Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Алыста қалған әкеге туған жерден бұйырған топырақ - АРҚА АЖАРЫ

Алыста қалған әкеге туған жерден бұйырған топырақ

Төлеген аға бір үйде жалғыз өсті. Оның өзінде атасы Әбілғазының қолында. Қасында арқа сүйейтін бауыры да жоқ.

Аға-іні, апа-қарындастан біреуі болсайшы. Бәрі сұм соғыстың кесірі. Әкесі Нұрғали Ұлы Отан соғысы басталғанда отыз төртте еді. «Ортақ» колхозында бригадир болып жүрген жерінен көп ұзамай соғысқа аттанды. Солтүстік Қазақстан облысының іргедегі Чкалов ауданынан ауылдың бірнеше жігіті бірге кетті.

Бәрі сайдың тасындай, болашақтары алда, біркелкі жастар еді. Арасында үйленіп, аздап өмір көргендері Нұрғалилар болатын. Сонда үш-төрт жастағы Төлеген ағаның әкесінің өзін құшағына қатты қысып алып, айналып-толғанып, босатқысы келмегені еміс-еміс есінде. Кейде бір әкесін ойлап көңілі босағандай болғанда, көз алдынан елес беріп өте шығады. Сағынып аңсағанда көңілге медет етер бір суреті де қалмапты. Кейде ойша әке бейнесін санасында жаңғыртайын десе, түр-түсін де білмейді.
Сұм соғыс салған жара осылай жанын қинап келе жатқанына аттай алпыс-жетпіс жыл. Ес біліп, есейген бала әкесін іздейді ғой. Қатал тағдыр Төлеген Нұрғалиұлы Әбілғазинге әке-шешені де қатар іздетті. Өйткені, сол соғыс жылдары он жыл арқалап, анасы Бәтима сотталып кетті. Сәл кем шыққан бидай үшін сталиндік зұлматтың құрбанына айналды.
– Содан атамның қолында өстім. Бала тәрбиесіне қатты болса да, ел қатарлы ер жеткізді, оқытты. Соғысқа кеткен жалғызымның жалғызы деп бар тілеуі менің үстімде болды. Бұлай деуім, әкем Нұрғали да әкеден жалғыз еді. Өмірде жақсы адамдар кездесті. Анам айдауда. Алты жасымда әжем қайтыс болып, екеуіміз ғана қалдық. Ол кісі өмірден озған соң бір күні үйге Қатира шешемді әкелді. Кейде бір қияңқылық жасап, атам сабаймын деп ұмтылғанда, мені қорғап, соққыға өзінің денесін тосушы еді. Ал, әкемді атам өмір бойы тосып, күтіп өтті. «Алдында жылап-сықтап қара қағаз алдық. «Хабар-ошарсыз кетті» деген. Бірақ, оған өз басым сенбедім. Айтқандай, 1942 жылдың аяғында өзінен «жараланып төрт ай госпитальда жаттым. Қазір бөліміме қосылдым. Қайта ұрысқа кіргелі жатырмыз» деген хаты келді. Содан кейін хат сап тыйылды» деп айтып отыратын жарықтық.
Төлеген ағаның бұл жан сырының тобықтай түйіні, өзі де ат жалын тартып мініп, азамат атанғалы әкесін аз іздемепті. Бір шеті Мәскеу облысы Подольск қаласындағы КСРО Қорғаныс министрлігінің архиві, басқа орындар. Бірақ, көңіл тұшынтарлық жауап болмаған.
Ондай дерек 1941 жылы соғысқа кеткен әке тағдырынан әлі күнге бейхабар Төлеген Әбілғазинге осы биыл жетті. Көршілес Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласында Беркінбай Орынбайұлы Әлжанов деген оқыған-тоқыған, зерделі азамат тұрады. Түбі Төлеген ағаның өзі өмірге келген Ақмола облысы Зеренді ауданының Ортақ ауылынан. Сол кісінің шәкірті, яғни, осы ауыл мектебінде қолынан білім алып, өмірде өз орнын тапқан. Кейінгі жылдары осы азамат Ұлы Отан соғысында қаза тапқан немесе хабарсыз кеткен солтүстік қазақстандық және көкшетаулық боздақтардың қан майданда опат болған жерлерін анықтау ісімен айналысып, қазірдің өзінде екі облыстан осындай хабарға сусап отырған біраз отбасын жақсы жаңалықтармен қуантып та үлгерді. Былтыр осы Ортақ ауылынан Беркінбай Әлжановтың тауып беруімен Дүйсенбиндер отбасы атасы Мәжікей Дүйсенбиннің басына барып, тағзым етіп келсе, биыл осы Жеңіс мейрамының қарсаңында ағайын-туыстары сол бір сұрапыл жылдары Смоленск жерінде қан майданда опат болған Орынтай Қажығалиевтің жерленген жеріне де тағзым етуге аттанып кетті.
Ал, Төлеген ағамызға шәкірті жеткізген хабарда ресейлік «Мемориал» іздестіру тобының көмегімен әкесі Нұрғали Әбілғазиннің 1943 жылдың 21 қаңтарында бұрынғы Орлов, қазіргі Липецк облысы Елец ауданының Казинка деревнясының маңында жаумен болған шайқаста қаза тапқаны туралы айтылған еді. Қолға тиген деректер есіл ердің 101-інші танк бригадасында танк экипажының мүшесі болғанын айғақтайды. Бір танкта өзге ұлт өкілдері Алексей Быстров, Василий Лехаус және Алексей Щукинмен бірге қазақтан жалғыз кіші сержант, пулеметші Нұрғали Әбілғазин де ұрысқа кірген. Сол ұрыста танк жанып, төрт боздақ та мерт болған. Бәрі дерлік осы жолы қаза тапқан өзге кеңес жауынгерлерімен бірге жоғарыда айтылған Казинка деревнясындағы бауырластар зиратында жерленіпті.
Осыдан кейін өмір бойы арман болып келе жатқан әке хабары тиген Төлеген ағамыздың көңіл-күйін өздеріңіз де түсінерсіздер. Ұйқы қашқан. Бұл ретте, «әкем туралы осы деректерді алғаннан кейін бүгінге дейін көңілімде жүрген әртүрлі ойлар, яғни, пленге түсті ме, соғыстан бас тартып, басқа бір жаққа кетіп қалды ма, тағы сол сияқты күдіктер сейіліп, дұрыс пікір қалыптасты. Енді менің әкем де Отан алдындағы борышын адал атқарғанын, болашақ ұрпақтың бақыты үшін шыбын жанын аянбағанын басқалар білсе, тиісті орындар керек жеріне соны тіркеп қойса, деген де тілек туындады» деп қағазға өз ойын түсірмей де тұра алмаған. Шіркін, әкеге деген бала сезімі! Соны оқып, біз де толқымай отыра алмадық.
Іле Төлеген ағаның өтініші негізінде Көкшетау қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасы арқылы Елец ауданының әкімшілігіне жолданған арнайы хат жауабы да тақа көп тостырмаған. Хатта жалғыз ұлы әкесінің аты-жөні Наргалим Абулгазинов болып көрсетілгенін, ал, дұрысы Нұрғали Әбілғазин екенін, қалған деректері – 1907 жылы туғаны, Қазақ ССР, Солтүстік Қазақстан облысы, Чкалов ауданы Аймақ ауылдық Кеңесінің Ортақ ауылының тумасы, әйелі Әбілғазинова Бәтима екені шындыққа толық сәйкес келіп тұрғанын баяндаған. Сонымен бірге, әкесінің басына барып құран оқып, туған жердің топырағын салғысы келетіні, ол үшін бауырластар зиратында аты-жөнінің бар-жоғын біліп алуы керектігі де айтылып еді. Айналасы бір жарым айдың ішінде келген жауап хатта Лавский селолық кеңесінің аумағындағы зиратта осы деревня мен Казинка деревнясын неміс-фашист басқыншыларынан аза ету үшін болған ұрыстарда қаза тапқан өзге Кеңес Әскері жауынгерлерімен бірге Нұрғали Әбілғазиннің түзетілген есімі де мемориалдық тақтада қашалып жазулы тұрғаны хабарланыпты.
Бұдан әрі өмірде көпті көрген ұлағатты ұстаз, сонымен қатар, ұзақ жылдар Теңдік және Ортақ ауылдық Кеңестерінде төраға болып қызмет атқарған ел ағасы, қасына ұлы Сәкенді алып, «Липецк қайдасың?» деп жолға шықты. Омбы қаласынан Мәскеуге ұшатын ұшаққа отырғанда да, әрі қарай да жолшыбай бар ойы әкеде болды. Баратын күнін айтып, алдын ала телефон шалып хабарласқанда, ол жақтағы әкімшілік басшылары, әскери комиссариат, бәрі де «қам жемеңіз, қарсы аламыз» дегенді айтқан. Солай болды да.
Елец ауданының әскери комиссары Дмитрий Дудин, Лавский селолық қонысының басшылығы бас болып, өздерін алып келген бауырластар зиратында алфавиттік ретпен әке аты-жөні бірінші боп көзге бірден шалына берді. 31 боздақ бір жерде жатқан әке бейіті, Алла жазып, басына тағзым ете келген ұрпақтары… Көзден қалай жас ытқымас. Алақанымен ескерткіш тас пен тақтаны аялап, іштей жан дүниесі егіле түседі. Отанды қорғаймын деп жат жерден топырақ бұйырған қайран әке, ұлың, өзің кеткенде үш жастағы жалғыз тұяғың басыңа келгенін аруағың сезіп жатқан шығар. Осы тебіреніспен зиратына туған жерінен апарған топырақты салды, құран оқыды. Босаған қалташаға сол зираттан топырақ салып алды. Оны да елдегі әке, өзін бағып-қаққан Әбілғазы атасының бейітіне салып, ескерткіш белгі қоймақ.
Сол отқа оранған танк экипажындағы А.Н.Быстров, А.И.Щукин де осы бауырластар зиратында екен. Ал, В.Г.Лехаус іргелес жатқан Тула облысының Остропяты деревнясында жерленіпті. Бұлардың келу құрметіне сол күні боздақтар рухына арналып, зират басында қаралы митинг өткізілді. Мектеп оқушылары, олардың ұстаздары, село тұрғындары қатысқан жиында сөз берілген соң, осы сәтке дейінгі жан әкеге сағыныш-аңсарын толқыған көңіл-күйімен там-тұмдап жеткізсем деген. Ескерткіш етегін гүл дестелер көмкеріп, жиналғандар әкелі-балалы екеуін де құшақтарына алып, құрметтеп жатыр. Осында болған екі күнде де осылай көршілес елдің ілтипатын сезінді.
Енді бәрі белгілі. Келер күндерде де тұла бойындағы бір тылсым күш ойша Мәскеудің арғы беткейіндегі әке бейітіне тарта түсері ақиқат. Көкшелік абзал ел ағасы, өзіміздің де ұлағатты ұстазымыз Төлеген Нұрғалиұлы Әбілғазиннің міне, өмірдегі бас-
ты арманы осылай орындалды. Сіздердің де солай сұм соғыста құрбан болып, іздеп жүрген ата, әке, туған-туыстарыңыздың бір хабары шығып, бейіттеріне туған жердің бір уыс топырағын бұйыртуға жазсын!..

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар