Жеңіс туын бірінші болып тіккен Рақымжан Қошқарбаев! Ол – біздің жерлесіміз!

Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай, Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын тіккен «Халық Қаһарманы», даңқты жерлесіміз Рақымжан Қошқарбаевтың

және қатардағы жауынгер Григорий Булатовтың құрметіне Қосшыдағы Даңқ ескерткішінің жанында «Отан үшін шайқасқан» атты ерлік сағаты өткізілді.

Рақымжан Қошқарбаев Ақмола облысы Целиноград ауданының тумасы. Ол жауын-гер Григорий Булатов екеуі Германияның астанасы Берлин қаласында 1945 жылғы 30 сәуірде Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен Жеңіс туын тікті. Осы айтулы шараға тылда еңбек еткен ардагерлер мен соғысқа қатысқан ардагерлердің жесірлері және түрлі ұйымдардың өкілдері, мектеп оқушылары қатысты.
Ерлік сағатында Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының проректоры Маралбек Ешімов баяндама жасады. Осы шараға арнайы қатысқан Рақымжан Қошқарбаевтың немере қарындасы Рымжан Мұсабекқызы: – Рақымжан аға 1934 жылы анасынан, 1937 жылы әкесінен айырылды. Ол осы Қосшы ауылында білім алып, 18-ге толар-толмас шағында әскерге аттанды. Оның дер кезінде ерлігі бағаланбаса да, еліміз тәуелсіздік алған жылдары «Халық Қаһарманы» атануы ұрпақтары – біздер үшін ғана емес, барша қазақ халқы үшін де зор мақтаныш,– деген апамыз сөз арасында Қосшы елінің азаматтарына, аудан әкіміне үлкен ризашылығын білдірді. Одан әрі Тайтөбе ауылынан келген соғыс ардагерінің жесірі Хатима Ахметова естеліктерімен бөліссе, тыл ардагері Жанатай Жахин бата берді.
Шара барысында республикалық байқаулардың лауреаттары Айнұр Баймолдинова мен Еламан Мәженов «Әлия», «Көктемдегі бұлттар», «Старый вальсок» және «Жеңіс күні» әндерін орындады.
Құқық қорғау органдары академиясының қолдауымен Қосшы ауылдық кітапханасы және мәдениет үйі ұйымдастырған шараға К.Әбақовтың төрағалығымен еңбек ардагерлері, №1 және №2 орта мектептердің және Тайтобе орта мектебінің 10 сынып оқушылары, «Алтын дән», «Сұлу-ай» балабақшалары, құқық қорғау органдары академиясының өкілдері, «Комсомольское обслуживание», отбасылық үлгідегі емханалар мен әжелер хоры, Қосшы ауылындағы аналар кеңесінің мүшелері атсалысты.
Ерлік сағатының соңы Даңқ обелискіне гүл шоқтарын қоюмен аяқталды. Міне, Отан үшін шайқасқан батырларымыздың өшпес ерлігі осылай әрқашан өскелең ұрпақтың санасында жаңғыра түседі.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар