«Мәңгілік елдің мұрагерлері» жобасы аясында Көкшетау қалалық үлгілі қазақ кітапханасында «Жастықтың оты жалындап…» атты тақырыпта қайырымдылық шаралармен айналысып жүрген өңіріміздің ұлтжанды азаматтарының бірі, жас, талантты әнші Мұратқазы Әбумен кездесу кеші болып өтті. Мәдени шараға өңіріміздің шығармашыл жастары мен оқушы балалар және кітапхана оқырмандары қатысты.
Шара барысында әнші Мұратқазы патриоттық әндер мен өз сөзіне, әніне жазылған әндерді орындап берумен қатар, көрермен сауалдарына жауап беріп, отбасы, шығармашылығы жайлы мәліметтермен бөлісті. Сондай-ақ, қазақтың жастарын, жұмылған жұдырықтай бірлікте болуға, ана тілдерін ардақтап, қай ортада болмасын қазақша сөйлеуге, ұлтын сүйер ұлан болуға шақырды. Жігітке жеті өнер де аз демекші, бір бойынан әншілік, сазгерлік, ақындық табылған Мұратқазының ұлттық нақыштағы киімдер тігумен айналысатыны қызығушылық тудырды. Бұл өнерді анасының үйретуімен бастаған ол бүгінде шағын шеберханада он саусағынан өнер тамған анасымен бірге түрлі ұлттық киімдер тігетінін жеткізді. Өнерлі жігіттің өнері ғана емес, өресінің де биік екені көрініп тұр. Жас та болса, жомарт жүрегімен көп балалы аналардың баспана алуына септігін тигізу мақсатында қала мен аудандарда қайырымдылық концертін өткізіп, жиналған қаражатты мешітте қолға алынған «Ел үлесі пәтерге» жобасына тапсырып отырғаны үлкен азаматтық іс.
Мәдени шара барысында «Қазына» шығармашылық орталығының биші қыздары мен әншілері өнер көрсетті. Өнерде де, өмірде де бірге жүрген жолдасы Аслан Мұхамедияров досының кешінде ән шырқады. Ақын Мерген Тоқсанбай, оқырмандар әншіге жылы лебіздерін білдірді. Біз де, кітапхана ұжымы Мұратқазыға мұратыңа жет деп, алда биік асуларды бағындыруға, игі бастамалары мен шығармашылығына табыс тілейміз.
Жанар АЙТҚОЖИНА,
Көкшетау қалалық үлгілі қазақ кітапханасының меңгерушісі.