Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Ерлі-зайыптылар өздерінің орнын білуі тиіс. Әйел жарына дер кезінде тамақ дайындап, оның жағасы кір болмауына қам жейді. Ал, ер азамат тапқан-таянғанын үйіне әкеліп, барлық шаруаны жұбайымен келісуі тиіс.
Бүгінгі таңда Егіндікөл ауылындағы Әубәкіровтер отбасын дәл осылай суреттеу-ге болады. Бұл жас отбасының көпке үлгі боларлықтай өз тарихы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен ерекшеленеді. Үбірлі-шүбірлі бұл отбасының да әр мүшесінің өзіндік міндеттері бар.
Шаңырақ иесі Талғат таңертең ерте тұрып үй шаруашылығымен айналысса, жолдасы Гүлім тамақ әзірлейді. Бұл отбасының күнделікті өмірі осылай басталады. Бүгінгі бұл жас отбасының бірлік-берекесі ауыл тұрғындарына үлгі-өнеге боларлықтай. Үлкен ұлдары екінші сыныпта оқыса, ортаншысы Ерасыл балабақшада, ал, екі ұлдан кейінгі кенже қыздары Айаруды әжелері Бәтжан мен Кәмила кезектесіп бағуда. Отағасы Тілеуқор Әубәкіров кезінде инженер-механик болып қызмет істеген. Тәуелсіздік жылдары шаруа қожалығын ашып, кәсібін дөңгелетіпті. Алайда, «ажал айтып келмейді» демекші, отағасы өмірден ерте өтті. Артында, қалған бес баласын Бәтжан апай өзі қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай тәрбилеп, өсірді. Осы күні үлкен ұлдары Талғат пен Жанат әке жолын қуып, егіншілікпен айналысады. Қанат фитосанитария бойынша медициналық инспектор, қыздары Махаббат аспазшы болса, Қарлығаш Егіндікөл аудандық қазынашылық бөлімінде бас маман болып кіші інісімен бірге қызмет істейді.
Үйлеріндегі кенже ұлдары өзінің білімге деген құштарлығының арқасында ауылдағы орта мектепті бітірісімен, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік заң университетінде экономист мамандығы бойынша білімін жалғастырады. Кейін А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің заң факультетін сырттай бітіріп шығады. Қазіргі кезде ол Егіндікөл аудандық қазынашылық бөлімінде бас маман болып еңбек етеді. Өзінің кәсіби шеберлігі мен білімінің арқасында ұжымда жоғары беделге ие.
Ал, Талғаттың жолдасы Гүлсім аудандық ішкі саясат бөлімінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жанындағы тілдерді зерттеу орталығының маманы. Ол Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің мемлекеттік тіл және әдебиет факультетін бітірген. Алғашында жергілікті орта мектеп пен халыққа қызмет көрсету орталығында білім алды.
– Шүкір, тұрмысымыз жақсы, – дейді Талғат Тілеуқорұлы – Өмірде де, қызметте де өзімізді жақсы қырымыздан көрсетуге тырысамыз. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері жағдайымыз жақсара түсті. Әсіресе, жастар мұны жақсы қабылдады. Өмірдің ағымына бейімделіп, келешекке деген нық сеніммен, алаңсыз тұрмыс кешкіміз келеді. Өкінішке орай, әкеміз өмірден ерте озды. Немерелерінің басынан сипап, маңдайынан иіскей алмай кетті. Дегенмен, сол әке салған сара жолды жалғастырып келеміз. Әжеміз әке орнына әке болып отыр. Ақылшымыз да, жанашырымыз да сол кісі. Әкеміздің шаңырағын шайқалтпай, түтінін түзу етіп ұстап отыру біз үшін үлкен абырой. Биылғы 2019 жыл – Жастар жылы деп жарияланды. Бұл еліміздің келешек ұрпағы үшін зор мүмкіндік. Сондықтан, барлық жастарға айтарым босаңсымай, тек алға ұмтылу керек дер едім.
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.
Егіндікөл ауданы.