Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еселі еңбек еш кетпейді - АРҚА АЖАРЫ

Еселі еңбек еш кетпейді

немесе жайықтанушы Еркін Дәуешұлы туралы бір үзік сыр

Кезінде Сырым батыр Бөкен биден, шалдың үш түрі болушы еді, сіз соның қайсысы боласыз деп сұрапты. Сонда Бөкен би: қазымыр десең – кемпірімнен сұра, қыдырма десең – көршімнен сұра, қадірсіз десең – халқымнан сұра, десе керек.

Мен де сондай бір халқының қадірлісі атанған жанды көріп, оның ұлтына жасап жатқан өнегелі ісіне тәнті болдым. Орта бойлы, кең жауырынды, биік қабақты, ат жақты, баяғының батырындай жүректі, шымыр денелі, өткір көзді, қою қасты, аққұба тұлға – бүгінде біраз атақ дәреженің иесі. Көңілі таза, ізгілікті ойлайтын, көңілі кәусар таза адамдардың жөні бір бөлек. Сондай болмысымен үлкен-кішіні тәнті еткен тұлға – Еркін Дәуешұлы (суретте).
Еркін Дәуешұлы Ақкөл ауданында 1939 жылы колхозшы отбасында дүниеге келген. Осындағы Кеңес орта мектебін тәмамдап, 1956 жылы Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтының физмат факультетіне түсіп, 1961 жылы бітіреді. Ұстаздықтан басталған қызмет жолы ауданның білім басқармасына дейін жалғасты, одан әрі Астана қаласындағы қарттар үйінде 14 жыл психолог болып қызмет атқарды. Бұл кісі Қазақстанның әлеуметтік саласындағы тұңғыш психологі. Қазіргі таңда ардагер-педагог, Ақкөл ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын»,– дегендей мен бүгін сіздерге ағамыздың Ақкөл ауданына сіңірген үлкен еңбегі жайлы айтпақпын. Ол еңбегі – журнaлиcт, жaзушы, Қapaғанды қaласының құpметті aзаматы Жaйық Кәгенұлы Бектұpов жайлы болмақ. Нақтырақ айтқанда ел үшін езгіні көріп, еңсесі түспеген, халқы үшін қамауда болып, қары сынбаған ағамыздың атын Ақкөл жұртына таныстыру. Еркін ағамыз 1986 жылдың қыс айында Ж.К.Бектұровпен «Оқжетпес» шипажайында біраз уақыт бірге демалған екен. Сол кездесуде еліміз туралы көп әңгіме айтылған көрінеді. 1998 жылы 26 наурызда сексен алты жасқа қараған шағында Ж.Бектұров өмірден өтті. Содан ол кісіні Ақмола облысы, Ақкөл ауданы біле бермейтінін ескеріп, өмірбаянын оқуға кіріседі. 1937 жылы айдалып, атылып кеткен еліміздің зиялылары туралы шындықты халыққа алғашқы болып жеткізушілердің бірі, Ғабит Мүсірепов тірі шежіре деп атаған, 80 жылдық мерейтойында Елбасымыз құттықтаған Жайық ағамызды елінің білмеуі дұрыс емес деп ойлайды. Елдің көзі ашық азаматтары, оның ішінде руластары үндемей қалғанда Еркін ағамыз неге ол кісіні еліне жақсы таныстырып, есімін мәңгі қалдыру жөнінде еңбек етпеске деп іске кіріседі. Ағамыз Жайық Бектұровтың мынадай өлең жолдарына сүйенсе керек:
«Мені іздеп жоқтаушы да табылар деп,
Біраз жұрт сөзімді де сағынар деп,
Сымбатты сәнді мүсін қоймаса да,
Ойлаймын бір тасқа атым жазылар деп….».
Содан өзінің және Жақаңның туған өңірі Амангелді ауылына барып, көзі ашық азаматтармен, ұстаздармен 2000 жылы кездесу өткізеді. Ауылдың 100-ге тарта тұрғындарын жинап, жиналыста мектеп есімін беру, орталық көшені сол кісінің атымен атау туралы шешім қабылданады. Шешім аудандық ономастикалық комиссияға жіберілді. Өкінішке орай, сол кездегі комиссия төрағасының салғырттығынан екі жылдай қаралмай жатады. Ерекең 2002 жылы зейнетке шыққан жасында аудан әкіміне ресми хат жазады. Көңілі толмайтын жұмыс жүргізіліп жатыр, шешілу үстінде деген жауап алады. Осыдан кейін аудан әкімі ауысады. Осы сәтті оңтайлы пайдаланып, мектепті ұзақ жыл басқарған бұрынғы директоры он шақты адамға қол қойдырып жаңа хат жолдайды. Хаттың қысқаша мазмұны: «Жайық Бектұров бұл мектепте оқыған жоқ, мектеппен байланысы болған жоқ. Есімін беруге қарсымыз».
Жұмыс одан сайын қыза түседі. Ерекең аудандық, облыстық газеттерге мақалалар жазып, Жақаңды кеңінен таныстыруды тоқтатпайды. Біраз уақыт аралығында әлгі директордың жұбайы Жайық Бектұровты жақсы білетіндігін, Қарағандыда үйінде болғандарын жазыпты. Әкімге жазылған хатпен мақала бір-біріне қарама-қайшы келіп тұр. Осы қылықтары туралы газет тілшісі Жақсыбай Самрат және қарағандылық журналист Ермекбаев мырзалардың «Егемен Қазақстан» газетінде ауқымды мақалалары шығады. Бұдан кейін Ақкөл ауданы мәслихатының шешімімен аудан орталығындағы бір көшеге есімі беріледі. Ақкөл ауданына Рашит Қайыржанұлы Әкімов келген соң Ерекең сол кісімен ақылдасып, аудан орталығындағы үлкен қазақ орта мектебіне есімін беруге келіседі. Құжаттар дайындалып, аудандық, облыстық, республикалық ономастикалық комиссиялар қарап, оң шешім қабылданады. «Бір жамандықтың бір жақсылығы бар», – деген осы шығар. Есімі Амангелді ауылындағы мектебіне берілмей, аудан орталығындағы үлкен қазақ орта мектебіне берілгенінде Ерекеңнің қуанышында шек болмапты. Бір-екі жылда шешілетін мәселе осылайша ұзарып 17 жылға созылса керек. Ақкөл ауданының бүгінгі әкімі Теміржан Едігенов мырзаның алғы сөзімен «Жаны жайсаң Жайық аға» атты кітап жазылып, құрастырылады. Сонымен қатар, аудан әкімінің шешімімен жылда қазан айы Жайық Бектұров айы аталып, Амангелді және өзі оқыған Кеңес мектебінде, Ақкөл ауданының №3 қазақ орта мектебінде жалпы аудан бойынша түрлі іс-шаралар, музейлер мен бұрыштар ұйымдастырылуда. Осылайша Жайық ағамыздың екінші өмірінің жалғасуына өз үлесін қосқан Еркін Дәуешұлы өзінің төзім, сабыр, қайраттылығының арқасында алға қойған мақсатына жетті.
Кемеңгер Қанжығалы Бөгембайдың немересі Саққұлақ шешен өз заманында ұрпағына мынандай бір ұлағатты сөзін қалдырса керек: «Басшың – ақыл болсын, жетекшің – талап болсын, шолғыншың – ой болсын, жолдасың – кәсіп болсын, қорғаның – мінез, қорғаушың – сабыр болсын». Осы даналықты Еркін Дәуешұлының бойынан көргендеймін. Алдағы өмірде осы қасиет өскелең ұрпақтың бойынан табыла бергені ғанибет.
Бақытқали МҰСАБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Қарағанды қаласы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар