Жас ұланды Отанды сүюге баули білейік

Қазақ халқының ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы «Сөздің ең ұлысы –тарих» деген болатын. Адамзат өмірінде тарихтан артық асыл қазына жоқ.

Осы асыл қазынамызды сақтап, көздің қарашығындай қорғап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу бүгінгі қоғамның еншісінде екендігін тағы бір мәрте Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында атап өтті.

Рухани жаңғыру ізгілігімен ұласқан мақаланың негізгі ой түйіні қолда бар алтынның қадірін білу. «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы»,–деп Н.Ә.Назарбаев өз мақаласында тарихын жетік білген елдің болашағы жарқын болатынын тілге тиек етті. Бүгінгі жас ұрпақ үшін бұл мақала тәлім-тәрбие ғибратына толы туынды. Мектебімізде оқушылар арасында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы туралы пікір алаңы ұйымдастырылды. Пікір алаңына Қорғалжын ауданының құрметті азаматы және ауылымыздың ақсақалдар алқасының төрағасы Қинаят Имашев, Қарашалғын ауылдық округінің бас маманы, мектептегі қамқоршылық кеңесінің төрағасы Әділхан Шәріпжанұлы, ұлағатты ұстаз Шолпан Нығыманова, жас маман Айзада Армиянова, оқушыларымыз Айбек Салдатбек, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының мүшелері Рахат Тұраров, Зайра Кабепова, Әділжан Төлеш қатысты.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы туралы оқушылар тұжырымды ой-пікірлерін ортаға салды. «Бүгінгі жастар бақытты. Ел Тәуелсіздігі басты құндылығымыз. Өз құндылығымызды бағалай біліңдер. Тарихымызды зерттеп оқып-тану әрбір адамның борышы»,–деген Қинаят ағайдың ақыл-кеңесі оқушыларға серпін берді. Мақала аясында өрбіген пікірлердің тобықтай түйіні: Қазақстан елінің болашақта өркендеп-өсуі үшін тарих қойнауында жатқан қымбат дүниелерімізді заман талабына сай жаңғырту. Пікір алаңына қатысқан оқушылар қазақ халқының асыл құндылықтарын мақтан тұтып бағалай білу және болашаққа аманат ету бүгінгі жастардың қолында екенін ұғына білді. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақтолқын Кенжебаева ұйымдастырған пікір алаңының оқушыларға берер тәрбиелік мәні зор деп білеміз.
Қарлығаш АСАНОВА,
Қызылту орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Жантеке ауылы,
Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар