Қан майданның сиясымен жазылған…
Ұлтының мақтанышына айналып, ұрпаққа өнеге қалдырған даңқты жерлесіміз Мәлік Ғабдуллин жайлы түгел зерттеліп болды деп асығыс қорытынды жасауға болмайтындығына әр кезде көзіміз жетіп келеді. Биылғы жылдың ақпан айында Алматы қаласындағы Ұлттық архивте жүргізген ізденіс шараларымыздың нәтижесінде табылған Мәлік Ғабдуллиннің барлығы 435 беттен тұратын «Қазақ баласы» (251 бет), «Сын казаха» (184 бет) атты қазақ және орыс тілдеріндегі қолжазбасы соның бір айғағы. Батырдың майдан естеліктерінің бірінде бұл қолжазбасын Сәбит Мұқановтан беріп жібергені туралы айтылғаны бар еді. Кейін белгілі ғалым Серік Негимов та ұстазының осындай қолжазбасын ала алмағанына қынжылыс білдіріп, кезекті баяндамасында тілге тиек еткенін естідік. Бұл әдеби мұраға байланысты музей қызметкерлерінің мақсатты ізденістеріне Ұлттық архивтің бұрынғы директоры Ләззат Ақтаева үн қатып, қай жақтан қарауға болатыны жөнінде бағыт-бағдар сілтеді. Сапарға дайындық барысында біздер алдын ала хабарласып, Ұлттық архивтің қазіргі басшылығымен де мәмілеге қол жеткіздік. Сөйтіп, жан-жақты көрсетілген қолдау мен көмектің нәтижесінде біздің іздегеніміз, екі жыл, екі айға созылмай, небары екі күннің ішінде Қазақстан Жазушылар одағының 1778 қолжазба қорынан табылды. Ол үшін барлық жанашырлық танытқан қауымға шын жүректен алғыс білдіреміз. Қолжазба 1943 жылы, яғни, қырғын соғыстың қызу жүріп жатқан, қан майданның ортасында жазылған. Кейін онда қамтылған бірталай оқиғалар «Менің майдандас дос-
тарым» кітабына енгенін саралап ұғуға болады. Ал алғашқы бөлімдегі Бауыржан Момышұлы туралы құнды дүние шаң басқан архивке тапсырылған секілді. Кітаптың «Қазақ баласы», «Қазақ солдаты», «Сын казаха» деген атаулары айтып тұрғандай, ондағы шынайы баяндалған қазақ жауынгерлерінің айбынды рухы, қолбасшы батыр Бауыржанның бірбеткей мінезі кеңестік цензураның талаптарына қайшы келгендіктен жарыққа шықпай қалғаны байқалады. Бұл тұрғыда өткен жылы Ленинградты қорғау майданында хабарсыз кеткен атасының зиратын тауып, жәдігерлерін біздің музейге әкеліп тапсырған Қанат Жаманбаевтың аузынан естіген 95 жастағы орыс генералының: «Біз Москваны да, Ленинградты да қазақ жауынгерлерінің керемет ерліктерінің арқасында қорғап қалдық» деген әңгімесі де есімізден кетпей жүр. Бүгінгі ұрпақ өзінің аталарының қаншалықты қиындықтарды бастан кешкенін, қандай ерліктер жасағанын біліп жүруі керек. Осы мақсатта алдағы жылы жеке кітап болып шығатын осы бір құнды қолжазбаның алғашқы үзіндісін «Арқа ажары» газеті арқылы жариялауды жөн санадық.
Құдайберлі Мырзабек,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры.
Мәлік Ғабдуллин
Кіріспе
Әр халық өзінің тарихында көпшілік үшін, халық бақыты үшін өмірін, ісін сарып еткен адамдарды әлеумет сахнасына шығарады. Әр халықтың тарихынан орын алған, дәрежелі адамдары бар. Олардың қайсысында болса да өзіне сай еңбегі, халқына істеген қызметі, кейінге қалдырған өсиеті, өнері бар. Сонау кездегі ел қамын ойлаған Едіге, қабағынан қар жауып, кірпігіне мұз қатқан, қас жауына ажал оғын айдаған Қобыланды, Ертарғындар; қараңғы түнде жарқ етіп нұрын шашқан таң жұлдызы сияқты болған Абай, Шоқандар, бертінде Амангелді, Жамбылдар да халық баласы. Бұлар халық үшін істеген ерліктері, еңбек, өнерлерімен ардақты.
