Әрдайым жан жүрегі елжіреп қамқор болатын, орнықты ақылымен жол сілтейтін сарабдал да салмақты, парасат-пайымы кісі сүйсінерлік ардақты әкеміздің
мынау жалған дүниені тәрк етіп, мәңгілік құшағына бөленгеніне де аттай алты жыл толған екен-ау.
Біз төрт ұлы мен екі қызы және олардан тараған ұрпақ – 12 немересі мен жиырмадан астам шөбересі отбасылық мерекеде басымыз қосыла қалған сәтте әкеміз Балташ Омарұлы мен анамыз Рәш Сәниқызын еске аламыз. Көкірек мұңға толады. Көңілді беймәлім сезім кернейді. Жарастықпен өткен жақсы ғұмырларын жадымызға оралтқан кезде мақтаныш сезімнің де маздайтыны бар. Әке бейнесі, махаббатпен тұмшаланған ана кескіні ап-анық көз алдыңа келіп, олардың өнегеге толы өмір жолдары тылсым сыр сабақтаған сәтте перзенттік көңілдегі періште қошемет те молая түсер еді.
Әкеміз өзі туралы, оның ішінде от-жалынға оранған Ұлы Отан соғысы кезі туралы тіс жарып көп айта бермейтін. Кешегі кеңес заманында үнемі қызмет бабымен қарбаласып жүретін әкемізді сирек те көретін едік. Тек соңғы жылдары ғана зейнет демалысына шыққан соң балаларымен шүйіркелесіп отыруға уақыт тапты. Ал, бұл кезде біздің қолымыз тие бермейтін. Бәріміздің төрт көзіміз түгел жиналатын күн, ол Ұлы Жеңіс күні еді. Бұл күні міндетті түрде әке шаңырағында болып, дастархан басында жүздесу жазылмаған заңға айналған.
Ұлы Отан соғысы басталған сәтте әкеміз Балташ Омарұлы Степняк қаласындағы орта мектепті бітіріп, туған ауылы Чкалов ауданындағы Амандыққа оралған екен. Бұл кезде әскерге шақырылуға тиісті азаматтардың бәрі тегіс майдан даласына аттанған. Ауылдағы шаруаға қабырғасы қатып, буыны бекімеген жас балалар мен егде адамдардың иығына түскен. Жергілікті билік орта мектепті енді бітіріп келген жасөспірімге ауылдық кеңестің хатшысы міндетін атқаруды жүктеген. Он жеті жасар бозбала жауапкершілігі жоғары жұмысты атқара бастады. Кеңес құрамына төрт колхоз кіретін. Кейін азабы мол шаруаны қалай атқарғандығын айтып отыратын әкейдің сөзінен ұққанымыз, ең қиыны қайғы арқалаған қара қағазды жеткізу екен.
–Қашан сөмкеңнен келген хат-хабарды шығарғанша ауыл адамдары тағатсыздана тосып отырар еді. Егер алақаныңа іліккені хат болса, ақ түйенің қарны жарылғандай қуанатын,–деуші еді әкей,–табалдырығын аттаған сәттен бастап жаманат хабар келіп қалар ма екен деп жүректері алып ұшып, тағатсыздана тосатын. Хат болса қуанатын. Ондай қуаныш көп те емес еді.
Келесі жылдың тамыз айында мектепті бірге бітірген тоғыз жас жігіт өздері сұранып, майдан даласына аттанған. Тайыншадан аттанған жауынгерлер Свердловск қаласына жеткенше тұп-тура бір ай өтіпті. Майданның қызып тұрған уақыты. Бірер ай әскери істің қыр-сырымен таныстырған соң Ленинград түбіндегі Волховский майданының өтіне салған. Бұл майдандағы тарихи оқиғаларды көпшілік жақсы біледі. Сондықтан, тәптіштеп қайталаудың еш реті жоқ. Қаланы қорғаған мыңдаған жауынгерлермен бірге біздің әкей де жаңбырша жауған оқ астында жүрген. Берік қорғанысты бұза алмағандарына өкінгендей жау жағы бомбалауды тіпті үдете түскен. Бірақ, бұл кезде кеңес жауынгерлері соғыстың алғашқы айларындағыдай емес, біршама ес жиып қалған болатын. Тағы бір сәтті шабуыл кезінде басқыншы жау мысықтабандап кейін шегінген. Міне, сол сәттен бастап майдан даласындағы үстемдік кеңес жағына ауған. Тұмсықтары тасқа тиген гитлершілер шегіне бастаған. Прибалтиканы азат еткен. Одан соң Беларуссия, Гродно, Барановичи қалалары. Біздің әкеміз де осы қалаларды азат етуге қатысқан. Варшава қаласын басқыншы жаудан азат еткен.
Бірінші Беларусь майданының құрамындағы Г.Жуков басшылық жасаған үшінші армия қатарында 105-інші полк Одер өзенінің өткелінен жау қорғанысын талқандап, қиян-кескі майданмен өткен. 1945 жылдың 28 сәуір күні 45-інші полк жау астанасына енген. Әр көше, әр үйдің орамы кескілескен соғыс. Мамыр айының екісі күні даңқты жерлесіміз Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагтың қабырғасына Жеңіс туын қадаған. Әкей Рақымжан Қошқарбаевты жақсы білген екен. Кейін мұндай Жеңіс туын Егоров пен Контария да қадады.
Әкей маршал Г.Жуков пен фельдмаршал Кейтелмен екеуі сөзсіз тізе бүгу туралы актіге қол қою сәтіне қатысып, күзетте тұрған. Соғыс біткеннен кейін де бес жыл әскер қатарында болған. Жаудың жойылмаған қалдықтары жиі-жиі бас көтеретін. Бірде әкей киімін ауыстырып киген жаудың бас штабының вице-адмиралын қолға түсіріпті. Бұл туралы 1945 жылдың 25 мамыр күні шыққан «Сталинский войн» газетінде жазылған. Газет қиындысы әлі сақтаулы. Ақтарып отырсаң көне суреттер көп сыр шертеді. Уақыт табымен сәл сарғыш тартқан суреттерде жеңіліске ұшыраған Берлиннің бейнесі бар. Қала көшелеріндегі жеңімпаз кеңес жауынгерлері. Барлығы шаттыққа бөленген. Олардың қатарында біздің де әкеміз бар.
1950 жылы әскер қатарынан босап елге оралды. Майдангердің омырауында майдан даласындағы ерлігі үшін берілген ордендер мен медальдар самсап тұрған. Ет жақын ағайын-туыс, әке-шеше қуана қарсы алды. Оның ішінде сегіз жыл бойы хат жазысқан болашақ жары, біздің анамыз Рәш Сәниқызы да бар.
Екі жас майданға дейін танысыпты. Болашақ жары оқ жалынға оранған соғыс даласында жүрген кезінде анамыз Қарағаш ауылында еңбек еткен. Аман-сау оралған соң екеуі шаңырақ көтерген. Ендігісі бейбіт өмір. Соғыстан кейінгі қаусап қалған шаруашылықтарды көтеру. Жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін Көкшетау облыстық партия комитетінің қаржы, сауда және әкімшілік бөлімдерінде еңбек етті.
Біз майдангер әкемізді әрдайым құрмет тұтамыз. Батыр әке майдандағы ерлігі үшін бірінші, екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін» медалі, сондай-ақ, Беларуссияны, Варшаваны азат еткені үшін, Берлинді алғаны үшін бірнеше медальдармен марапатталған. Ал, соғыстан кейінгі бейбіт өмірдегі берекелі еңбегіне орай «Еңбек Қызыл Ту», үш мәрте «Құрмет Белгісі» және «Құрмет» ордендерін, көптеген медальдарды омырауына таққан.
Әке өмірі, оның өнегесі біз үшін тағылымды мектеп. Кейінгі ұрпағы да батыр әкенің жолын жалғастыруда. Бұл ата-анамыздың ізгі тілегінің өмірден өз орнын алуы деп білеміз.
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.