Чернобыль апатының құрбандары еске алынды

1986 жылы Чернобыль атом электр станциясында апатты жарылыс болып, дүйім жұртқа қауіп төндіретін экологиялық қатер орын алды. Кеңес Одағы тарихында қаралы күн болып қалған осы оқиғаның салдары көптеген адамның тағдырын өзгертіп, ұмытылмастай із қалдырды.

Осыдан 38 жыл бұрын, яғни, 1986 жылдың көктемінде Украинаның Чернобыль қаласындағы атом электр станциясының төртінші блогы жарылды. Жойқын апаттың салдарынан Украинаның және Ресейдің Брянск пен Калуга облыстарының аумағы радиоактивтік ластануға ұшырап, адамзат өміріне үлкен қауіп төнді. Сол себепті АЭС-тен радиусы шамамен 30 шақырым жерде тұратын ел-жұрт басқа жерлерге көшірілді. 1986 жылдың қараша айына дейін апатқа ұшыраған блок залалсыздандырылып, оғашталған болатын. Мәліметтерге сүйенсек, радиоактивті түтін аймақтан асып, оннан аса мемлекеттің 145 мың шаршы шақырым жерін ластады, кем дегенде 5 миллион халық зардап шекті.

Апатты залалсыздандыру жолында мыңдаған сарбаз Отан алдындағы борыштарын атқарды. Қоршаған ортаға, тұрғындар мен құтқарушылардың денсаулығына орасан зиян тигізген апаттың зардабын жоюға Қазақстан азаматтары да тартылды. Чернобыль атом электр станциясындағы құтқару жұмыстарына елімізден 32 мыңнан астам адам қатысқан. Содан бері қаншама уақыт өтсе де, Чернобыль апатының жүректерге салған жарасы жазылған жоқ.

Қаламыздағы «Тағзым» алаңы аумағында Чернобыль апатының аяқталғанына 38 жыл толуына орай, апат салдарын жоюға қатысқан азаматтарды еске алу шарасы өтті.Аталмыш жиын апатта құрбан болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алу рәсімімен басталды. Шарада Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Даниярбек Нұрсейітов және облыстық «Чернобыль ардагерлерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Жетеров, Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанындағы қалалық емхананың бас дәрігері, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Ғалия Сабатаева сөз алып,  ардагерлерге ізгі лебіздерін білдіріп, амандық, дендеріне саулық тіледі.

Даниярбек НұрсейітовЧернобыль апатына байланысты статистикалық деректерді келтірді. Оның айтуынша, атом электр стансасындағы апат зардаптарын жоюға Ақмола облысынан 400-дей, Көкшетау қаласынан жүзге жуық адам қатысыпты.

–Бүгін адамзат тарихындағы ең үлкен техногендік Чернобыль апатының орын алғанына 38 жыл толып отыр. Бұл жарылыс адамзат баласына орасан зор залал келтірді. Біз жерлестеріміздің ерлік істерін әрқашанда өскелең ұрпаққа үлгі етіп отырамыз. Сонымен қатар, облыстық, қалалық әкімдіктерге, жергілікті емхана басшылары Ғалия Зиябекқызы, Жұлдыз Жанайқызына, медбикелерге айтар алғысымыз шексіз. Бұл кісілер бізді әрқашан қолдап, көмек көрсетіп тұрады. Осы ескерткіштің жанында аллея саламыз деген ойымыз бар. Арманымызға жетсек, нұр үстіне нұр болар еді. Құрметті чернобыльдық ардагерлер, сіздерге және сіздердің жақындарыңызға мықты денсаулық, бақыт, амандық, Отанымыз – Қазақстан Республикасының дамып, өркендеуі үшін жасап жатқан еңбектеріңізге табыс тілеймін. Осынау азабы ауыр апаттан құтқарушылардың ерлігі ұрпақ жадында мәңгі сақталары хақ. Еліміз тыныш, басымыз аман болсын, –деді өз сөзінде «Ақмола облысы Чернобыль ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Жетеров.

Іс-шара барысында Ақмола облысы әкімі орынбасарының, Көкшетау қаласы әкімінің атынан Чернобыль апатынан зардап шеккен ардагерлердің емделуіне үлес қосқан бір топ дәрігерлер мен медбикелерге Алғыс хаттар тапсырылды. Шара соңында Чернобыль апаты құрбандарына арналған ескерткіш-белгіге гүл шоқтары қойылып, тағзым етілді.

Салтанат ДОСЕТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар