға берілді, көшелердің жарық шамдары жаңартылып, стадионға жарықтандыру тіректері орнатылды. Бұдан бөлек, облыс әкімі спорт кешенінің жанынан волейбол, футбол, баскетбол және воркаут алаңдарын қамтитын көпфункционалды спорт алаңын салуды тапсырды.

Бірсуат ауылында бүгінгі таңда 700-ден астам адам тұрады. Оның 180-і жастар, сондай-ақ, 15 көпбалалы отбасы бар.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар