Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен көктемгі дала жұмыстарын аяқтау және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов баяндама жасады.
Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Премьер-Министр Олжас Бектенов көктемгі егіс жұмыстарын аяқтау және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин, еліміздің ірі астықты өлкелері саналатын Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының әкімдері баяндама жасап, аграршылар атынан «Зенченко и К» шаруа қожалығының директоры Геннадий Зенченко сөз сөйледі. Ақмола облысы кеңеске бейне-конференция арқылы қатысты. Кеңесті ашып, жүргізген Үкімет басшысы:
– Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының басым бағыты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саланың қарқынды дамуына ерекше назар аударып, оның ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартудағы маңызын, сондай-ақ, азық-түлік қауіпсіздігін және экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз етудегі рөлін үнемі ерекше атап көрсетіп келеді, – деп өңірлердегі көктемгі егіс науқанының аяқталып қалғанын айтты.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жауапты науқанның аяқталуы жөнінде жасаған баяндамасында биыл еліміз бойынша 23,8 миллион гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілгеніне, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 180 мың гектарға артық екендігіне назар аудартты.
Жалпы, елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жоғары рентабельді және әлеуметтік маңызы бар дақылдар алқаптарын ұлғайта отырып, егіс алқаптары құрылымын әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алқабы 15,8 миллион гектарға, майлы дақылдар 4,3 миллион гектарға, мал азықтық дақылдар 3,3 миллион гектарға егілді. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан қажетті қолдау шаралары қабылданып, шаруалар 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз етілді, 2,3 миллион тонна көлемінде тұқымға қажеттілік толық жабылды. Сондай-ақ, 2,3 миллион тонна минералды тыңайтқыштар енгізу жоспарланған. Сонымен қатар, сала министрі мал шаруашылығындағы мәселелерге тоқтала келе, ветеринарияның кейбір өзекті жағдайларын да айналып өтпеді.
– Мал шаруашылығын дамытудың тиімділігі ветеринариялық қауіпсіздікке тікелей байланысты. Осыған байланысты Үкімет ветеринариялық қызметті нығайту, инфрақұрылымды жаңғырту және еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған жүйелі шараларды жүзеге асыруда. Соңғы екі жылда жергілікті атқарушы органдар 9,1 миллиард теңге сомасына шамамен 600 ветеринариялық нысан салды. Мемлекеттік ветеринариялық зертханаларды қосымша жарақтандыру жұмыстары жалғасуда. Республикалық бюджеттен берілетін жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде инфрақұрылымды дамытуға 66,2 миллиард теңге бөлінді. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесі елеулі жетістікке әкелді. Қазақстан ресми түрде аусылдан таза ел мәртебесіне ие болды. Бұл мәртебе отандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді, – деп баяндады Ауыл шаруашылығы министрі.
Ақмола облысы еліміз бойынша агроөнеркәсіп кешенін дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан негізгі астықты өңір екені белгілі. Облыс әкімі Марат Ахметжанов өз кезегінде көктемгі егіс науқанының сәтті аяқталғанын айтып, саладағы жаңа жобалармен ой бөлісті.
– Өңірде егіс науқаны толық әрі сәтті аяқталды. Биыл егіс алқабының көлемі 5,6 миллион гектарға жетті. Біз егіс алқаптарын әртараптандыруға ерекше назар аударудамыз. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың көлемі оңтайландырылып, соның есебінен майлы дақылдар алқабы 715 мың гектарға ұлғайтылды. Науқанның табысты өтуіне мемлекеттік қолдау, материалдық-техникалық базаның дайындығы, тұқымның жеткіліктілігі және жеңілдетілген дизель отынымен дер кезінде толық қамтылу оң ықпалын тигізді, – деді облыс әкімі баяндама барысында.
