Кешқұрым уақыт. Қоғамдық көлікте келе жатырмын. Бір кезде автобустың терезесіне ілінген тақтайшаға көзім түсті.
Онда қара, қызыл түстермен ап-анық етіліп автобустың жүретін бағыттары жазылыпты. Әлгіні оқып, қарадай ызам келді. Аядай ғана тақтайшада жазылған шамамен он алтыдай аялдаманың жартысынан астамы қазақ тілінде қате жазылған. Мұны көргенімде көкейге «Шіркін-ай,мемлекеттік тілімізді бұлайша қорлау қашан тоқтатылады, қашан ана тілімізді мазақ етуді қояр екенбіз?» деген ой келді.
«Сұнқар» емес «Сұңқар», «Ңан» емес «нан», «Ауэльбеков» емес «Әуелбеков», «Ташенов» емес «Тәшенов», сол сияқты тағы бірнеше сөздің қазақша қалай жазылатынын түсіну соншалықты қиын ба? Көпшілік оқитын жарнамаларды, осындай аялдама, көше атауларын жазғанда «Мына сөздер мемлекеттік тілде дұрыс жазылды ма екен?» деп бір сәтке ойланып, тіл мамандарының көмегіне жүгінуге болады ғой. Жоқ, бізде бәрі керісінше болып жатады. Апарамыз да, «не болса, о болсын» дегендей, шала-жансар жарнамаларды, мемлекеттік тілде жазылған сөйлемдерінде қатесі бар басқа да билборд, көрнекіліктерді апарып іле саламыз.
Ана тіліміздің мәселесі бүгін ғана емес, бұрыннан бері айтылып келе жатыр. Ономастикалық комиссияның араласуымен бір жерде жарнамалар, көше атаулары түзетіліп жатса, артынша тағы сонша қате қайтадан шығып жатады. Мәселен, өткен жылы облыс орталығында Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің араласуымен халық көп шоғырланған жерлерде көрнекілікке қатысты 800 қате анықталып, 352-сі заң талаптарына сәйкес қайта түзетілген. Ал, биылғы жылдың екінші тоқсаны бойынша 575 қате анықталып, түзету шаралары жүргізіліп жатқан көрінеді. Бұл масқаралық тоқтатылатын, көшелерден мемлекеттік тілде сауатты жазылған көрнекіліктерді көретін күн бар ма екен, шіркін? Азаматтарымыздың қазақ тілінде сауатсыз жазатыны, тілді білмейтіндігі ақыр аяғында мемлекеттік тіліміздің мәртебесіне, оның мемлекеттік тіл ретінде қадірленбей келе жатқандығы жайлы әңгімеге келіп саяды ғой.
Көптеген ғалымдар елімізде латын әліпбиі қолданысқа енгізілгеннен кейін қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебесі артады, басы артық сөздерден арыламыз деп болжам жасауда. Қаншама жылдан бері өз елінде, өз халқының арасында өгейдің күйін кешіп келе жатқан тіліміз еліміз жаңа әліпбиге көшкеннен кейін жанданып, тіл ғалымдары айтқандай мәртебесі артса жақсы болар еді.
Латын әліпбиінің соңғы нұсқасы бекітілгеннен кейін облыс орталығының, аудандары мен қалаларының көшелерінде, ғимараттардың сыртында қазақша жарнамалар, көрнекіліктер латын графикасымен беріле бастағанын көріп жүрміз. Бұл әрине, құптарлық іс. Халықтың латын әліпбиіне көшуге ықыласы мол екендігі байқалады. Осы қалпымыздан таймайық.
Жазушы Ғ. Мүсірепов айтып өткендей, ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана оны аяққа басады.
Сол күні қоғамдық көлікте келе жатқанымда қазақ тілінің көсегесін көгертудегі ендігі бар үмітім латын әліпбиі секілді болып көрінді. Бар тілегім, ана тілімізге жаңа тыныс беретін жаңа әліпбиге көшкенде мұндай олқылықтар орын алмаса екен.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.