Жуырда Қазақстанның медицина қызметкерлерінің салалық «Сенім» кәсіподағының Ақмола облыстық филиалының делегациясы Жастар жылы аясында Қостанай қаласында өткен аймақтық жастар форумына қатысып келді.
Қостанай мен Солтүстік Қазақстан аймағынан өкілдер қатысқан форум жұмысына біздің облыстан аталған салалық кәсіподақтың 25 мүшесі барды. Медицина қызметкерлерінің кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы Серік Кәкеновтың айтуынша, бұл шара екі күнге жалғасқан.
–Форум өте жоғары дәрежеде өтті. Барлығымыз үйге көтеріңкі көңіл-күймен оралдық. Ал, ең бастысы өңіріміздің медицина саласын, қандай жетістіктеріміз бар екендігін абыроймен көрсете алдық. Бүгінде біздің салалық кәсіподақтың қатарында 7,5 мыңға жуық адам бар, – дейді филиал төрағасы.
Ақмолалық делегаттар форум аясында өткен «Болашақтың ауруханасы», «Болашақтың емханасы» және «Мен министр болсам, не істер едім» деген тақырыптардағы дебаттарға белсене қатысты. Сондай-ақ, көңілділер мен тапқырлар ойынында жетістікке жетіп, марапаттар мен ақшалай сыйлыққа ие болды.
Осы орайда, ерекше айта кететін қуанышты жайт, шарада еңбегімен көзге түскен 12 жас дәрігерге 500 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Мұндай марапатқа біздің облыстан Есіл орталық аудандық ауруханасының учаскелік дәрігері Екатерина Шлегель, көпбейінді облыстық аурухананың бөлім меңгерушісі Рүстем Исмағұлов, Шортанды орталық аудандық ауруханасының хирург-дәрігері Сырым Тоқтахмет және Көкшетау қалалық емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Мәдина Сағынбаева лайық деп танылды. Тағы бір бағалы сыйлықты көпбейінді облыстық аурухананың дәрігері Алмаз Кенжетаев алса, ақшалай сыйақы мен грамоталар Көкшетау қаласынан барған дәрігерлер Олжас Әменов пен Төлеген Есмағамбетовқа берілді.
Үстіміздегі жылдың мамыр айында Жас-тар жылы аясында Қарағанды қаласында републикалық жастар форумы өткізіліп, онда «7-20-25» бағдарламасы аясында жас мамандарға пәтер алуға ақшалай сертификаттар тапсырылады деп күтілуде. Оған облысымыздан бес үміткер таңдалып қойылған екен. Ал, жалпы медицина қызметкерлерінің «Сенім» республикалық кәсіподағы бұл іске 120 миллион теңге бөлмекші.
Шыңғыс ТӘШЕНОВ,
журналист.