Ұрпақтың керегі, өңірдің дерегі болатын кітап

2019 жылдың 5 наурызында белгілі жазушы-шежіреші Жайық Бектұровтың туған топырағы Аманкелді ауылындағы Аманкелді негізгі мектебінде Қуандық Құсайынұлы есімді ардагер ұстазымыздың 75 жылдық мерейтойына орай, оқушылар мен ұстаздардың кездесуі өткенде, жайықтанушы ардагер ұстаз, әрі қаламгер, Ақкөл ауданының құрметті азаматы Еркін Дәуешұлының ауылға келгені туралы хабар алып, сәлем беруге барып едім. Ол кісінің қадірлі туысының құрметіне Астана қаласынан ат терлетіп келген беті екен. Үй иесінің қонақжайлылығымен Еркін ағамен дастархандас болуға тура келді.

Еркін ағамыз дағдылы әдетінше ауылдың, мектептің жағдайын, ауыл адамдарының хал-ауқатын сұрастырып болғасын «Нұрболат, мына бір кітап арнайы саған, ал, екі данасы мектебіңе» деп «Азаматтарымен ажарлы Ақкөлім» деп аталатын жап-жаңа кітапты тарту етті. «Бұл кезіккеннің бәріне «мә, саған» деп таратып жүрген дүние емес, арнайы аттарын жазып, белгілі адамдарға ғана тартуым» деді ағамыз қадірін түсінсін дегендей. Онсыз да кітап сыйлау, аға-іні болып кітап туралы сөз қозғау жоғалып бара жатқан бұл заманда, бұл маған өте сыйлы тарту болды да үйге жетіп мазмұнымен танысуға асықтым.
9 бөлімнен тұратын жинақ бірден баурап әкетті. Себебі, өмірде болған дүние, әрі өзім тұрып жатқан өңірдің жақсылары туралы құнды ақпараттар мен керекті де деректі оқиғалар. Бастысы, артына ат қалдыруды емес, өнегелі хат қалдыруды ойлаған Еркін ағамыздың әр жылдардағы газет бетіне шыққан мақалалар жинағы. Кітап басы Еркін ағаның бойтұмардай қастерлеп, елге насихаттап, ұлылығын ұрпаққа жеткізіп жүрген шежіреші жерлесіміз Жайық Кәгенұлы Бектұровқа арналған. Жайық Кәгенұлының өмірі, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Нұрмақан Оразбек, т.б. ұлы тұлғалармен тығыз байланысы, өзара атқарған жұмыстары, олардың осы кісіге деген құрметі айқын көрсетіліп, баяндалыпты. Кейінгі буыннан Серік Ақсұңқарұлы, Серік Тұрғынбек, т.б. Жайық Кәгенұлы туралы құнды мақалалары, деректерімен бірге, Еркін Дәуешұлының Қарағанды қаласының құрметті азаматы атанған Жайық атамызды туған топырағына насихаттап, таныту жолындағы жұмыстары да осы жинаққа топтастырылыпты. Әрине, оңай олжа жолда жатпайды ғой, соған өзіміз де куә болып келеміз. Тәуелсіз ел болсақ та, аудан орталығындағы төрт мектептің біреуі ғана мемлекеттік, яғни, қазақ тілінде білім беретін мектеп болуы жаныңды қынжылтса да, өзгелердей «не, амал» десіп жүре беретін едік. Сол жалғыз қазақ мектебіне және бір көшеге белгілі жазушы, сталиндік зұлматтың құрбаны, шежіреші Жайық Бектұровтың атын беру, жыл сайын аудан көлемінде тағы басқа да еске алу шараларын өткізуде Ерекеңнің еңбегі өте зор дер едім. Себебі, мектепке атын беру жолында қаншама кедергілер (өз қазағымыздың тарапынан) кезіккенін айта кету керек, Исаков, Кирдещов, Мичурин сияқтыларға мектеп аты берілсе, ләм демей, бір қазақтың аты шықса өре түрегеліп, шулай жөнелетін әдетіміз бар емес пе?! Осындай кедергілерге, қиындықтарға қарамай, зейнеткер бола тұра, жемісті жұмыс атқарып жүргені құптарлық жұмыс.
Жалпы, кітапта Ақкөл топырағында туып, ірі тұлғаға айналған ұлылар насихатталған. Айталық, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, қызыл империяның бөлшектеуіне қарсы шығып, сол жолда өзінің жайлы да беделді қызметін құрбан еткен ұлтымыздың ұлы перзенті Жұмабек Ахметұлы Тәшенов жайында да қалам тербеп, тәуелсіз ел топырағында осындай жерлестерміздің еленбей жүргені, дұрыс бағасын алмай жатқаны туралы ойлы талаптарын астарлы баяндайды. Аршалы өңірінің тумасы Жұмекеңе туған ауылының атын берсе екен деген асыл арманын да мақалаларынан айқын аңғаруға болады. Астана-Бурабай автобанынан он бес минуттық жерде Еңбек деген шағын қазақ ауылы бар, кейбіреулер «Трудовой» деп те атайтын бұл киелі топырақты біреу білсе, біреу біле бермейді. Киелі дейтініміз, ол қазіргінің Қабанбайы – Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Қожахметұлы Нұрмағанбаетовтың туған топырағы. Ерекең осы кісі туралы да көптеген деректер жинап, мақалалар жазып, туған ауылына, мектебіне атын беріп, жоғардағы аталған жолдың бойына «Батыр ауылы» осы екен дейтіндей белгі қойылып, насихатталса деген толғақты мәселелер топтамасын ұсынған. Бұл күнде сол мәселелер төңірегінде жұмыс жасап жатқаны да айқын. Бір сөзінде «Жайық Бектұровты насихаттау жұмысы қалыпқа түсті, енді Сағадат Нұрмағанбетовты кеңінен насихаттау жұмысы тұр» дегені бар еді.
Кітапта қаншама қазақ отбасына запыран жұтқызған Ұлы Отан соғысы туралы және онда ерлік көрсеткен телефонист, Брест қамалы қорғаушыларының бірі Бектемір Тоқсанбаевтың өмірі мен ерліктері дәйекті деректермен көрсетіліп, ұрпақ мақтанатын тұлға екені паш етіледі. Жыл өткен сайын соғыс туралы жазбалар да азайып бара жатқаны баршаға аян. Осындай құнды мәліметтер арқылы болашақ ұрпаққа өткеннің өшпес іздерін дәріптеу өте қажет екенін түсіндіргендей Ерекең.
«Елін танытатын ер, Ерін танытатын ел» демей ме атам қазақ. Келесі бөлімде зейнет жасына дейін де, зейнет жасынан кейін де ерінбей еңбек етіп жүрген ұстазымыз Еркін Дәуешұлы жайында Қ.Нұрсадықов, Қ.Сәдғожинова, т.б. жандардың естеліктері баяндалса, кейінгі бөлімде Ерекеңнің бүгінгі күнгі жаны жайсаң азаматтар туралы сыр толғаған жұмыстары, ауданның өмірі туралы мақалалары орын ала келіп, көп жайға қанықтырады. Шіркін, осыны оқитын шенділер болса екен деп армандайсың. Бұл кітаптың тағы бір құндылығы, елдің түйткілді ойы дөп басып айтылған мақалалардың болуы. Мәселен, «Әліппе неден айыпты болды?», «Ұлттық тәрбиенің жетіспей жатқанынан», «Қарттарымызды шеттетпейік», «Салт-дәстүрдің тозығынан арылайық», «Темірдей тәртіп Теміржолдан кеткені ме?». Міне, осындай мақалалары елдің «Кім айтар екен?», «Айтатын адам бар ма өзі?» деп күйзеліп жүрген сан сауалының жауабындай керемет дүние ретінде бағалауға тұрарлық. Өмірінің кейбір өнеге боларлық жәйттерін де ортаға салған автор. Мәселен, «Жиырма сегіз жылдан кейін жеткен сәлемдеме» деген шағын өмірдеректі оқыған адам «Ер жігіттің екі сөйлегені өлгені» деген тұжырымнаманың жанды мысалы екенін бірден түсініп, уәде берудің қаншалықты маңызды екеніне көзі жетеді. Осындай өнегелі оқиғалар кейінгіге жанды тәрбие беретіні даусыз. Оқып отырған менің де санамнан осы «Жиырма сегіз жылдан кейінгі сәлемдеме» кетпей қойды. Әрі бойымдағы уәдеге әлсіздігім ұялтқандай, өзіммен өзім жаңа бір шешімге келгендей болып отырғанымды айта кеткенім жөн шығар.
Әр адам өмірі осылай жазылар болса, керемет дүниелер шығатыны даусыз. Әрине, оның бәрі еңбекпен келетіні белгілі. Күйкі тірліктің құлы болып, күннің өткеніне қуанып, сылдыр сөздің сардары болу екінің бірінде кездесетін бұл қоғамға айтар ой, беретін өнегесі мол деп білемін «Азаматтарымен ажарлы Ақкөлім» кітабының…
Серік НҰРБОЛАТ
Аманкелді негізгі мектебінің директоры, ақын.
Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар