Дене тәрбиесі пәнін оқытудың сапасын жақсарту өте маңызды. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақтың, әсіресе, қала балаларының тән саулығы, шымырлылығы мен еңбекке қабілеттілігі осы пәннің қай деңгейде өтетініне байланысты.
Таяуда «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының базасында Жастар жылы шеңберінде «Дене шынықтыру пәнінің үздік мұғалімі-2019» ІV республикалық байқауы өткізілді. Бірден айта кетейік, байқаудың негізгі мақсаты дене тәрбиесі пәні мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін жетілдіру. Еліміз бо-
йынша пән мұғалімдерінің білімі мен білігі, кәсіби шеберліктері сын тезіне түскен бұл байқауды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен ұлттық дене тәрбиесі ғылыми-тәжірибелік орталығы өткізіп отыр. Жастар жылы шеңберінде болғандықтан, байқауға отыз жасқа дейінгі талапкерлер қатысты. Тек жасы ғана емес, тәжірибесі де ескерілген. Үміткерлердің жалпы білім беретін мектептерде өз пәні бойынша жұмыс істеген жеті жылдық тәжірибесі болуы шарт.
Республикалық сынаққа өз өңірлері үкілеп үміт артқан кіл жүйріктер жиналды. Олай болатындығы, алдымен аудандық, облыстық байқаулар ұйымдастырылып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар сын тезінен өткізілген. Бурабайдың баурайындағы көрігі қызған байқауға Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларымен қатар, еліміздің 13 облысынан және «Балдәурен», «Балдәурен-Шымкент» республикалық оқу-сауықтыру орталықтарының өкілдері қатысты.
Алдымен салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. Кәсіби біліктіліктерін сарапқа салғалы тұрғандардың алдында «Балдәурен» орталығының бас директоры Мұхитдин Төлепбай және байқаудың бас төрешісі, ұлттық дене тәрбиесі ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Садық Мұстафаев сөз сөйлеп, аталмыш байқаудың мән-маңызына тереңірек тоқталып өтті. Шешендердің айтуына қарағанда, мұндай жиын өткізудің пайдасы мол. Біріншіден, еліміздің әр түкпірінен келіп отырған үміткерлердің бойындағы кәсіби білім-біліктілігі арқылы әр аймақта дене тәрбиесі пәнінің қаншалықты даму үстінде екендігін сараптауға болады. Екіншіден, өзара бақ сынасқан пән мұғалімдері әріптестерінің озық әдіс-тәсілдерін, тәлімді тәжірибелерін тереңірек танып, бойларына сіңіреді. Айналып келгенде, үздікке ілесу арқылы ортақ іс алға жылжиды.
Байқау барысында біліктілікті сараптау және жаңашыл педагог бағыттары бойынша талапкерлердің өресі таразы басына тартылды. Алғашқы сынақта пән мұғалімдері дене тәрбиесі бойынша 30 сұрақтан тұратын сауалнамаға жүз минуттың ішінде жауап берсе, 20 сұрақтан тұратын педагогика және оқыту әдістемелері орайындағы біліктіліктері безбенделді. Сондай-ақ, осы бағытта әр мұғалім баскетбол, волейбол тәрізді спорт түрлерінен нақты іс-қимыл үлгілерін көрсетті.
Байқаудың екінші кезеңінде қатысушылар өз мамандықтарына орай озық ойларымен, ілкімді істерімен, нәтижелі жұмыстарымен ерекшеленді. Пәнді оқыту барысындағы тиімділігі мол жаңалықтарымен бөлісті.
Байқаудың үшінші, төртінші кезеңдері де қызғылықты әрі тартыс-ты ұйымдастырылды. Ашық сабақ өткізілді. Мектептегі спорт шараларын ұйымдастырудың үздік үлгілері сарапшылардың назарына ұсынылды. Мәселен, 5-9 сыныптарда бұл пән білім беру саласындағы жаңартылған бағдарлама бойынша өткізіледі. Жарыстың бір ерекшелігі, конкурсқа қатысушылар тақырыптарды өздері таңдап алды.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Батыс Қазақстан облысының өкілі Абзал Наурызбаевқа бұйырса, бірінші орынға Жамбыл облысынан Дмитрий Воронько, екінші орынға Маңғыстау облысының өкілі Көбен Нұрсұлтан ие болды. Ал, үшінші орын Ақтөбе облысынан келген Самғат Есқараевқа бұйырды.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.
Бурабай ауданы.