Краснояр кентіндегі «Көкше» мәдениет сарайында Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығының көшпелі мәжілісі өткізілді. Жиналысқа Қауымдастықтың жауапты қызметкерлері, аталған қоғамдық ұйымның Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облыстарындағы филиалының басшылары, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Жабал Ерғалиев, жергілікті билік, көші-қон полициясының өкілдері және арнайы салынған «Нұрлы көш» ауылының тұрғындары қатысты.
– Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығының Ақмола облысындағы көптармақты жұмысын жандандыру мақсатында осы аймақта тұратын қандастарымызбен бас қосып отырмыз, – деді кіріспе сөзінде Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысындағы филиалының төрайымы Қарлығаш Қожамұратова. Мақсат – облыс әкімшілігімен бірлесе отырып, елге оралған қандастарымыздың алдағы өтетін сайлаудан шет қалмай, Қазақстан азаматы ретінде ел Президентіне дауыс беруін және шет елде тұратын бауырларымыздың елге келем деушілеріне тиісті жағдай жасауды қарастыру.
Осы ретте, атажұртқа оралған қандастармыз тарапынан, Қауымдастық мүшелеріне көптеген сұрақтар қойылды. Бұлардың негізгісі оралман мәртебесін алу, көші-қон полициясында тиісті құжаттарды рәсімдеудің қиындығы, тілдік қатынастардағы келеңсіздіктер, «Нұрлы көш» ауылындағы тұрғын үйлердің сапасыздығы, еңбек және кәсіпкерлік қызмет қатынастарындағы орашолақтық мәселелеріне саяды.
– «Нұрлы көш» ауылында екі пәтерлік 138 үй бар. Мұнда 1175 адам тұрса, оның 500-і тұрақты жұмыспен қамтылған, – деді Краснояр селолық округінің әкімі Нұрлан Айсин. Бұл тұрғын үйлердің сапасы нашар екендігін білеміз және жағдайды түзету бойынша жұмыстарға да көңіл толмайтынын жасырмаймыз. Соған қарамастан, ауыл жолын жөндеуге 25 миллион теңге қаржы жұмсалғанын, былтырғы сенбілікте 400 ағаш егілсе, биыл 160 түп қарағай отырғызылғанын айтқан жөн. Тұрғындар өз үйін күтіп ұстауға да көңіл бөлуі керек. Ауылда бала бақша жасындағы 210 бала бар. Облыс және қала басшылығы жаңадан салынатын бала бақшаның орнын белгілеп, тиісті қаржы бөліп отыр. Жалпы, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде «Нұрлы көште» ауықымды жұмыстар жүргізудің сметалық құжаттары дайындалып, Үкіметтің қарауына жолданды. Мұндағы ірі проблеманың бірі азаматтық алу болса, екіншісі – тұрғын үйді заңдастыру. Өйткені, бізге кәсіпкерлікпен айналысуға өтініш берушілер, азаматтығы болған күннің өзінде, кепілзатсыз банк несиесін ала алмауда. Қауымдастық осы жағдайлардың шешілуіне көмектесуі тиіс.
Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығы төрағасының бас кеңесшісі Мұхит Избанов шет елдегі қазақтар тағдырына қатысты тарихи деректерге арналған әңгімесін, 1954 жылғы «Ұлы көш» картасына қысқаша шолу жасаумен аяқтады. Көші-қон жұмысының басы-қасында болған Мұхит Кәрімұлының мына сөздері жиналған қауымды тебіреніске түсіргендей еді: «Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған жылдары 1 миллионнан астам қандастарымыз көшіп келген. Олар жұмақ іздеп емес, өзіміз тұратын жерді жұмаққа айналдырайық деп келді. Әлі де болса Қазақстаннан тысқары жерлерде тұратын бауырларымыздың саны бірнеше миллион болады. Мысалы, тәуелсіздігімізді бірінші болып таныған Түркияда 20 мыңнан астам қандастарымыз бар. Ұлы көшті ұйымдастыру әсте оңай шаруа емес. Бұл орайда халқымыздың «Көш жүре түзеледі» деген даналығына жүгінгеніміз жөн. Менің ойымша, Қауымдастықтың өкілеттігін Қазақстан халқы Ассамблеясы деңгейіндегі үлгімен кеңіткен дұрыс».
– Әртүрлі жағдайлармен оралман мәртебесін жоғалтқан немесе мерзімі өтіп кеткен кісілердің Қазақстандағы саны 30 мыңнан асады, – деді Қауымдастық жанындағы «Отандастар қоры» байланыс орталығының жетекшісі Марат Тоқсанбаев. Қазіргі күні оралман мәртебесін жоғалтқан этникалық қазақтар үшін оралман мәртебесінің бір реттік жарамдылық мерзімін ұзарту акциясы жүргізілуде. «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы, 1-тармағына (6-3 тармақшасы) сәйкес оралман мәртебесін беру немесе ұзарту жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде болғандықтан, біз өз тарапымыздан түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Аталған жұмысты атқару мерзімі 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі уақытты қамтитынын ескертеміз. Қапы қалмаңыздар.
Жиналған қауым Қауымдастықтың көрші облыстардағы филиалдары басшыларының атқарып жатқан істері мен жұмыс тәжірибелері туралы хабарламаларын ден қоя тыңдады.
Бұдан кейін кездесуге қатысушылар назарына «Ұлы көш» фильмі ұсынылып, «Оралмандар қорының» вице-президенті Мәди Манатбек қор қызметінің таныстырылымын өткізді.
Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік Ескенов.