Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті рейтинг бойынша еліміздегі жоғары оқу орындары арасында алғашқы лектен көрінуде.
Университет түлектері бүгінгі таңда халық шаруашылығының әр саласында еңбек етіп, мектептерде, колледждерде, университеттер мен Қазақстан академияларында сабақ береді. Олардың арасында ел ғылымына елеулі үлес қосып жүрген ғылым докторлары мен кандидаттары да бар.
Университет өз ісіне адал педагогтарды, психологтарды, тілтанушылар мен әдебиетшілерді даярлайды. Жаратылыстану ғылымдары факультетінде талантты математиктер, болашағынан зор үміт күттіретін физиктер, химиктер мен биологтар, білімқұмар экологтар мен географтар, туризм және мейрамхана бизнесі бойынша жаңашыл жастар білім алуда.
Университет қабырғасында жалпы медицина бойынша ашылған жаңа факультетке жастардың сұранысы жоғары. Бұлардың қатарында шетелден келген жастар да білім алуда. Ордалы оқу орнының студенттері қала және облыстың қоғамдық өміріне белсене ат салысып келеді. Олар спортта да, өнерде де абырой биігінен көрініп жүр. Оқу орнында көптеген үйірмелер, пәндер бойынша түрлі тәжірибелерді жүргізу үшін тамаша зертханалар жұмыс істейді.
– Университеттің үгіт биргадасы біздің облыстың түкпір-түкпірінде ғана емес, көрші өңірлерге де барып, насихат жұмыстарын жүргізеді,– деп бас-
тады әңгімесін университет түлегі, қазіргі таңда аталмыш білім ордасының оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Жақыпова.
– Жыл басынан бері біз өңірдің бес ауданында болып, жақында көршілес облыстың Айыртау ауданына да бардық. Аудан орталығы Саумалкөлде орналасқан мәдениет үйінде жастармен кездесу кешін ұйымдастырдық. Зал лық толы болды. Жастар біздің университетте білім алуға қызығушылық танытып, сұрақтар қойды. Сонымен қатар, әр факультеттен келген студенттеріміз өздерінің оқуы, қол жеткізген жетістіктерімен бөлісіп, өз ойларын ортаға салды. Жиналған көпшілікке концерттік бағдарлама да ұсынылды. Ағымдағы жылы біздің университетке түсуге ниет білдіргендер көп болады деп ойлаймыз, ал, талапкерлерді қабылдауға біз әрдайым әзірміз,– дейді университет проректоры.
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.
Суретті түсірген автор.
Суретте: Профессор Айгүл Жақыпова Айыртау ауданының жастарымен ой бөлісуде.