Кеше облыс әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Біржан сал ауданы мен Степногорск қаласында болып, өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездесіп, пікір алмасты.
Әкімнің сапары Біржан сал ауданының «ҚазГерҚұс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен басталды. Бұл кәсіпорын жыл сайын 300 миллион дана жұмыртқа өндіріп келеді. Өнімдері еліміздің барлық өңірлеріне және таяу шет елдерге де шығарылады. Жұмыс істеп жүргендер негізінен жергілікті тұрғындар. Кәсіпорын осы заманғы жабдықтармен қамтамасыз етіліп, барлық жұмыс цифрлық негізде атқарылады.
Кәсіпорын директорының орынбасары Бадрудин Коригов айтқанындай, фабрика алдағы уақытта жұмыртқа ұнтағын өндіруге ден қойып отыр. Бұл тиімді болмақшы. Осы орайда әкім қазіргі қол жеткізген табыспен шектеліп қалмай, алдағы уақытта өндірістік жүйелерді модернизациялау қажеттігін атап көрсетті.
«KazBeefLTD» мал шаруашылығы кәсіпорнының нысанында болған облыс әкімі Ермек Маржықпаев әлемдік селекцияның үздік үлгісіндегі асыл тұқымды мал өсірудің жай-жапсарымен танысты. Қазір бұл шаруашылықта ангус және герефорд тұқымды жеті мың ірі қара мал өсірілуде.
Ұзақ уақыт жұмысы тоқтап тұрған «Мархит» серіктестігінің байыту фабрикасы 2017 жылдан бастап іске қосылды. Өңір басшысы осы кәсіпорынның өндірістік процестерімен танысып, техногендік-минералдық қайта түзілу жұмысымен танысты. Жыл сайын концентрат алу үшін 100 мың тонна құрамында алтыны бар қалдықтар өңделеді.
Аудандық аурухана мен емханада болған облыс әкімі Ермек Маржықпаев медицина қызметкерлерімен кездесті. Жасыратыны жоқ ауданда дәрігерлер мен орта деңгейлі медицина қызметкерлері жетіспейді. Қазір осы салаға мамандар тарту жұмыстары жүріп жатыр. Мысалы, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде аудан бюджетінің есебінен болашақта дәрігер мамандығын алатын бес студент оқытылып жатыр. Медицина колледжімен де келісім жасалды.
Әкім жаңа үлгідегі бірегей аурухана мен емхана салу мәселесін көтеріп, жауапты адамдарға тез арада жобалық-сметалық құжат дайындауды тапсырды. Үш қабатты пошта байланысы ғимаратында болған облыс әкімі Ермек Маржықпаев осындағы бос тұрған жайларды тиімді пайдалану қажеттігін алға тартты. Ауданның өзге де мемлекеттік мекемелерін орналастыру үшін пошта ғимаратын коммуналдық меншікке алу жөнінде тапсырма берді. Сапар барысында облыс әкімі Ермек Маржықпаев орталық жылу беру қазандығының жағдайымен танысып, жоспарда болмаса да «Макинск-Ақсу-Торғай» бағытындағы республикалық жолға бұрылып, осындағы жөндеу жұмыстарының барысына назар аударды.
Степногорск қаласына жұмыс сапарында облыс әкімі Ермек Маржықпаев ең әуелі «ЕПК Степногорск» акционерлік қоғамына ат басын тіреді. Бұл подшипник шығаратын Қазақстандағы бірден-бір және ТМД бойынша ірі кәсіпорындардың бірі. Қазір зауытта 2500 адам жұмыс істейді. Өңір басшысы кәсіпорында шығарылатын өнімдермен танысты. Мұнда теміржол, вагон жөндеу, тау кен өндірісі, металлургия және химиялық кәсіпорындарға қажетті подшипниктер жасалады.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесті. Кәсіпорынның бас директоры Анатолий Томилов өндірісті маман жұмысшылармен қамтамасыз ету үшін жергілікті №2 индустриалдық-техникалық колледжбен тығыз байланыс орнатылғанын айтты. Әкім бұл игі іске жоғары баға берді.
Степногорск тау кен-химия комбинаты жыл ішінде төрт мың тонна табиғи уран, бір миллион тонна мыс-молибден рудасын өңдейді. Өңір басшысы Степногорск қаласының әкіміне осы кәсіпорынды құрамында ураны бар шикізатпен қамтамасыз етіп отыруды бақылауды тапсырды.
«Қазақстанның жылы жай технологиясы» серіктестігі біраз жылдардан бері жемісті еңбек етіп келеді. Бұл еліміздегі тұңғыш шаруашылықтардың бірі. Кешен осы заманғы ғылым мен техниканың бар жаңалықтарымен қамтамасыз етілген. Жылдың төрт мезгілінде қияр, қызанақ, баклажан, бұрыш, құлпынай, таңқурай және өзге де жеміс-жидектер өсіріліп келеді. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев өндірісті одан әрі дамытуға мемлекеттік қолдау көрсетудің мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Степногорскіге сапар барысында облыс басшысы Қазақстанның ежелгі алтын өндірісі саласының кәсіпорны «KazakhaltynTehnology» акционерлік қоғамында болды. Ақсу руднигінде алтын өндірудің осы заманғы технологиясы таныстырылды. Және де кәсіпорынды дамытудың мүмкіндіктері қаралды. 2017 жылы бұл комбинат Бестөбе және Жолымбет кенттерінде екі фабриканы іске қосқан болатын. Бұл өнім өндіруді елеулі түрде арттыруға мүмкіндік берді.
Степногорск қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Қазақстанда алғашқылардың бірі болып салынған «Сказка» бала бақшасында болған облыс әкімі Ермек Маржықпаев мектепке дейінгі тәрбие беру жұмысының барысымен танысты. Алдын ала жоспарланбаса да өңір басшысы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы алаңда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысына ден қойды. Сондай-ақ, А.Островский атындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде болып, оқушылармен және ұстаздар қауымымен жүздесті.
Сапар барысында облыс әкімі Ермек Маржықпаев Біржан сал ауданы мен Степногорск қаласының әкімдеріне нақтылы тапсырмалар берді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.