Сонымен қатар, өңірде мал шаруашылығы да қарқынды дамып келе жатқаны айтылды. Бұған Ерейментау ауданындағы ет кластерін құру жобасы жақсы мысал. Мұнда қалмақ тұқымды ірі қара малдың 7,5 мың басқа арналған репродукторлары мен 30 мың басқа арналған бордақылау алаңын іске қосу жоспарланған. Канадалық технологияларды қолдану арқылы қосымша 100 мың басқа арналған бордақылау алаңдарын жүзеге асыру көзделіп отыр.
Сондай-ақ, өңір басшысы соңғы үш жылда облыста 6 ірі тауарлы-сүт фермасы іске қосылғанынан, тамақ өнімдері өндірісі 18 пайызға артып, 112,7 миллиард теңгені құрағанынан, жыл басынан бері салаға 27 миллиард теңгеден астам инвестициялар тартылғанынан, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге артқанынан хабардар етті.
– Өңірде біздің агроөнеркәсіптің қуатты драйверіне айналатын ірі жобалар да жүзеге асырылуда. Соның бірі жылына 3 миллион тоннаға дейін дәнді дақылдарды толық циклді қайта өңдеуді және қосылған құны жоғары өнім шығаруды жүзеге асыратын «Азия Алтын Дән» кәсіпорны болып табылады. Оның инвестициялық құны 900 миллиард теңге, – дей келе осы тәрізді бірқатар жобаларға тоқталды.
Премьер-Министр кеңесте жылыжай, бау-бақша және балық шаруашылықтары бойынша жеңілдетілген несие беру бағдарламаларын іске қосу, мал өсірушілер үшін кепілдендірілген қарыздар беру, аграршыларды отандық минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету, шегірткемен күрес және су ресурстарын ұтымды пайдалану секілді бірқатар өзекті мәселелерді шешуге бағытталған тапсырмалар берді.
– Ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясат тиімділік пен аграршылардың адалдық қағидаттарына негізделеді. Сонымен қатар, әкімдіктер бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын тұрақты бақылауда ұстауы қажет. Биылғы цифрландыру және жасанды интеллект жылында аграрлық өндірісті егістіктен бастап сауда сөресіне дейін цифрландыру талап етіледі. Сондай-ақ, ауылдық жерлерде жайлы өмір сүру жағдайларын жасау да маңызды. Осы ретте, ел бойынша Зенченко, Ералиев, Сауэр, Құрманқұлов шаруашылықтары жақсы мысал бола алады, бірақ, олардың саны артуы керек. Мемлекет мұндай шаруашылықтардың дамуын жан-жақты қолдап, оларды ынталандыратын болады, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Биыл Зеренді ауданындағы «Дихан плюс» серіктестігі көктемгі дала жұмыстарын ерте бастаған болатын. Мамандардың айтуынша, топырақтың ерте жылынуы егіс науқанын жоспарланған мерзімнен бұрын қолға алуға мүмкіндік берді. Шаруашылық алдымен бұршақ тұқымдас және майлы дақылдарды сеуіп, кейін жаздық егіске кіріскен. Нәтижесінде барлық көктемгі егіс жұмысы қысқа мерзімде аяқталды.
– «Кең Дала-2» бағдарламасы арқылы көктемгі егіс жұмыстарына қажетті қаржыны толық көлемде алдық. Соның арқасында тұқым, өсімдікті қорғау құралдары, жанар-жағар май материалдары сияқты барлық қажетті тауарлық-материалдық құндылықтарды сатып алдық. Сондай-ақ, жеңілдетілген бағамен дизель отынына да дер кезінде қол жеткіздік. Осындай жан-жақты қолдаудың арқасында көктемгі егіс науқанын еш кедергісіз, қарқынды түрде аяқтадық, – деді кеңестен соң журналистерге сұхбат берген серіктестік директоры Денис Швайбович.
Көктемгі дала жұмыстарын табысты аяқтауға мемлекеттік қолдау шаралары оң әсерін тигізді. Биыл егіс науқанын қаржыландыру үшін шаруаларға 235 миллиард теңге көлемінде субсидия мен жеңілдетілген несие берілді. Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғасуда.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