Бала анадан туады, халыққа қызмет істейді. Анадан туған баладан екі ана бар, бірі – тапқан ана, екіншісі – тәрбиелеген ана, бұл – халқы. Ана тәрбиесі балаға алғашқы адым жолын көрсетеді, халық тәрбиесі – болашақ өмірдің соқпағына салады. Ана сүтін ақтаған бала – халық қызметкері. Халық анасынан тәрбие алған бала, халық тілегін, үмітін ақтауға тиіс.
Атағын шығарған балаға халқы разы, бала «халқым» десе сүйгендігін айтады. Халқы разы болса, тапқан ананың да қуанышы. Сондықтан да, балаға тапқан анадан да халық тәрбиесі, әсері күшті болмақ керек. Бұрынғы ертегілерде де ана арқылы халық деген ұғымды беретін жағдайлар көп емес пе?
– Мен батырмын, мықтымын, өнерлімін, білімдімін дейтін адам, өзін-өзі тарих таразысына салушы адам – халық баласы емес. Ол – қара басының қамын ойлаушы, топас адам. Сенің кім екеніңе сыншы – халық , бір кісінің сыны халық тілегіне сай келмесе де сын емес. Халық сыны – қадірлі. Халық сынынан өтіп, халық баласы аталу оңай емес. Ол кімнің алдына болса да, орасан көп тілектер, талаптар қояды, соларды орындасаң ғана баласы атанасың.
Әр халық әр дәуірде өз ұлдарының алдына өте жа-
уапты міндеттер қояды, оларды орындар деп дәмеленеді, сенеді. Осындай жауапты міндетті өз балаларының алдына қазақ халқы 1941 жылдың июнь айында қойды. Онда халық ұлына былай деді:
– Балам, батыс жақтан дауыл шығып келеді, халық бақытына ажал өрті келе жатыр. Тұр, тез киін, беліңді бу, қолыңа қару ал, сөндір өртті, өрт шарпуы қалың жерге жайылмастай етіп ұра сөндір! Бұл өртті сөндіруде отқа да күйерсің, қиыншылыққа да ұшырарсың, қынжылма, іске белсене кіріс, өрттен қорықпа. Өртті көргенде екі бетің нарттай жансын, көзің оттай болсын, өртке өртше тиіс, олай етпесең, ынжық болсаң өрт саған бой бермейді…
Баласына Халық – ананың берген бұйрығы осындай еді. Халық бұйрығын орындауға аттанған батыр ұлдар батысқа жол шекті.
Осы жолда қазақ балаларының өртке өртше жауап беруіне бірсыпыра уақыт болып барады. Бұл майданда сан батырлар, халық баласы атанған адал ерлер туды. Менің бұл еңбегімде айтайын дегенім солар туралы. Олар: Бауыржан Момышұлы, Мұхамбетқұл Сламқұлов, Жалмұхамбет Бозжанов, Балтабек Жетпісбаев, Ғаббас Бекқұлов, Іңкәрбала Иманбаев, Төлеген Тоқтаров, Жұмажан Батталов, Қазтай Сәдуақасов, Кенжетай Айбатовтар. Бұлар қазақтан туып, халыққа қызмет еткеніне қуанады. Бұлардың батырлық еңбегіне халқы сүйсінеді. Қаһарлы жаумен қастаса соғысып жатқанына шаттанады.
Ерлердің ерлігін халқына танытатын құралдың біреуі – әдебиет, оның ішінде көркем әдебиет. Ұлы Отан соғысының батырлары туралы, олардың ішінде қазақ батырлары туралы талай романдар, пьесалар, поэмалар тууы сөзсіз. Бірақ, әзірге, ондай күрделі шығармаларды көре алған жоқпыз.
Бұл еңбегін оқушыларға ұсынудағы автордың мақсаты – ерлердің басынан кешкен оқиғаларын түгел шолу емес, бірнеше эпизодтарын ғана көрсету. Шығарма, әрине, толық мағынасындағы көркем әдебиет емес, көп жерлері очерк түрінде жазылған, көркем суреттеудің орнына фактілер көп берілген.
Шығарманың құнын бағалау, әрине, оқушылардың еркінде.
Бауыржан Момышұлы
Дивизия командирі генерал-майор Панфиловтың бұйрығы бойынша, бұрынғы артиллерист, аға лейтенант Бауыржан Момышұлы ІІ-полкының бірінші батальонына командир болып тағайындалды. Бұл дивизияның жаңада ғана құрылып жатқан кезі болатын.
