Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түрлі қайырымдылық істерімен қоғамға септігін тигізіп жүрген ерікті жастардың шәкіртақысын 30 пайызға дейін көтеруге тапсырма берген болатын. Бұл жас буын өкілдеріне таптырмас мүмкіндік екені рас.
Алдымен, «еріктілер» деген кімдер? Осы мәселеге тоқталып өтсек. «Ерікті» немесе «өзі тіленіп жұмыс істеуші» терминдері өткен ғасырдағы 80-ші және 90-шы жылдардың басында Қазақстанда алғашқы үкіметтік емес ұйымдар қалыптаса бастаған кезден бастап кеңінен қолданыла бастады. Біздің елдегі еріктілерге арналған «Қазақстандағы еріктілер» атты зерттеудің авторлары «еріктілер» немесе «өзі тіленіп жұмыс істеуші» түсініктерін қоғамдық ұйымда жұмыс істейтін, белгілі бір міндеттерді орындайтын және еңбекақы мен басқа да ақшалай дотация түрінде материалдық сыйақы алмайтын адам деп анықтайды. «Еріктілер – құнды көздер» деген еңбекте «Еріктілер жұмысы – бұл басқа адамдардың игілігі үшін саналы, ерікті және ақысыз қызмет ету. Саналы және риясыз басқа адамның игілігі үшін еңбек етіп жүрген кез-келген адам ерікті болып саналады» деп жазылған екен.
Бүгінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ерікті жастардың шәкіртақысын 30 пайызға дейін өсіру мәселесін жоғары оқу орындарымен бірге талқылап, жоба жасауда. Аталған жоба аясында студенттер волонтерлік қызметке көптеп тартылады деп күтілуде. Үш жылда жобаға қатысатын студенттер санын 20 мыңға жеткізу көзделуде. Оларға келісілген пәндер бойынша екі түрлі ваучер ұсынылады: екі және бес кредиттік ваучер. Бұл – 20 немесе 50 сағаттық волонтерлік қызмет және сағатына 1 000 теңгеден төленеді. Әлеуметтік студенттік ваучер төмендегі бағыттар бойынша әлеуметтік пайдалы қызметпен айналысатын студенттерге беріледі: олар – инклюзивті білім беру, қазақ тілі, ағылшын тілі, компьютерлік сауаттылықтан қосымша сабақ беру, девианттық мінез-құлқы бар кәмелетке толмаған балалармен жұмыс істеу, аулалық және спорттық клубтарды ұйымдастыру, егде жастағы адамдармен әлеуметтік жұмыс.
Біздің облысымызда ерікті болып еңбек етіп жүрген жастарымыз баршылық. Солардың бірі – «OVS Dream» біріккен тәлімгерлер одағының жетекшісі Мәдина Байғожина. Бүгінгі таңда облыс орталығындағы Назарбаев
зияткерлік мектебінің 12 сыныбында оқитын белсенді жас волонтерлік іспен 2016 жылдан бастап айналысады. Алғашында ерікті жануарларға көмек көрсетсе, 2017 жылы елімізде халықаралық «ЭКСПО» көрмесін өткізуге атсалысқан.
«OVS Dream» одағының құрамында 16-20 жас аралығындағы 50-ден астам тәлімгерлікпен айналысатын жастар және еріктілер бар. Олардың көбісі жаз мезгілдерінде лагерьлерде жұмыс істейді, сонымен қатар, волонтерлік істі де қатар алып жүреді. Аталған одақтағы еріктілердің алғашқы жобаларының бірі «Жақсылық қорабы» деп аталыпты. Ол қорап «Глобус» сауда үйінде орналастырылып, оған тұрғындар киім-кешектерін қалдырып отырған екен. Ал, еріктілер бұл киімдерді әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына таратып берген. Сонымен қатар, жанарынан айырылған Богдан есімді балаға ота жасауға қаржы жинау үшін қайырымдылық шарасын өткізіп, содан түскен қаржыны бүлдіршіннің анасына берген. Отадан кейін баланың көзі біршама көре бастаған. Еріктілер Богданға көмек қолын созу мақсатында қайырымдылық шарасын тағы да өткіземіз деп отыр.
–Биыл сәуірдің басында сал ауруы, аутизм ауруы жайлы ақпарат тарату күні атап өтілді. Осыған орай біз церебральді сал ауруына шалдыққан балаларға арнап, «Ogogo» отбасылық сауықтыру орталығында іс-шара ұйымдастырдық. Оған 40-тан астам «ерекше» балалар қатысты. Тәлімгерлеріміз олармен түрлі ойындар ойнап, шағын дастархан жайылды. Бұл шара балаларға қатты ұнады, – дейді Мәдина Байғожина.
Бізбен әңгіме барысында Мәдина «OVS Dream» біріккен тәлімгерлер одағының құрамында волонтерлік іспен белсенді айналысып жүрген Ділназ Сайлауова, Мәдина Сағымбай, Әлішер Нұрмұқанов, Әсия Қаратай, Арлан Хасен, Нұрлан Нұрмағамбетов және Ділназ Әлімсаранова есімді бірқатар достарының есімін ерекше атап өтті. Айта кетейік, «OVS Dream» біріккен тәлімгерлер одағы өткен жылы «Жас Ақмола» жыл сайынғы облыстық жастар сыйлығының жүлдегері атанған. Мәдина жаңа оқу жылынан бастап елімізде ерікті студент жастардың шәкіртақысы 30 пайызға дейін көтерілетініне қуанышты. Биыл университетке оқуға түскелі жатқан ол волонтерлік істі оқумен бірге алып жүремін деп отыр. Ендеше, белсенді жасқа іске сәт дейміз!
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.