ЖІБЕК БАҒЫСОВА

Өнердегі өмір

Сөз жоқ, Жібек талантты актриса. Театр сахнасына көптеген кесек рөлдерді сомдап шығарды. Әуезовтен бастап, Шекспир шығармаларына дейін бара алатын сирек актрисалардың бірі осы Жібек. Жібектерді мен Сәбира апай мектебінің жалғасы деп түсінемін. Жібек сияқты актерлер рөлге жеңіл-желпі бара алмайды. Үлкен дайындықпен, ізденіспен келеді. Кейіпкерлерін біртіндеп өсіру осы Жібек сияқты бірегей актерлердің қолынан келетін шаруа!

   Асанәлі ӘШІМОВ,
    Қазақстанның Еңбек Ері.
Сурет encrypted-tbn0.gstatic.com сайтынан.

Уақыт көшіне ілесіп, талай бір ғұмырлар ұзап барады. Бірі көзден ғайып болып, енді бірі сағымдай елес береді. Сол сағымдай ойнаған сан ғұмырдың арасында көзіңе де, көңіліңе де ерекше ыстық көрінер адам бейнелері бар.

Адам бейне! Сол адам бейнелер мына жалғанның жарық дүниесінің ешқашан және де мәңгілік сөнбейтін шырағындай болып, нәзік бір сәулесі күн шуағының қуатын береді дәйім. Жабырқап жүрген жаныңа жылылық береді. Жылап жүрген көңіліңізді жұбатады. Үмітіңді ұзартып, келер күндермен жалғайды.

Сол күні… Ақмола облыстық Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының 2026 жылдың 8 қазанында отызыншы ашылу маусымы жасы сексеннің алтауына келген Жібек апамыздың туған күнімен тұспа-тұс келгені бар-ды. Сол күні Көкшетаудың қасиетті театр сахнасында жабырқау жанының жаулығын ақ шашты басына тартып алып ақ жанымен жарқылдап өнер көрсеткен Жібек Бағысованың өнерлі ғұмыры өрелі өмірдің мәңгілік сахнасындағы Адам бейне болатұғын! Сол күні өмірдегі сексен алты, өнердегі алпыс бес жылғы ғұмырымен қырғыз драматургі Мар Байжиевтің «Он екінші күн» драмасындағы басты рөл – Болдуханды дарынды да, талантты Жібек Бағысова алқынбай, өзіне тән асқақ та, жарқын мінезімен өз көреремендерінің алдына алып шықты! Көрермен ықыласында шек болмады! Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың құттықтауы мен ықылас гүлі құшағына сыймай тұрды!

Адам бейне деп отырғанымыз, Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысованың өз ғұмырында өнер сахнасына, тіпті, өмір сахнасына алып шыққан кейіпкерлері, яғни, сомдаған рөлдері деп қабылданғаны игі. Сахнадағы әр кейіпкер, ол ең әуелі Адам! Кез келген драмалық шығармадағы кейіпкер ол өмірде нақтылы болды ма, болған жоқ па, тіпті, ол ойдан құралып жасалған Адам бейне болса да, бірақ, бәрінде де адамға тән тағдыр бар.

Шырылдап жарық дүниеге келгеннен кейін маңдайына жазылған өз тағдырының жүгімен бірге Жібек Бағысова өзінің туған топырағы Бурабайынан Ботагөз тағдырымен бірге он жеті жасында-ақ атқа өңгеріліп кете барған-ды.

Ботагөз тағдыр алдамады! Сонау 1957 жылдың жайдары жазында қазақ киносы Сәбеңнің, кәдімгі Сәбит Мұқановтың әйгілі «Ботагөз» романының желісімен кино түсірмек болады.

Есіңізде ме?..  Кемел жазушы Сәбит Мұқанов өзінің «Ботагөз» романында қара сөздің сырлы бояуымен Адам бейне – Ботагөздің кескін келбетін, ажарлы көркін суреттеп, қазіргі күнге шейін көз алдыға елестетіп қойды емес пе?!

