Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бір ауыл, бір көше қазақша аталған сайын елдің көңілі көтеріліп қалады - АРҚА АЖАРЫ

Бір ауыл, бір көше қазақша аталған сайын елдің көңілі көтеріліп қалады

Еліміз тәуелсіздік алғалы талай елді мекен өзінің ежелгі атауына оралып, бұрынғы мән-мағынасын тауып келеді.

Елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алған жаңғыру – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы десек, жаңғыру жолында бабалардан мирас болып қалған қасиетті жер-су атауларын қайта түлетіп, жаңарту біздің басқарма жұмысының басты бағыты болып отыр.

Бүгінде тарихы терең Ақмола жеріндегі 199 ауылдық округ атауының 52 пайызы (104), 609 ауыл атауының 55 пайызы (337), 5968 көше атауының 46 пайызы (2741) мемлекеттік тілде. Алғашқы лекпен сонау 1991-2004 жылдары жаңарған 112 атаудың
(6 аудан, 1 қала, 21 елді мекен, 84 көше) ішінде бірқатар аудандардың атауы Алексеевка – Ақкөл, Макинка – Бұланды, Державинка – Жарқайың, Балкашино – Сандықтау болып өзгерсе, облыс орталығы Кокчетав – Көкшетау қаласы болып түзетілген еді.
2004 жылы Ақмола облысында тілдерді дамыту басқармасы ашылғаннан кейін ономастика жұмысы қарқынды жүргізіле бастады. Екінші лекпен 2004-2015 жылдары 144 елді мекен, 1717 көше жаңа атауға ие болды. Соның ішінде шоқтығы биігі – әлемдік деңгейде курорттық аймақ болып табылатын Щучье ауданы Бурабай ауданы болып қайта аталды. Соңғы үш жылды шолып өтсек, облыс бо-
йынша 2016 жылы 239 көше, 2017 жылы 299 көше және 7 елді мекен қайта аталса, өткен жылы 23 елді мекен мен 696 көшенің атауы жаңартылды. Оның 69-ы облыс орталығы Көкшетау қаласына тиесілі. Қала тұрғындарын ерекше рухтандырған бір мысал, Көкшетау қаласының қақ ортасындағы, ұлтымызға қыруар қасірет әкелген Капцевичтың атындағы көше белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Бәйкен Әшімовтің есімімен ауыстырылды. Сонымен қатар, «Ел ерімен көрікті» дегендей, нысандарға атақты тұлғалардың есімін беруге де назар аударылуда. Көкшетаулықтардың көптен күткен тілегі орындалып, Ел тәуелсіздігі қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ақмола облысының Еңбекшілдер
ауданына сол жердің төл тумасы, қаймана қазақтың мақтанышы Біржан сал бабамыздың есімі берілді. Бұдан бұрын Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Ақмола облыстық филармониясына Үкілі Ыбырайдың, облыстық спорт мектебіне Балуан Шолақтың, Көкшетау қаласының №18 қазақ мектебіне жуырда «Аманай мен Заманай» повесі Лондонда ағылшын тілінде жарық көрген, Қазақстанның халық жазушысы, жерлесіміз Сәкен Жүнісовтің есімдері беріліп, келер ұрпаққа ұлағатты іс болды.
Жалпы, облыстағы 15 Ленин көшесі, 9 Комсомольская көшесі, 7 Советская көшесі, тіпті елді мекендердегі Чапаев, Пугачев, Ворошилов, Буденный, К.Маркс, Энгельс көшелері де ұлттық танымға жақын атаулармен жаңартылып, Малотимофеевка, Антоновка, Красноярка, Максимовка, Красный горняк сияқты елді мекендердің тарихи атаулары қайтарылды.
Ономастикалық жұмыста ашықтық қағидаттарын ұстана отырып, ақпараттық-танымдық жұмыстарды дәлелді де дұрыс жүргізу арқылы қоғамда оң пікір қалыптастыруға баса назар аударылады. Идеологиялық тұрғыдан ескірген әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атаудың маңыздылығы туралы бұқаралық ақпарат құралдарында өткен жылдың басынан бері жетпіске тарта мақала жарық көрді.
Мемлекеттік басқару академиясының Ақмола облысы бойынша филиалында ауыл әкімдерімен, жергілікті жердегі мемлекеттік қызметшілермен көзбе-көз сұхбаттасу мүмкіндігін беретін «Ономастиканың өзекті мәселелері» тақырыбындағы дәрістер де тұрақты түрде оқылады.
Сонымен қатар, басқарма қызметкерлері онлайн режимінде өтетін отырыстардан тыс жоспар бойынша аудан орталықтарына шығып, семинар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, ономастика мәселелері бойынша жұмыстарды жүргізу мен құжаттарды рәсімдеуде заңнама талаптарын бұлжытпай орындау тұрғысында әдістемелік көмек көрсетіледі.
Дегенмен, басқарма тарапынан әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктерінің атауларына жүргізілген мониторинг нәтижесі облыс көлемінде әлі де 83 ауылдық округ, 242 елді мекен және 623 көшенің идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар екендігін көрсетті. Әлі де Андреевка, Еленовка, Мариновка, Калиновка, Ивановка сияқты атаулар көптеп кездеседі.
Елді мекендердің тарихи атаулары тайға таңба басқандай болып мұрағаттық құжаттардан, ғылыми еңбектерден табыла қалса жақсы. Көп жағдайда ауылдардың тарихи атаулары табылмайды. Осы орайда, басқарма мамандары Омбы облысының тарихи мұрағатына барып, «Картографиялық құжаттар тізімдемесі» қорынан іздестіру жұмыстарын жүргізіп, көптеген көне карталардың көшірмелерін алып қайтты. Соның нәтижесінде Атбасар, Сандықтау ауданына қарасты бірқатар елді мекендердің тарихи атаулары табылды. Карталарды талдап, зерттеу мақсатында облыстық мұрағат қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс жүргізілуде.
Жұмыс барысында Ақмола облысының Ақкөл аудандық архивінің қорынан 1889 жылы әскери топографтар корпусы құрастырған Тобыл, Ақмола және Торғай облыстарын қамтыған 21 парақтан тұратын «Азиялық Ресейдің оңтүстік шекаралық сызығы картасы» атты 3-ші атлас табылды. Картада Қазақстанның солтүстік аудандарының толық географиялық сипаттамасы берілген, оған географиялық нысандар мен олардың тарихи атау-
лары енгізілген. Мысалы, Ақкөл ауданындағы Гусарка селосының ежелгі тарихи атауының Домбыралы екендігі осы картадан анықталған болатын. Ал, тарихи атаулары табылмаған елді мекендерге сол жердің географиялық ерекшеліктеріне сәйкес, жергілікті тұрғындардың пікірі ескеріліп, Ақбұлақ, Теректі, Қарағайлы, Арнасай секілді атаулар беру де тәжірибемізде бар.
Биыл Ұлттық санаққа қатысты ономастика жұмыстарына уақытша мораторий жарияланады деп күтілуде. Сол үзілісті пайдаланып осы айтылған идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекендердің, сол жерлердің тарихи атауларын анықтау мақсатында тарихшы, әдебиетші ғалымдарды тарта отырып, жергілікті жердегі архив, музей, кітапханаларда зерттеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта Алматы, Астана қалаларындағы және Солтүстік Қазақстан облысы мен Омбы қаласындағы архивтермен бірлесіп жұмыс жүргізу туралы келісімге келмекпіз.
Жер-су, елді мекен, көше атауларын өзгерту ең алдымен елдігімізге, халқымыздың болашағына, келешек ұрпаққа керек. Сондықтан, әр атауда ұлттық мүдде таразыға салынатын, ел тарихын екшеп, көп ізденуді, табандылықты талап ететін жауапты істе әрбір азамат белсенділік танытса екен деген тілегіміз бар.
Сөз соңында жуырда ғана Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылдың 23 қарашасындағы Қаулысымен Ақмола облысы Аршалы аудандық білім бөліміне қарасты №3 Аршалы орта мектебіне Жұмабек Тәшеновтың есімі берілгендігін қуана айтқымыз келеді. Демек, елдігімізді игі істермен әдіптеу жолында бұл да бір жетістігіміз.

Айгүл ТАЛПАҚОВА,
Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының ономастикалық жұмыс және көрнекі ақпаратты бақылау бөлімінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар