Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаев Ақмола облысында жұмыс сапарымен болып, халықпен кездесті, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының ғимаратында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау жүргізді.
Халық қалаулысы өңірге жұмыс сапары барысында Зеренді ауданында болып, Садовое ауылындағы «Milk Projekt» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт шығаратын зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорында «Nur Otan» партиясының «Аграрлық сектор» бағыты бойынша жергілікті комиссия өкілдерімен кездесіп, ауыл шаруашылығы саласында қордаланып қалған біраз мәселелердің мән-жайына қанықты.
Сондай-ақ, бұл күні Мәжіліс депутаты партияның облыстық филиалы ғимаратында азаматтарды қабылдады. Қазіргі таңда Көкшетау қаласында тұрып жатқан Эльмира Закировна халық қалаулысынан Ресей Федерациясы азаматының төлқұжатын алуға қол ұшын беруді сұрады. Ресей Федерациясының азаматшасы Эльмира бірнеше жылдан бері елімізде ықтиярхат арқылы тұрады екен. Алайда, өткен жылдың соңында оның төлқұжатының да, сол сияқты тұру ықтиярхатының да мерзімі өтіп кетіпті. Ал, жаңа құжат алу үшін ол Ресейге тұлғаны анықтайтын хаттаманы апаруы керек. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің нормативтік құжаттарында жеке тұлғаға анықтау жүргізу көрсетілмеген екен. Мәжіліс депутатыуақытында қимылдағанда бұл мәселені еш қиындықсыз шешуге болатынын айта келе, қоғамдық қабылдауға қатысқан Ақмола облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының өкілдеріне Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі арқылы Ресейдің Ішкі істер министрлігіне хабарласып, осы сұрақты біржақтыетуді тапсырды.
Көп жылдан бері Зеренді ауданының Қоныспай ауылында картоп өсірумен айналысатын Арон Омаровтың аталған елді мекенде шаруашылық мақсатта он жылға алған жерінің жалдау мерзімі келесі жылы аяқталады екен. Зейнеткер ауданның жер бөліміне барғанда ондағылар жаңа заң ережелері бойынша олар жалдау мерзімін ұзарта алмайтындарын айтыпты. Арон Омаров картоп өсірумен айналысуды бастамас бұрын «Арнұр» шаруа қожалығын ашып, бұл іске арнайы техника сатып алған. Халық қалаулысы оның уәжін тыңдай келе, Зеренді аудандық жер бөлімінің басшысы Әділбек Ақанұлына шаруашылықпен айналысамын деп тұрған адамға жер міндеттітүрде берілуі керектігін, қазіргі таңда ауыл шаруашылығын дамытуға республикада зор көңіл бөлініп отырғанын айтты. Әсіресе, жерді техникасы бар, дәнді дақылдар егудің қыр-сырын білетін іскер азаматтарға беруге құлықты болу керек. Қоғамдық қабылдау нәтижесінде аталған аудандық жер бөліміндегілер шаруа қожалығы басшысының мәселесін тағы қарап, оны заңгердің көмегімен заң аясында шешетін болды. Келесі күні жұмыс сапары Целиноград ауданында жалғасып, Жексенбай Дүйсебаев «Samhat» аяқ-киім фабрикасының жұмысымен танысты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.