«Ботагөз Бурабай көлінің нақ жар қабағына салынған, бір бөлмелі кішкене қарағай үйдің терезесінің алдындағы айнаға түрегеп қарап тұрып, иығынан аз-ақ төмен түсетін, толқынды бұйра қара шашын сүйріктей саусағымен біресе иығына, біресе алдына түсіріп желпіп, өз шашымен өзі ойнады. Шашын желкесіне қарай желпігенде, қарақаттай мөлдіреген қара көзін Көкшенің құшағына бөленген Бурабай көліне тігіп еді, бураның шудасындай желкілдеген толқын біресе жарды сүзіп, біресе кейін қайтып бұрқанып жатыр екен. Көлдің бурадай буырқануы Ботагөздің қуанышты сезімін өзгертпеді. Ол біресе көлге, біресе айнаға қарап, көлдің толқынына еліктегендей, толқынды бұйра қара шашын бұрынғыдан да жиі желпи түсті», – деген Сәбеңнің, Сәбит Мұқановтың осы Ботагөзін кейде көңіл шіркін, Жібек Бағысова деп танитынын қайтерсіз?!

Дүние-ай, шіркін, өзінің балапан қиялымен, өзінің әлдебір мұңымен, өзінің әлдебір тәтті бір сағынышымен, өзінің толқынды шашын желпіп қойып біздің Жібек апамыз да Көкшенің құшағындағы бурадай буырқанған Бурабай көлінің жағасында   дәл Ботагөздей болып отырмады ма деп те айта алмас едік.

Бурабай көлінің тербеле соққан толқынындай жүрегінің қатты соғар кезі де аз болмаған-ды.  Сәл бір самал жел тұрса болды, сыбдыр қаға жөнелер Бурабайдың ақ қайыңдарының жапырақтарының сырлы үнін нәзік жанының нәзік жүрегімен ұққысы келетін еді. Жылдың төрт мезгілінде де өңі мен түсін бермей ылғиына көкпеңбек болып аспанға маңғаздана бойлай өскен Бурабайдың қарағайының ұшар басына көз тіккен сәттерінде қыз Жібектің де қиялы мен арманы да биіктеп, шарықтап ала жөнелетін-ді.

Мына дүниеге мәңгі асқақ қарап тұрар… әне, анау Оқжетпестің шыңына да көк қаршығаның қиял қанатымен ұшып барып, қонақтайтыны және бар-ды.

Мүлгіген дүние!.. Сол мүлгіген дүниенің құшағында өзін қашан болсын жалғыз сезінетін жабырқау жанының қос жанарымен Бурабайдың қыратты бір төбесіндегі жатаған ағаш үйге қарай беретіні де бар. Есік алдында күндегі күйкі тіршіліктің көрігін үрлеп күйбеңдеп жүрер нағашы атасы Мәжитті көреді қашан да. Қолымен күннің көзін көлбегейлеп айналасына қарап қояды. Жібегін іздегені! Көзінен таса қылғысы келмейді қашан да! Қалай таса қылсын, Жібегі көзінің қарашығы емес пе?!

Кешегі күні адамзат баласы өмірінің астан-кестенін шығарған 1941 жылы басталған алапат соғысқа аттанып, майдан даласында оққа ұшқан Есекеден қалған жалғыз тұяқ осы Жібегі емес пе?!  Майданға аттанып бара жатқан қызыләскер Есеке вокзалдағы сәл аялдаған сәтті пайдаланып өзінің жан-жары Кәбайдың қолындағы құндақтаулы сегіз айлық Жібегін алды да, сәби жүзіне емірене ұзақ қарап тұрған қайран әке, сол сәтте қандай ойда, қандай сезімде болды екен, шіркін?! Сол сәтте жауынгерлер мінген эшалон да баяу жылжып жүре бастаған шақта, қолындағы сегіз айлық Жібегімен өз вагонына міну үшін жүгіре басып ұмтылған Есекенің соңынан «андағы баланы… баланы беріп кет маған» деп Кәбай ана да жан дауысы шығып ерін қуып жетті де Жібегін алып қалып еді. Өз әкесін соғысқа әкетіп бара жатқан сол эшалон әлгіндей болмай ұзай берді де, көзден ғайып болған-ды. Сол вагондағы әке де сол бетімен майданға мәңгілікке кете барды.  Сегіз айлық Жібектің өмір мен өнер сахнасындағы майданы да сол жолы басталып кеткен еді.

Әлқисса…  біздің кейіпкеріміз Жібек Бағысованың өмірін өнер, өнерін өмір деп қарастырғанымыз абзал болар!  Сонау бір 1957 жылы Бурабайдан Ботагөз тағдыр болып, қазақ өнерінің ұлылары Қанабек Байсейітов пен Гүлфайрус Ысмайыловаға еріп «әртіс боламын» деген қиял арманмен Алматыға аттанған сапары мен бүгінгі күн аралығындағы алпыс жылға жуық уақыттың еншісіндегі Жібек Бағысованың өмірдегі де, өнердегі де бақытты сәттері мен қызығы мен қуаныштары және де табыстары да аз емес-ті.

–Қанабек, қарағым! Бұл – жалғыздың көзі! Әуелі бір Аллаға, сосын өзіңе тапсырдым, – деп көңіл түпкіріндегі әлдебір толқынысын ірке сөйлеген жарықтық нағашы атасы Мәжиттің сол бір ойлы бейнесі әр сапарға шыққан сайын көз алдына келіп тұрып алары да бар.

Сол жолғы Алматы сапары Бурабайдың Ботагөзі – Жібегі үшін Құдай оңдап, әуелі өнердегі де, сонан соң өмірдегі де қайырлы бір сапар болды. Бастапқыда Абай атындағы опера және балет театры жанындағы вокальды хор студиясында оқуға, кейін Талдықорған облыстық қазақ драма театрына актерлікке қабылданды.

Ақын Сараның елі! Атақты Біржан салдың «Сараның атын бiлген Арғын, Найман» дегеніндей, Көкшенің бауырында туып өскен Жібек үшін де ақын Сараның елі жүрегіне әлдебір жылылық орнатты, жанына жақын болды. Жетісу жерінде алғаш рет театр сахнасына шықты. «Ғашықтар айласы» комедиясындағы Гүлнәрді ойнады. Алғашқы рөліне әуелде өзінің көңілі толмаса да, қалың көрермен Жібек Гүлнәрді аса жылы ілтипатпен қабылдады.

Тағы да сапар! Бұл жолы Талдықорған облысының таратылуына орай, театр ұжымы түгел Қызылордаға көшіп барады. Сыр елі! Ен даласын жарып ағып жатқан Сырдариясы бар сырбаз елге қадам басқан Жібек Бағысованың бұл сапары ұзаққа созылған қайырлы да, сәтті сапар болды! Алдынан үлкен де, баянды өмір қақпасы ашылды.

Қызылордадағы 1960-1994 жылдар аралығындағы ширек ғасырға жуық ғұмыры Бағысованың бағы жанған кезең болды деп айтуға тұрар еді. Өнер қуып барған мақсатты жолында қарсы алдынан Нартай Бекежанов атындағы қазақ драма театрының есігі ашылды, сахнасы төріне шығарды, халқы құшағын жая қарсы алды. Әрине, мұның барлығы ең әуелі Жібектің өз бойына біткен қарапайымдылығы мен кішіпейілділігі және театрға деген ерекше бір жан құштарлығынан біткен бақ еді.

Өмірі мен өнерінің қос қанатты бағының бірі – әуелі Жібек Бағысова қалың елге дарынды театр әртісі есебінде танылып, көрерменнің сүйіктісіне айналды. Сонан соңғы бағы – Сыр елінің аяулы бір перзенті Бұрхан Жағыпаровпен кездесіп, үй болуы, сонан соң екеуінің алпыс жылдан астам уақыт бойы бір шаңырақтың астында өмір сүрулері болса керек-ті.

Қызылорданың Нартай Бекежанов атындағы театры Жібек Бағысованың нағыз шынайы театр әртісі, атақты да даңқты, әйгілі өнер иесі болып қалыптасуының үлкен мектебі болды. Өмір мектебі болды деуге де жарар еді.

– Сыр еліне екі дүниеде де ризамын, – деп әрдайым өзінің өнері мен өмірі жайлы сөз қозғалса болды, Жібек апамыздың жаны жадырап, қос жанары жайнап, екі бетіне қан жүгіріп, былайша айтқанда бар жан-дүниесімен қуанып сала беретіні бар.

– Неге қуанбасқа?! Сыр еліне неге алғысын ақтарып отырмасқа?! Сол Сыр елінің театры әр қойылым сайын басты рөлін, халқы құрметті төрін беріп, осы күнге шейін «біздің Жібегіміз» деп ауыздарынан бір тастамайтын қызылордалықтар қашаннан бері көңіл төрлерінің қақпасын ашып тастағандары да анық.

