Мәуелі бәйтеректей тамыр жайған

Жолдың шетіне тоқтаған көліктен түсе сала, «әжелеп» жүгірген құлыншақты емірене күтіп алып, құшағына басып жатқан ақ жаулықты ананың қуанышын көрген біз осы көрініске сүйсініп тұрмыз. Бұл бар саналы ғұмырын ауылда еңбек етумен өткізген, жарты ғасыр бие сауып, қымыз піскен Мәрия Ермағамбетова. Шын есімі – Паулина Давыдовна.

Бүгінде іргелі әулеттің сәні мен мәніне айналған ана өткен ғасырдың 40-шы жылдарының басында сталиндік сойқанның салдарынан қазақ жеріне Ресейдің Саратов облысының Поволжье аумағынан күштеп көшірілгендермен келген неміс қызы. Әкесі Давыд Фабер ол кезде дін қызметкері болыпты. Сол уақыттағы дүрбелең кезеңнің сұрқия саясатынан құтыла алмай, «халық жауы» атанып, кейін хабарсыз кеткен.

–Ол кезде саясат тым қатаң болатын. Дінді насихаттауға рұқсат етілмейтін. НКВД-ның адамдары бізді күштеп көшіріп әкелгеннен кейін араға аз уақыт салып, әкемді сол кездегі Казгородоктағы әскери бөлімге алып кетті. Содан хабарсыз қалдық. Ату жазасына кескенін не соғысқа жібергенін білмейміз. Анам Мария екеуіміз осы Кеңащы ауылында қалдық. Мен ол кезде небәрі 9 жаста едім. Менен үлкен әпкем 16 жаста болған соң, оны Еңбек армиясына алып кетіп, ол араға он жыл салып бір-ақ оралды. Анам екеуіміз соғыс жылдары тылда еңбек еттік. Жер жырту, егін егу, оны ору секілді ауыр жұмыстарға жұмылдық. Балалық шақтың не екенін білмеймін, қызығын көре алмай өстік, –деп көз жасына ерік берген әже сол бір кездердегі қысылтаяң сәттерді есіне алды. –Бізді НКВД-ның жандайшаптары адам құрлы көрмейтін, халық жауының отбасы деп басынатын. Бірақ, осы ауылдың тұрғындарының қолдап, жігер беруінің арқасында бойымызға қайрат жинадық. Жылдар жылжып, осы мамыражай күнге де жеттік, қазақтарбізге жылы шыраймен қарап, бағалайтын.

Қыз баласы болса да, түрлі ауыр жұмыстарды істеп, ауылда күн көріп, тіршілік ете беріпті. 19 жасқа келгенде осы Кеңащы ауылында Қабдөш Ермағамбетұлымен танысып, көңілдері жарасып, шаңырақ көтеріпті. Біреулері сырттан «немістің қызы ғой» деп аяқ тартып жатса, қайын атасы «қазақта «жүзі жылыдан түңілме» деген бар, бәріміз де бір адамның баласымыз, адамгершілігі мол болса болғаны. Балаларыма бақыт тіледім» деп, жастарға батасын беріп, қазақы дәстүрмен келін түсіріп, мұсылманша Мәрия деген есім беріпті.  Өмірлік серігі ғұмыр бойы осы ауылда Қамбар атаның төлін баққан атақты жылқышы, қарапайым еңбек адамы болғанын өңір тұрғындары жақсы біледі. Осы еңбегі еленіп, екі мәрте Ленин орденін, түрлі Құрмет грамоталары, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің медальдарын иеленіпті. Сол уақытта Мәрия Давыдовна жастық жігерімен жұбайының қасында жүріп, бие сауып, қымыз дайындап, сабантойларға барып, онда қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлесіп, көмектесіп жүріпті. Сыйластықтары жарасқан бұл жұптың шаңырағы дүниеге сәби келе бастаған кезде одан әрі шырайланып, жылуы артып, шуақтана беріпті. 10 баланы дүниеге әкеліп, тәлім-тәрбие беріп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған сол алтын босағаға бүгінде немере келіндері құт қондырып, шөбере келіндері ырыс себелеуде. Мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жайып, тоқсанның төртеуін еңсеріп отырған Мәрия әжеміз бүгінде 25 немере, 35 шөбере, 3 шөпшек сүйіп, бала-шағасының ортасында шат-шадыман, бақытты күн кешуде. Қабдөш Ермағамбетұлы ұл-қыздарын құтты орындарына қондырған соң, немерелерінің алдының қызығын көрсе де, өкінішке орай, тағдырдың жазуымен 2006 жылы келместің кемесіне аттаныпты.

–Біз апамызды Ақ әже деп атаймыз. Себебі, әжеміздің адам баласына деген көңілі ақ, пейілі кең. Әсіресе, қазаққа деген тілеуқорлығы мен жанашырлығы бір төбе. Өзінің ұлты неміс болса да, қазаққа тұрмысқа шыққанын мақтан етіп, балаларына да келінді қазақтан алуларын міндеттепті. Мен әжеміз неміс дегенде, салт-дәстүрлері қалай болады екен деп ойланып қалғаным рас. Бірақ, көріп, біліскеннен кейін әжеміздің ұлты өзге болғанымен, жүрегі қазақ екенін түсіндім, қуандым. Қашан келсек те, жүзі жарқынанамыздың алдымыздан жайраңдап шығып, маңдайымыздан иіскеп, ақ батасын беріп жататынына көзіміз қуанып, риза боламыз. Шөберелерін көргенде, өзін ұмытып, олармен балаша ойнап, сөйлеген тілін қызықтап, шаттанады. Сондықтан, Кеңащыға соққанда ата-енемізге кіріп-шыққаннан кейін, үлкен үй деп осы әжеміздің құтты шаңырағына тартамыз. Көңілін көтеріп, шүйіркелесіп әңгіме айтып, батасын алып кетуге тырысамыз, – дейді Айнаш есімді немере келіні. – Ақ әжеміздің есте сақтау қабілеті өте жақсы. Балалары түгілі әр немересінің, шөбересінің туған күнін ұмытпайды, хабарласып, құттықтап жатады. Үйіне барған қонағын ешқашан құр қол шығармайды. «Қуыс үйден құр шықпа» деген қазақы ырымдарды ұмытпайды, өте жомарт, мейірімді, қолы ашық жан. Қазір біз де әжеміздің жолын жалғап, үйреткен қазақы салт-дәстүрін өз отбасымызда ұстанамыз. Қонақ ырысымен келеді деп, кім келсе де қуана қарсы аламыз.

Өткен ғасырдың ауыртпалықтарын бір бастарынан өткеріп, қиналса да, ерік-жігері мұқалмай, еңбекпен көгерген осындай адамдар тағдыры қаншама десеңізші. Қазақ жеріне күштеп көшіріліп әкелінген нешеме ұлттың өкілдері осы елдің халқымен сіңісіп, салт-дәстүрін бойларына сіңіріп, осы жердің ұл-қызымен отандасты, қыз алып, қыз берісті, іргелі әулетке айналып, ұрпағын өрбітті. Олардың бірі поляк, бірі неміс, енді бірі ингуш, татар… Осылай кете береді…

1974 жылы Батыр ана атағын алған Паулина Давыдовна Қазақстанды бүгінде бақыт мекені, қасиетті де киелі Отаны санайды. Халқымыздың татулығы мен достығына, сыйластығы мен тілеулестігіне дән риза еңбек ардагері барша қазақстандықтардың бірлігі бекем, ынтымағы мығым болсын деп тілейді.

Ы.ШАМШИЕВА.

Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар