Қазақстан халқының бірлігі мерекесі күні Көкшетау қаласындағы «Алтын ғасыр» сауда үйінің алаңында ауыл шаруашылығы
өнімдерінің жәрмеңкесі болып өтті. Сауда шатырларын Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев аралап көріп, саудагерлер мен тұтынушыларды осынау маңызды мерекемен құттықтады, сауданың барысы жөнінде сұрап білді, азық-түлік тағамдарының сапасы мен бағасына назар аударды.
Жәрмеңкеде Астрахан, Аршалы, Бұланды, Егіндікөл аудандарының және Көкшетау қаласының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері 32,7 миллион теңгенің 200 тонна өнімін ұсынды. Облыс орталығының тұрғындары мен меймандары жергілікті өндірушілер әкелген азық-түлік тағамдарының отыздан астам түрін сатып алып жатты. Өнім бағасы нарықтікінен 15-20 пайыз арзан болды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Димаш Таласбаевтың айтуынша, облыстың аграршылары 14,8 тонна ет және шұжық, 160 мың дана жұмыртқа, 5,9 тонна сүт және сүт өнімдерін, 24 тонна балық, ұн, картоп және өзге де өнімдер әкеліпті. Сондай-ақ, жәрмеңкеде әртүрлі жеміс ағаш көшеттері саудаланды.
Әсіресе, Бұланды ауданы құрған сауда шатырының алдында тұтынушылар қарасы көп болды. Олар жас мал мен құс етін, жұмыртқа сатып алып жатты. Аудан әкімінің орынбасары Ораз Смағұловтың айтуынша, бұл өңір 1,5 тонна ірі қара,150 келі қой, 400 келі ақтұмсық, 800 келі құс, 1400 келі жылқының сүр етін, әртүрлі балық, бал, қаймақ, май, ірімшік, құрт, 700 келі шұжық, 500 литр сүт, 400 келі сары май әкеліпті. Астрахан ауданының әкімі Нұрлан Сейілов өз сөзінде ірі қара мал еті 1250 теңгеден, жылқының еті 1350 теңгеден, қой еті 1200 теңгеден, жұмыртқа 220 теңгеден сатылып жатқанын айтты. Бұл ауданның сауда сөрелері ет пен шұжыққа, құрт пен жұмыртқаға, бал, сары май мен ірімшікке толы болды. Аршалы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рахат Мусинов пен Егіндікөл аудандық ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жарасбек Жақанов еттің түр-түрін, бал, жұмыртқа, сүт өнімдері мен күнбағыс майын, картоп пен оның тұқымын әкелгендерін айтып берді.
Біз қала тұрғыны Гүлшат Досбергенованы әңгімеге тарттық.
–Азық-түлік тағамдарын нарық бағасынан 20 пайыз төмен бағамен сатып алдым. Жәрмеңкені мереке күні ұйымдастырған облыс әкіміне
алғысымды білдіремін. «Нан болса, ән болады»,– демекші, мереке күні жұрттың дастарханы мол болуы тиіс,–деді зейнеткер. Ең үздік аудандық шығармашылық ұйымдарының қатысумен болған концерттік бағдарлама жұртшылықтың көңілінен шықты. Сөйтіп, маңызды мереке күні ұйымдастырылған жәрмеңке қала тұрғындары мен меймандарының көңілін бір көтеріп тастады.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.