Театрдағы рөлдеріне келер болсақ, Жібек Бағысованың өнердегі бағын ашқан, қалың көрерменіне танымал әрі сүйікті болуына зор ықпалы тиген Мұхаңның, Мұхтар Әуезовтың «Қарагөз» драмасындағы ғашықтық дертіне шалдыққан Қарагөздің «А… тоғай… Сырым… түн.. әне… әне-әжем шақырады… шақырады…» деп шалқайып барып, сұлап түскен бір ғана сәттік есінен ауған шағындағы Адам бейненің шынайы бір қасіреті бір көрген көрерменнің көз алдынан еш кетпей тұрып алғанын қайтерсіз?!

Көздері жасқа шыланып, жандары жылаған көрерменді  жан күйзелісіне түсірген әрине, әуелі Қарагөздің трагедиясы болса, сол қасіретті күрделі кейіпкердің бүтін бір болмысын және де есі ауған шақтағы бейнесін Қарагөздің рөлін сомдаған Жібек Бағысованың  өз кейіпкерінің жан дүниесін, ең аяғы жүрек лүпілі мен мөлдір  махаббатын, қуанышы мен қасіретін, тіпті, қос жанарынан төгілер көз жасын да шынайы… тек қана шынайы әрі таза сезіммен жеткізе білгендігінен де болар, енді ол Жібек емес, Қарагөз болып көрермен көңіліне қонақтады. Көрермен көңілі дегеніңіз таудан биік, көлден терең ой мен сенім ұясы.

Өз көрерменінің ыстық та қымбатты сенім көңіл ұясынан берік орын алған Жібек Бағысова Кербез Көкшенің Бурабайынан өнер сапарына Ботагөз болып аттанып еді, енді міне… алтын көпірлі Сыр еліне Қарагөз болып танылып, тағы бір тұлпар тағдырдың жалына жармасты.

Қашан болсын, аспаған да, таспаған, ешқашан жаман сөз сөйлеп, жаман жерді баспаған Жібек Бағысованың сол тұлпар тағдырының сан қилы сынағынан сүрінбей бүгінгі күнге жеткені де бар! Абыройлы жетті! Құрметпен келді мәреге! Өмір мәресінің әр адымы мен әр шақырымында елдің Жібек қызына деген, ал, Жібек қызының өз еліне деген құрметі жатыр.

Өнер сахнасындағы осы ғұмырында үш жүзден астам рөлдерді сомдаса, сол кейіпкерлерінің ішінде кімдер жоқ дейсіз?! Әлемге әйгілі Мұхтар Әуезовтың «Қарагөзіндегі» Қарагөз, Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер-Анасындағы» Әлиман мен Толғанай, Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері-Ақтоқтысындағы» Ақтоқты мен Дәмелі, Сәкен Жүнісовтың «Ажар мен Ажалындағы» Ажар, Қалтай Мұхамеджановтың «Жат елдегісіндегі» Ева Броер және тағы да біраз драмалардың кейіпкерлерін бүгінгі күннің сахнасында бүгінгі күннің көрерменіне танытты.

Әр кейіпкер жеке бір әр адам болса, солардың әрқайсысының өз мінезі, өз тағдыры, өз жан әлемі бар. Сол сан қилы тағдырлы кейіпкерлерінің тағдырымен бір сәтке болса да біте қайнасып, бірге өмір сүрді, қуанды да, қайғырды да, жылады да, күлді де, күрсінді де, әйтеуір, адам баласына тән бар тағдыр табағынан дәм татты.

Сол өнер мен өмір жолында тартқан дәмінің ішінде бәрі де… бәрі де… кермегі де, ащысы да, тұщысы да, тәттісі де болды. Татқан дәмінің тәттісін айтар болсақ, 1967 жылы Қызылорда облыстық театрының Алматыдағы он күндік гастрольдік сапарының қорытындысы бойынша 27 жастағы Жібек Бағысова «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» құрметті атағына ие болды.

Әрине, қыр елінен Сыр еліне барған Жібек Бағысова үшін бұл үлкен жетістік еді, бағының жанғандығы еді. Қырық шырақты қыз баланың бірі Жібектің де шырағы жанғаны болды. Алайда, сол жанған қырық шырағының бірі болып, 1980 жылы Жібек Бағысованың «Қазақстанның халық әртісі» атағына ие болуы еді.

Бір өзі «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» және «Қазақстанның халық әртісі» атану екінің бірінің маңдайына жазылмаған әрі бұйырмаған бақ! Осы бақ Жібек Бағысоваға бұйырды! Бұл Жаратқан иесінің жарылқағаны, нағашы атасы Мәжиттің тілеуі, майданнан оралмаған әкесі Есекенің желеп-жебеуі, халқының батасы болар, бәлкім.

Жаратқанның мейірі түсіп, халқының ықыласы ауған Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысованың, сол бір жайма шуақ жазда салт басты, сабау қамшылы күйінде ат жалына жармасып Бурабайдан жалғыз аттанған Жібектің арада жылдар салып, өзінің туған Көкшесіне бір көшті ел болып қайра оралуы тарихи кезең еді. Жанында Бұрхандай серігі, ер азаматы бар, Айбол, Нұртуған, Нұрбол, Нұрлан атты ұлдары бар Жібек апамыз қалың нулы Көкшесінің сексен көлінің айдынына елдің жарасымды аққуындай болып қонды. Айдын көлдің арнасы толды! Көкшенің бағы тасыды, абыройы аспандады!

«Көкшетауда жаңадан ұйымдастырылып жатқан қазақ театрына Қызылордадан Жібек Бағысова деген әртіс келіпті. Өзі Бурабайдың қызы екен», – деген әңгіме Көкшетау еліне кеңінен тарап жатты. Жұрт елең ете түсті. Көкшенің өз қызының өз еліне келіп жатқанын былай қойып, қалың жұрт «туған елі мен ағайын-туыстарын тастап, біздің әртіс қызымыздың соңынан еріп келген күйеу жарады» деп әлі көрмеген, білмеген Жібек Бағысова мен Бұрхан Жағыпаровтың өздері де, отбастары да зор қызығушылық тудырғаны да болып еді.

Бұл арадағы әңгімені тарата айтар болсақ, кейіпкеріміз Жібек Бағысованың өз айтқанына сүйенейік. «Ақмолада тұңғыш рет қазақ театры ашылып, сол театрдың негізін қалаған және өзіміздің көкшелік бауырым Жақып Омаровқа бір күні телефон шалып, елге қарай жақындағым келетінін айттым. Жарықтық Жақып қуанып, келісе кетті де, содан көп ұзамай, яғни, 1994 жылы Ақмоланың театрына келіп, орналастым. Сөйтіп жүргенде, 1995 жылы Көкшетауда қазақ театрын ашу мәселесі шешілгенде, алды-артыма қарамай және де Жақып бауырымның «Елге қайт! Жаңадан ашылғалы жатқан Көкшетау театрына Алматыдан өрімдей жастар бара жатыр! Соларды жолға сал, бас-көз бол» деп қамшылағаны да қанат бітіріп, елге құстай   ұшып жеттім ғой», – деген әрідегі күндердің жаңғырығы енді тарих!

Бұл күндері Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ театры көкшелік көрермендерге алғашқы шымылдығын Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері-Ақтоқты» драмасымен ашып, содан бергі жүріп өткен отыз жылғы кезеңдегі әр қойылымдарына осы күнге шейін келіп жатар көрермен ең әуелі осы қасиетті өнер ордасына Жібек Бағысованы бір көріп қалу үшін келетіндері бар. Сол күнгі қойылымда ойнамаса да, келісті келбетімен, нұрлы жүзімен, әр адамға мейірімін төгіп алдыңғы орында бір төбе болып отырар Жібек апаларын көріп, амандасып, мәре-сәре болып жатар үлкенді-кішілі көрермендерінің шынайы ықылыстары бір сарқылар емес.

Жібек Бағысова – Көкшетау театры! Көкшетау театры – Жібек Бағысова болып, қалың жұртшылықтың жадында осылай қалыптасқан бұл өнер ұжымының да өзі Жібек Бағысованы өз театрларының анасы деп аспандатады, анамыз деп құрметтейді, анамыз деп сыйлайды!  Талантты өнер иесі Жарас Қалдаров кезінде өзі қалыптастырған театрды қазір өзі басқарып отыр.

Қазіргі кезде  театрдың тұңғыш директоры Мұратбек Оспанов пен Көкшетау сахнасының пірлері  болып қалыптасқан Қайрат Мырзаболатов  және Төлеубек Көңбай   үшеуі де «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері» құрметті атақтарына ие болса, мәдениет қайраткері Жанар Құсайынова «Қазақстан Республикасы Парламентінің 30 жылдығы» мерейтойлық медалімен, ал, мәдениет саласының үздігі Маржан Бөкешева Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен  марапатталып, өнер сахнасындағы абыройлары асқақтай түсті.