Бауыржан батальонға келіп командирлік қызметіне кіріскенде әскер тәртібінің шеңберіне сыймайтын біраз жағдайлар көзге түсті. Бұл жағдайларға жол бермеу керек, қатал болу керек. Олай етпесе, ертеңгі күні майданға енгенде батальон айбынды бұйрықтарды мүлтіксіз орындай алмайды. Бауыржан істі ең алдымен батальондағы кемшіліктерді, тәртіпсіздіктерді жоюдан бастады, қатал болды, өзіне бағынушыларға қатты талаптар қоя бастады.
Бауыржанның бұлай іске кірісуін кейбір командирлері жақтаған жоқ-тын. Олар: «Мынау қайтеді! Өзінің жаяу әскердің ісінен хабары жоқ екен», – деп күңкіл шығарды. Мұны Бауыржан жақсы түсінді, аңғарды. Сондықтан, «балық басынан шіриді» болмасын деп, өзіне бағынатын командирлерді тәртіпке шақыру, сөйлесу керек болды.
Осы мақсатпен, ол батальон штабының бастығына бұйрық беріп – рота, взвод командирлерін шақырып алды да, мыналарды стройға тұрғызыңыз» деп бұйрық берді.
Бауыржан стройға жақындағанда, штаб начальнигінің өзі стройға тұрмай айналшақтап жүрген еді.
– Сен неге стройға тұрмайсың? Строй – әскерде ардақты орын. Бар, тұр стройға! – деп бұйырды Бауыржан.
Бауыржан стройда тұрған командирлерді көзімен шолып өтті де, оларға қарап сөйлей бастады:
– Командованиенің бұйрығы бойынша, мен осы батальонға командир болып тағайындалдым. Мені Бауыржан Момышұлы деп атайды, қазақ баласымын. Әскерге алынғанға дейін кім болғандарыңыз, қандай қызмет атқарғандарыңыз маған қажет емес. Сіздер – солдатсыздар, мен – офицермін. Мен – бұйырушы, айтқанымды орындатушымын, не істетем десем, сіздер соны орындайсыздар. Кімде-кім анау-мынау дейтін болса, қара басының қамын ойлайтын тілегі болса, ашып айтам: ол тілектеріңізді конвертке салып, хат арқылы әйелдеріңізге жіберіңіздер.
Бауыржан біраз сөйледі. Строй «смирно» командасы бойынша тұр, оларға «вольно» деген команда бермеді. Біраздан соң ол орындыққа отырды, шылым тартты.
– Штаб начальнигі маған бір стақан су әкеп беріңізші! – деді комбат Бауыржан.
Штаб начальнигі бір қызыләскерді суға жұмсай беріп еді:
– Мен бұйрықты сізге бердім, өзіңіз барып әкеліңіз, – деді ол.
Штаб начальнигі бір стақан су әкеп берді. Бауыржан стақанға ернін тигізді де төге салды. Ол қайта орнынан тұрып, стройға қарап:
– Командир деген кім? Ол бұйырушы. Мұны біліп қойыңыздар. Ол талап қоюшы, қатал адам болу керек. Сен командирсің, кімге бұйрық берсең, сол адам өзі орындайтын болсын. Мен жаңа су әкел дегенде, оны бұйырушы екенімді көрсетейін дегендік емес, сынағандық.
Бауыржан қатал сөйледі, әскерде темірдей тәртіп болмайынша, жауынгерлік рух болмайтынын, өз бұйрығын орындата алмайтын командир сорлы адам екенін, солдат пен офицердің арасында көп айырма барлығын баса айтты. «Сен офицерсің, бұйырушысың, сонымен қатар қамқоршысың, олай болса әрбір бұйрығың әділ болсын», – деді.
Бұл сөздерінен соң ол стройды солға бұрды да, строевое занятие өткізді. Күн ыстықтығына қарамастан стройды қатты аяңдатты да, жүгіртті де. Бір уақытта стройды тоқтатып, «шылым тартуға рұқсат» деп команда берді.
Командирлер шылым тарта бастағанда, «бітір, шылым тартылу тоқтасын» деп команда берді. Бір командир бұл бұйрықты естісе де шылым тартуын доғармап еді, оны Бауыржан көріп қалды да:
– Бұл не деген тәртіпсіздік… – деп зекіріп тастады. Сонан соң казарма ішінде қандай тәртіп болу керектігін айтты.
Строевое занятие аяқталды, командирлер өз бөлімдеріне тарады. Командирлер тарағаннан кейін «За боевые заслуги» медалі бар политрук Бауыржанға жақындап келді. Ол – Жалмұхамбет Бозжанов еді.
– Мен сізді қайдан көрдім? – деді Бозжанов.
– Осы Алматыда көрген боларсыз, – деді Бауыржан. Бозжанов күлімсіреп Бауыржанға қарады да :
– Ақсақал, өте қатал адам екенсіз, – деді.
– Е, мені жұмсартып неменеге жаратпақ едіңіз?
Жалмұхамбет қызараңдап не айтуға білмей тосылып қалады.
– Қатал болмайынша болмайды. Бір-екі айдың ішінде екі жылда өтетін әскер қызметін білу, соғыс өнерін үйреніп шығу міндеті қойылып отыр. Бұл зор тәртіптілікті, дайындықты керек етеді.
Бауыржан мен Жалмұхамбеттің алғашқы рет кездес-
кенде айтқан сөздері осы еді.
– Жолдас майор, мен батальоныммен 50 километрдей жерге жолға шығып, марш жасап қайтқым келеді. Соған рұқсат берсеңіз екен, – деп Бауыржан екі-үш күннен соң полк командирі майор Елинге барды.
– Сізге не болған, осындай күн ыстықта және үйреніп жетілмеген, ысылмаған жауынгерлермен 50 километр жерге марш жасауға бола ма екен? – деді Елин.
– Осы бастан көндігіп үйрене берсін, ыстық пен ауырлыққа шыдауды үйренсін деген мақсатым бар, – деді Бауыржан.
– Жарайды. Өтінішіңіз орындалсын. Бірақ жақсылап дайындалыңыз, – деді полк командирі.
Батальон марш жасау жолына шықты. Күн ыстық еді. Бауыржан командирлерді жинап алып, марштың ерекшеліктерін, маршта тәртіп сақтау, қатардан қалмау жағын баса ескертті.
Батальон марш жасап келеді. Марштың алдыңғы қатарында бірінші рота, соңында шаруашылық взводы. Колоннаның алды-арты көш көрім жер. Бауыржан батальонның біресе алдына, біресе артына шығады, марш тәртібінің бұзылмауын қадағалауда. Ол кейде штаб начальнигін, кейде адъютантын жіберіп марштың жайын біліп отырады.
Батальон жүріп келеді. Олар жолға шыққалы біраз уақыт болды, бірнеше километр жер артта қалды. Күннің ыстықтығына, бұрын мұндай жол жүріп үйренбеген кейбіреулер, мына жүріске ішінен ыза болып келе жатыр.
Колоннаның соңынан оралған адъютант.
– Жолдас батальон командирі, 3-рота марш тәртібін бұзып келеді, іштерінде стройдан шығып кейін қалушылар да бар.
– 3-ротаның командирі кіші лейтенант Попов тез жүгіріп маған келсін!
Екі иығынан демін ала, тері көпіршіп кіші лейтенант Попов колоннаның алдында келе жатқан Бауыржанға да жетті.
– Сен не, қандай өнер шығарып жүрсің? Ротаңда марш тәртібі неге жоқ? Менің адьютантым тәртіп сақтап, маршты бұзба десе, сен оған: «Осы сендер-ақ басты ауыртып болдыңдар-ау» депсің. Бұл не? Бар тез жүгіріп отырып ротаңа жет, марш тәртібі бұзылмасын. Егер марш тәртібі бұзылғанын көрсем, маған өкпелеме. Бар.
Попов жүгіріп кетті. Оны не себеппен батальон командирі шақырғанын көрген командирлер, марш тәртібін ұстауға кірісті. Егер рота командирі рота стройының алдында болса, политрук соңынан жүрді.
40 километрдей жер жүрген соң батальон тынығуға кірісті. Бауыржан шаруашылық взводының командирін шақырып алды да:
– Бүгін кухня ас пісірмесін. Продуктыны шикі күйінде жігіттерге таратып бер. Командирлерге де жауынгерлердің азығынан бөлінсін. Жұрт тамақты котелоктарына пісіріп жейтін болсын.
– Жолдас комбат, қызыләскерлердің паегынан командирлерге беру, оларды тамақтандыру заңсыз ғой, – дей бастады шаруашылық взводының командирі.
– Бер, бұған жауапты сен емессің, менмін. Берілген бұйрықты орындауды біл.
Жігіттер котелоктарына тамақ пісіре бастады. Бұрын мұндай жағдайға душар болмаған олар іштерінен Ба-
уыржанды сыйлаған жоқ. Әсіресе, командирлер наразы. Бұрын тамақты котелокқа пісіру түгіл, тамақ пісіруді көрмеген кейбіреулер ыза болып жүр.
Ертеңіне батальон 10 шақырымдай жүріп келіп, ағып жатқан бір өзеннің жағасына келіп тоқтады. Бауыржан тағы да бұйрық беріп, ертеңгі тамақты да котелокқа пісіру, әркім өзіне-өзі тамақ дайындап ішсін деп бұйырды.
Ертеңгі тамақтан кейін батальон тағы 15-20 километр-
дей жол жүрді де түскі тамақ ішуге тоқтады. Батальон командирі тамақты котелокқа пісіру жайында тағы бұйрық берді. Күндізгі ыстыққа шаңытылған кейбір жігіттер суға шомылып салқындағысы келіп еді, оған рұқсат етілмеді. Осы жағдайларға бұрын көндікпеген көпшілік Бауыржанның бұл тәртіптеріне аса наразы еді, жек көрушілер де болды. Бұл жайдың бәрін Бауыржан әбден түсінді. Сондықтан да, жігіттермен сөйлесу керек деген қорытынды жасады.
Түскі тамақты ішіп болғаннан кейін Бауыржан батальонды стройға тұрғызуға бұйрық берді. Бірнеше минуттан соң батальон стройға тұрды. Бауыржан батальон стройының алдына келді де, батальонды көзімен шолып шықты. Шаршаған, ыстыққа соғылған адамдардың өңін көрді.
– Біз бір-екі айдың ішінде соғыс өнерін, жаумен соғысу әдісін үйреніп алуымыз керек, – деп бастады Бауыржан жігіттеріне арнаған сөзін. – Майданда неше түрлі ауыр жағдайлар болады, оған көнбіс болу үшін осы бастан сол қиыншылықтарға шыдай беру керек. Біз соғыс өнерін үйренуде көп шаршап, көп терлесек, майданда қанды аз төгеміз, шығынымыз аз болады. Сондықтан да , кухня бола тұрса да, тамақты котелокқа пісірттім. Ертең майданға барғанда, кухня үнемі тамақ әзірлеп бере алмас, қарша бораған оқтың астында кухня отын жағып ас пісіріп отырмас. Олай болса, тамақты өзің пісіруге тура келеді. Бұл үшін де үйрену керек. Кеше кешкі тамақты пісіре алмадыңдар, оттарың да бықсып жанбады. Ал, бүгін түскі тамақты дұрыс пісірдіңдер. Бұл үйренгендік деген сөз.
– Мен аң емеспін, адаммын. Соғыс біткеннен кейін сендердің үй іштеріңмен аман-сау қосылысуларыңды, біреу мың үшін, мың біреу үшін қызмет істеулеріңді тілеймін. Осында кейбір жолдастар «командирлер қызыләскерлердің паегына ортақ болды» деп қынжылыс, ренжіс білдірді. Бұл қате. Соғыс кезінде командирлерді тамақтандыру үшін военторгтың дүкені мен асханасы келмейді. Сондықтан, командирлер жігіттерімен бірге тамақтанатын болсын, котелокқа асып тамақ пісіруді үйренсін.
– Шаруашылық взводының командирі, маған аптектен безбен алып кел, – деді Бауыржан.
Ол безбенді алып келді. Әрбір командирге қызыләскер поегынан қанша азық бөлінгенін өлшетті.
– Мына қараңдаршы, әрбір командирге қызыләскер паегынан: 0,6 грамм нан, 0,05 гр.ет, 0,025 гр. қант, 0,02 гр. май жұмсалған екен дегенде бүкіл батальон қарқылдап күліп жіберісті. Мұндай нәрсеге тарыншылық жасауға болмайды.
– Біз осы маршты жасаумен көп нәрсені үйрендік. Мұның пайдасын алдағы күн көрсетер…
Батальон қайтадан жолға шықты. Бұлар қайтып келе жатып, темекі еккен сайға кездесті. Күн ыстық, ауа тымық еді. Темекі еккен жерден өте бергенде батальонның қақ жартысынан көбі елтіп құлап қалды. Біреулер сұрланып, біреулер құсып жатты.
Темекіге елтігендерді сайдан тез алып шығару шарасы қолданылды. Қолда бар көлік жегілді. Кейбіреулердің бетіне су бүркіліп те жатыр. Елтіп қалғандарға жәрдем көрсетерде ерлік жасаған Жалмұхамбет болды. Оның ерлігіне Бауыржан өте разы еді, бірақ сыр білдірген жоқ.
Темекі еккен сайдан өтіп шыққаннан кейін, бірсыпыра жігіттер шаршаса керек, артта қала бастады. Бір-екі жігіт тіпті жүруден қалды, аяқтарын етік қажаған сияқты.
– Ақсақал, менің ротамда екі жігіт жүруге жарай алатын емес, арбаға мінгізуге рұқсат берсеңіз қайтеді? – деп өтінді Бозжанов Бауыржаннан.
– Жоқ, болмайды.
– Тіпті жүре алатын емес.
– Түсінсейші, ол екеуін арбаға отырғызады екенсің, ал басқалары да сол дәрежеде келе жатыр. Біреудің арбаға отырғанын басқалар көрсе, мені де арбаға сал деушілер көбейеді.
– Жоқ, оларды арбаға білдірмей отырғызайын.
– Айтқаның болсын, бірақ мұны еппен істе, басқалар біліп жүрмесін. Олар өздері ептеп жүре берсін, оған дейін үндеме. Әбден отырып қалатындай халге ұшыраса ғана арбаға отырғызарсың.
– Мақұл.
Жанағы әлсіреп шаршады дегендер де ақырын басып жүріп келеді. Бір уақытта батальон тұрған село да көрінді. Шаршағандардың қайсысы болса да арбаға мінбестен казармаға жетті.
Ертеңіне олар жақсылап демалды.
«Отанда опасызға орын жоқ»
/Бауыржан/
Қызыл Армия жоғарғы Ставкасының ұйғаруы бойынша, Панфилов бастаған 316-нөмірлі дивизия солтүстік батыс майданына келіп жетті. Олар Крестцы қаласының маңына топталды, екінші эшелонда тұрды. Дивизияның полктары берілген мүмкіншіліктерді пайдаланып әскери-соғыс өнерін үйреніп жатты.
Бауыржанның батальоны Старое Рахино селосының маңынан орын алып, күн-түн демей, соғыс тактикасын, атыс өнерін үйренуде болатын. Бұл арадан майданның алдыңғы линиясы алыс емес еді. Артиллерияның, снарядтың жарылған дауысы алыстан естіліп тұратын. Бір күні батальонның үстінен жаудың бір-екі самолеті ұшып өтті де, бес бомба тастап кетті. Одан келген шығын болған жоқ.
Алыстан атылған артиллерияның дауысы, жаңағы бес бомбаның жарылуы кейбір қорқақтың үрейін ұшыра берді. Ондай адамдардың көзіне әлденелердің суреті елестегендей, денесін үрей билегендей болды. Солардың бірі отделение командирі Беляев еді.
Беляев ротада тұрған. Оның атына әлдеқандай жаманшылықтар келді. Ол майданға не үшін келгенін, майданға аттанар сапарында: «Жаудан қорықпа, батыр болып соғыс, сен еліңді, бай жеріңді, халқыңды қорғау үшін майданға бара жатырсың…» деген жолдастарының наказын ұмытты. Қара басының қамын ойлау, қайтсе де соғысқа енбей, анау-мынау себеп табумен құтылып кеткісі келді. Ол осы жайды ойлай келіп, өз қолын өзі атты да, «жаралымын» деп айғай салды.
Бұл жағдайды көрген Бозжанов жүгіріп барды да, «жаралы» болған Беляевтың жайын біліп батальон командиріне мәлімдеуге асықты.
– Ақсақал, әлгі Беляев деген отделение командирі жаралы болып қалғаны…
– Қалай, қашан? деп Бауыржан отырған орнынан атып тұрды. Екі беті сұрланып кетті.
– Жаңа ғана сол қолын атып алды.
– Бар, тез мұнда алып кел!
Бозжанов Беляевты батальон командиріне алып келді. Бауыржан Беляевтың жарасын өзі қарап шықты. Санитарный взводтың командирін шақырып алып, оған да қаратты. Беляевтың өз қолын өзі қастықпен атқаны айқындалды.
– Мұның не? Өз қолыңды өзің атыпсың, міне қолыңда мылтық дәрісінің күйдірген белгісі де тұр.
– Атай көрмеңіз, өзіне-өзі адам қастық жасай ма екен, байқаусызда винтовканың атылып кеткені… дей бастап еді Беляев…
– Бәрі де түсінікті. Алдамақсың. Мұнда ақымақтар жоқ. Шынынды айт! – деп Бауыржан Беляевқа тесіле қарады.
Беляев үндемей, төмен қарап қалды. Біраз тұнжырап тұрды да:
– Менен қателік болды, соғыстан қорқып едім, – деп міңгірлей бастады.
– Адьютант, тез батальонды жина, алыс болса да 3 рота да келсін. Мына қарабетті батальон стройының алдына алып кел – деп Бауыржан қысқа ғана бұйрық берді.
Бауыржан далаға шықты да күрең қасқа атына мініп ілгері жүріп кетті: Оның ойы мына оқиғаға қандай шара қолдану керек деумен болды. «Бұл нағыз қорқақ, бұған қатал шара болмаса, басқаға шарпуы тиюі мүмкін. Ертең соғысқа барғанда мұндай табансыз, қорқақ, қара басының қамын ойлайтын, Отанын, халқын сататын адам, бүкіл батальонға кесірін тигізеді. Жоқ, мұны батальон алдында ату керек ол басқаға сабақ болады» деп қорытынды жасады.
Бауыржан осындай ойлармен келе жатты. Ол ағаш арасынан шыға келгенде батальонның тегіс стройға тұрғанын көрді де, желдіртіп жетіп келді. Штаб начальнигі команда беріп, Бауыржанға баян етті.
Батальон стройда тұр. Строй алдында, бұдан бірнеше сағат бұрын өзімен бірге болған жолдастарының бетіне қарай алмай, жүзі қара болып Беляев тұр. Ол төмен қарауда.
Батальон алдында Бауыржан ұзақ жалынды сөз сөйледі. Ол сөйлегенде былай деді:
– Батальонның 99 проценті Отанына, халқына адал ниеті, шын жүрегімен берілген, елі үшін, ата-ана, туысы үшін неміс фашистеріне қарсы соғысқа келген адамдар. Семья мүгедексіз болмайды деген бар емес пе, арамызда қорқақ, табансыз, қара басының амандығы үшін бүкіл халқын, Отанын, үй-ішін сатып жіберетін опасыз жандар да бар екені айқындалып отыр. Мына тұрған қарабет өзіне-өзі қастық жасады, ол өз қолын өзі атты. Мұнымен ол батальонға қара таңба басты. Ол өзінің аманшылығын көксеп батальонды, мына сендерді сатып отыр.
Алыстан атылған зеңбіректің даусынан қорқып үрейлене бастады. Үреймен өзін атты, сөйтіп құтылып кеткісі келді. Ол тағдырын мына тұрған сендердің тағдырларыңнан аулақ ұстады. «Мыналар соғысып, мен үшін қан төксін, мен одан аулақпын» деді бұл жауыз. Мұндай қорқақты не күтуде? Халық қарғысы, позорлық күтуде. Халық аштықты да, суықтықты да, қиыншылықты да ұмытар, бірақ халыққа опасыздық жасаған адамды ұмыта қоймас, жоқ, ол ұмытылмайды.
– Сен қарабет өз абыройыңды түсіріп қойған жоқсың, сенде абырой деген жоқ – деді Бауыржан Беляевқа қарап – сен ата-ананың, бала-шағаның абыройын түсірдің. Жұрт алдында олар не дейді. «Балам опасыздық жасады, Отанын, халқын сатты» дер ме сенің ата-анаң. «Күйеуім ит өліммен өлді» дер ме әйелің, «Мен опасыздың баласымын» дер ме балаларың. Жоқ. Олар мұны айта алмайды, оны айту олар үшін өлімнен де қиын, ауыр. Сен өз туған-туысқандарыңды да қарабет еттің. «Жауыз, қарабет, ақ сүтімді ақтамадың» деп анаң қарғайды. Ол «менен туған жоқ» деп әкең безеді сенен. «Мен мұндай қорқақты, күйеуім демеймін» деп әйелің безеді.
– Біз сені – опасызды атқалы отырмыз. Сенің сасық денең адамшылық жөнімен көмілмейді. Сенің молаңнан шөптің жаманы алабота да: «жоқ, мен опасыздың моласына өспеймін» деп безетін болады. Сен сондай дәрежеге ие болдың.
– Мұндай қорлық, масқараланып өлгеннен де, ерлік өлім артық. Халқың үшін, ел-жұрт, туған-туысың үшін, ар-намысың үшін өлсең армансызсың, – деді Бауыржан батальонына қарап. Батальон зор зер салып тыңдап тұр екен.
– Мұндай адамды халық та, тарих та қадірлейді. «Мен геройдың жесірімін» дер әйелі, «мен батырдың баласымын» деп мақтанар баласы, «балам антын орындады, ақ сүтімді ақтады, халқын қорғауда қаза болды» дейді қарт анасы.
– Ал, сені – деді Бауыржан Беляевқа түйіле қарап, – Кім ардақтар, кім мақтар? Жоқ, сені мақтаушы жоқ, сені масқаралаушы табылар. Жоқ, сенің атың аталмас. «Батыр бір рет, қорқақ мың рет өледі» дейді халық. Сенің мына қылығың сені мың рет өлтіріп тұр. Сен мың рет өлесің. Мың бірінші өлімді – оқтан аласың. Сен итке ит өлімі душар болды.
Бауыржан көп сөйледі, жалынды сөздер айтты. Оның сөзін батальон стройында тұрғандардың бәрі де түсінді. Әрқайсысы «мына сұмырайды ату керек» деп іштерінен үкім шығарды.
Бауыржанның бұйрығы бойынша стройдан екі жігіт алға шықты.
– Оқта! – деді. Олар мылтықтарын оқтады.
– Отанға, халыққа опасыздық жасаған сұмырайға оқ атылсын! – деп команда берілді.
Опасыз сұм, оққа ұшты. Оның сасық денесі көміле салынды. Бұл үкімге батальон разы болып тарады. Бұл кейбіреулерге сабақ та болды.
Батальонда болған бұл әңгіме полк командованиесіне де кетті. Полктың комиссары Логвиненко Бауыржанды шақырып алды да, Панфиловтың алдына алып барды. Бұлар Панфиловқа келгенде, Панфилов терезе алдында отыр екен. Дивизияның комиссары Егоров жолдас Бауыржанға тікірейе қарады.
– Бекер аттың, мұның қаталық! – деп зекірді ол.
– Мүмкін, мен қателескен болармын. Айтқандарыңызды еске аламын. Бірақ, етке шыққан мерезді кесіп тастар болар, – деді Бауыржан.
Егоров үндеген жоқ. Біраз уақыт үндемей отырды да орнынан тұрды:
– Асығыстық жасаған екенсің, сотқа беріп, соттату керек еді. Бірақ, оқасы жоқ. Опасыздық жасағандармен саудаласу керек емес, оқтың тілінде сөйлесуің дұрыс. Командирдің бұйрығы – Отанның, халықтың бұйрығы, –деді.
Бауыржан Панфиловтан шығып келе жатты да:
– Отанда опасызға орын жоқ! – деп қорытынды жасады. Ол мұны үш рет қайталап айтты да, желдіртіп жүріп кетті.
Ол кезде батальонда темекі мәселесі қиын еді. Темекі тартушылар көп, бірақ темекі жоқ. Шөп орап тартушылар да бар еді. Бір күні жауынгерлерге екі пашкадан махорка әкелінді, ал командирлерге дәнеме жоқ.
Бауыржан командирлерге:
– Жауынгерлерге екі пашкадан махорка келді, соның біреуін өздерің алыңдар.
– Құдай сақтай көрсін, атамаңыз, – деушілер болды.
– Мейілдерің.
Екі-үш күннен соң командирлерге де екі пашкадан «Беломорканал» папиросы келді. Бауыржан командирлерге бір пашкадан ғана папирос берілсін, басқасы кейінге қалдырылсын деп бұйырды.
Берілген бір пашка папирос көпке жеткен жоқ, бір күнде таусылды. Темекісі жоқ командирлер жауынгерлерінен темекі сұрап тартып жүргенін
Бауыржан көрді «командирлерге екі пашкадан папирос келген екен, оның біреуін комбат алып қалдырыпты» дегендерді естілді.
Бір күні кешке Бауыржан командирлерінің жиналысын шақырды. Ол, өзі әдемі темекіні тартып отыр. Темекі тартуға рұқсат деді. Бірақ, темекісі жоқ командирлер Комбатқа жаутаңдап қарасты.
– Темекілерің жоқ екенін біліп отырмын. Бірақ, неге жоқ екенін өздерің ойлап табарсыңдар. Сендерде темекі болатын еді, егер де анада мен айтқан ақылды алмадыңдар. Жауынгерлерге берілген темекіден өздеріңе алып қалу зорлық я әділетсіздік емес. Егер, сенде темекі болып, жауынгерлеріңе «келіңдер, шылым тартыңдар» деп кисетіңді ұсынсаң, бұл – жақсылық, жауынгерлерің разы болады. Ал, сен офицер болып солдаттан «темекі тарттыршы» деп телміріп тұрсаң, ол мүсәпірлігің,– деді Бауыржан.
Содан кейін бұрнағы күні командирлерге келген папиростан қалдырғандарын командирлерге беруге бұйрық етті. Бауыржан мұнысымен де офицер мен солдаттың арасындағы айырмашылыққа мезгеу берушілігін көрсетейін деп еді.
(Жалғасы бар).