Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының
Ақмола облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Қазақ тілі әліпбиін латын графикалы негізінде оқыту кабинетінің» ашылу салтанаты болып өтті. Жаңа кабинеттің тұсаукесер лентасын Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалым Шойкин мен қоғам қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев қиды.
Кабинет латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін түсіндіру, жаңа әліпби тізбегіндегі әріптерді үйрету, әдістемелік көмек көрсету мақсатында ашылды. Аталмыш іс-шараға жоғары оқу орындары мен колледждердің профессорлық-оқытушылық құрамы, жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдері, тіл жанашырлары және бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты. Жаңа кабинет компьютерлермен, заманауи құралдармен жабдықталған. Мұнда қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жағдайында педагогтардың кәсіби құзыреттілігін дамыту мақсатында семинар тренингтер, оқу курстары, лингвист ғалымдардың онлайн кеңестері өткізілетін болады.
Кабинеттің ашылу салтанаты «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің жаңа белесі» тақырыбында облыстық конференцияға ұласты. Конференцияны «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Ақмола облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы Баян Сүйіндікова жүргізіп отырды. Жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалым Шойкин құттықтау сөз сөйлеп, игі шараның мән-маңызы жоғары екендігін баса айтты.
–Латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Бұл дегеніміз Ұлы дала елін әлемдік өркениетпен қабыстыратын алтын көпір. Осыған орай, латын әліпбиін үйрететін білікті мамандарды даярлап, балабақша, мектептер мен жоғары оқу орындарына, мекеме қызметкерлеріне арналған оқулықтар мен көмекші құралдарды әзірлеп, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру іс-шаралары жүзеге асуда. Бүгін ашылған жаңа кабинет те соның айғағы деп білеміз. Бұл педагогтардың латын графикасына көшу жағдайында ақпараттық-коммуникацияларды қолдану бо-
йынша кәсіби құзыреттілігін қалыптастырады деп ойлаймыз, – деді басқарма басшысы.
Жиында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Ақмола облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы профессор Нина Стукаленко, Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының директоры Қаратай Төлекеев, облыстық оқу-әдістемелік кабинеті директорының орынбасары, педагогика ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Күшпаева баяндама жасады. Сонымен қатар, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің қазақ филология кафедрасының аға оқытушысы, ғылым магистрі Лайс Қапезұлы жазу сауаттылығын қалыптастырудағы қазақ тілі емлесі ережелерінің кейбір ерекшеліктері мен мәселелерін шешу жолдары туралы өз ойын ортаға салды. Сондай-ақ, «Латын графикасын меңгертуде болашақ мамандардың кейбір мәселелері» тақырыбында Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық колледжінің оқытушысы Майра Қанапияқызы мен Көкшетау қаласындағы М.Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шаттық Қаналбекқызы танымы мол тағылымды баяндамалар жасады.
Қазіргі таңда әлемнің дамыған елдері латын әліпбиін қолданады. Сондықтан, тілдің дамып өркендеуі, әр ұлттың өзіндік ерекшелігі оның тілімен айқындалатындығы хақ. Жиынды қорытындылаған тіл жанашырлары, латын әліпбиіне көшу түркі және жаһандық әлеммен ықпалдасуға, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашатындығын баса айтты.
Ұлмекен ШАМЕНОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.