Таяуда Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасы алаңында студенттерге жатақханалар салу және бұрынғыларын қайта жаңарту
үшін жеке инвестициялар тарту мәселесі талқыланды. Кездесуге «Қаржы орталығы» АҚ-ның, облыстық білім басқармасының және аймақтың бизнес-қауымдастығының өкілдері қатысты.
Бұған дейін айтылғанындай, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке негізделген арнайы жобаны жүзеге асыруда. Осыған орай, нормативтік-құқықтық база бекітіліп және қаржыландыру көлемі анықталып отыр. Жаңа студенттік жатақханалар салу мен тозған ғимараттарды қайта жаңарту үшін инвесторларды да тарту жос-парлануда. Жоба механизмі аясында жаңа салынған жатақхананың әрбір орнына 8 жыл бойы 122 айлық есептік көрсеткіштен мемлекет қаржысы ұсынылады. Өңірдегі жоғары білім беру мекемелері жобаны жүзеге асырушы құрылыс компанияларымен келісім-шарт жасасуға әзір. Алайда, Көкшетау қаласында аталған механизм аясында қолға алынған жобаларға тиісті инвесторлар таба алмай отыр. Бұған себеп, қаржы қайтарылымының ұзақ мерзімділігі және «Даму» қоры ұсынып отырған кепілдік мерзімінің 1 жылдан аспауы.
Сондай-ақ, жатақханаларды қайта жабдықтау мақсатында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіземін деген мекемеге 47 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаржы бөлінеді. Студенттік жатақханалар салу бағдарламасы 2019-2022 жылдарға арналған. Жиын барысында «Қаржы орталығы» АҚ-ның менеджері Ғалымбек Жақсымбет сөз сөйлеп, өз ойын ортаға салды.
–Жатақхананың құрылысымен айналысатын кәсіпкерлерге жер телімдерін беру, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды жүргізу сияқты қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, студенттік жатақханалардың типтік жобаларын әзірлеуге көмек қарастырылған, – дейді ол. Айта кетуіміз керек, бүгінгі таңда біздің аймақтағы алты оқу орнының 2 700-ден астам студенті жатақханаға мұқтаж болып отыр. Алдағы уақытта Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің, А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің, жоғары техникалық колледжінің, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық колледжінің және облыс орталығындағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің, Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің студенттік жатақханалары салынады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.