Сонау Сыр елінен өзімнің Көкшем деп қопарыла көшіп келген және де Көкшетау топырағындағы тұңғыш қазақ театрының іргесін қаласып, «Көкшенің ел анасы, театр анасы» деген баға жетпес атақ пен даңққа бөленіп отырған Жібек Бағысова 2010 жылы Көкшетау қаласының құрметті азаматы атағына ие болса, 2011 жылы «Парасат» орденімен марапатталып, елі де, өзі де мерейленіп еді.

Беу, шіркін, Ана! Өмірде өз ұрпағыңа ана болу бір бөлек әлем де, ал, өзінің өнер ордасының анасы болудың әлемі де басқа бір әлем. Өмірде өзіңнен туған өз үйіңдегі бала өзіңе күнде еркелей бермейтіні де бар, еркелегісі келсе де еркелетпейтін сәттер болады ғой! Ал, өнер ордасындағы еркелеп келер, еркелеп жүрер ұлдарың мен қыздарыңды бетінен қаға алмайтының және де бар! Сол өнер ордасы, театрдың анасы Жібек ананың рөлі өмірлік және ол мәңгілік рөл! Өнер және театр анасының сценарйиін жазған да ешкім жоқ, кейіпкерінің рөлін жасаған да ешкім жоқ, алайда,   сол рөлде ойнайтын Жібек ананың бір өзі! Көкшетаудың театрын дәйім қашан болсын жылытып тұрар осы Жібек ананың жүрегі!

Қайран Жібек ананың сол жүрегінің кей-кейде өрекпіп соғары да бар осы күндері. Өмір әуелі осы жүректі мүжиді екен. Ойсыз, мұңсыз емессің! Кей сәтте күйкі тіршіліктің талауына түсер сәттерің де аз емес екен! Бәрінен бұрын алтын асықтай бір ұлы Нұрболының дүниеден ертерек көшуі ана жүрегіне үлкен салмақ салды. Иә… одан соң ері Бұрханның қайтыс болуы сияқты ажал аранының аралында қалған сәттерінде жанының күйзеліп, жүрегінің ауырған сәттері аз болмады.

Жібек апамыздың жары жарықтық Бұрханды бүкіл Көкше елінің жасы кішілері «жезделеп» құрмет тұтса, Көкшенің үлкендері «еліміздің бір азаматы, ел ағасы» деп қадірледі, сыйлады.

Сыр елінен көшіп келіп Көкшетауға түбегейлі қоныстанған Бұрхан мен Жібектің құрметіне арнап ел ағалары бастап ерулік бере бастаған-ды. Сондай бір еруліктің үстінде Көкшетаудың биіндей болып кеткен, ел ағасы Орекең, Орынбасар Назаровтың «Бүгіннен бастап мына Бұрхан біздің елімізге күйеу емес, еліміздің ағасы деп санайық! Біздің қызымызды бетінен қақпай, еліне алып келіп, табыстырып отырған және өзі бар бала-шағасымен бірге елімізге келіп отырған Сыр елінің азаматы осы Бұрхан енді әрқайсымыздың төрімізде отыруы керек» деп Бұрхан жездемізді төрге оздырып еді. Сол сәттің өзіміз де куәсі болдық.  Сонан бері өмірінің соңына дейін хан көрген, хазірет көрген Көкше елінің төрінде Бұрхан жездеміз отырып кетті жалған дүниеден!

Жалған дүниенің жан жабырқатар жайы жаныңызды жабықтырмасын, қамықтырмасын, Жібек апа! Сіз мұңайсаңыз еліңіз мұңаяды, сіз жыласаңыз еліңіз бірге жылайды. Елім деп, Көкшем деп, Театр деп соққан өмірлі жүрегіңіз ешқашан алқынбасын, жан тынысыңыз қашан болсын кеңейе берсін!

Өмірге деген әрдайымғы құштар көңіліңіз суымасын! Айналаңызға көз тігіңізші!  Бурабай жаққа бір қараңызшы!  Толқынды бұйра қара шашын жайып қойып Бурабай көлінің жағасында сол баяғы сұлу жүзін көл суымен шайып қойып, мына дүниеге еркелеп Ботагөз отыр! Сол кең дүниеге Сіз де еркелей беріңізші, жан апа!

         Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
  қоғам және мемлекет қайраткері,
I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар